ҚазҰУ оқытушысы: Гранттардың бөлінуін Бас прокуратура тексеру керек
2017 ж. 15 тамыз
3937
2
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне қарасты "Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасына" құжат тапсырған бірде-бір түлек мемлекеттік грантқа түспеген. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталына аталмыш кафедраның аға оқытушысы, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі Бейсен Серікбай хабарлады.
- Мына қызықты қараңыз, дизайн мамандығына 10 тамыз күні 16 грант бөлінгені туралы тізім жарық көрген болатын. Енді бүгінгі яғни, 14 тамыздағы тізімнен 25 талапкерді көріп отырмыз. Сонда қалай грант саны аяқ астынан көбейіп кеткен бе? Екінші тізімде бірінщідегі 16-ның 7-еуін алып тастаған, қалған 9-ға жаңадан 16 қосылған. Бұл 16 адамның соншама жоғары нәтижелермен қайдан қосылғанына аң- таңбыз. Енді ең қызығы осы екі тізімде де ТМД-да 2-ші, Қазақстанда көшбасында тұрған әл Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетіне қарасты Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасына құжат тапсырып, шығармашылық емтихандардан жоғары нәтиже көрсеткен бірде-бір түлекті көре алмай отырмыз. Мысалы: Менің білетінім Гурленбаева Динара Нысанғалиқызы - 118 балл, Жарылқасын Қаныш, Нұржанова Сабина - 116 балл жинаған еді. ҚазҰУ дизайн бөліміне жиыны 16 үміткер тапсырған. Осындай өнерлі жастардың жолын балл ашып кесіп тастау нағыз қиянат. Дизайн мамандығы бойынша бақандай 10 гранты Гумилев атындағы ЕҰУ иеленіпті. Сонда ҚазҰУ-не дарынсыз, ЕҰУ-не бірыңғай үздік оқушылар жиналған ба? Бұл құбылыс биыл ғана емес жылда осылай. Кейіннен қосылған 16 талапкердің шығармашылық емтихан тапсырғанына күмән бар. Сондықтан бір шикіліктің барына көз жеткізу керек сияқты. Мұнымен тек бас прокуратура айналыспаса жабылған қазан болып қалып қоюы ғажап емес, - деді ол портал тілшісіне.
Сонда бұл жағдайды қалай түсінеміз? Бұған Білім министрі Сағадиев жауап бере ме, әлде, ҚазҰУ ректоры Мұтанов жауап бере ме? ҚазҰУ оқуды армандап, сол оқу орынына құжат тапсырған түлектердің обалы кімге? Грант тізімі шыққалы бері Білім министрлігі тағы да даудан арылмай келе жатыр. Кафедра оқытушысы жазған мәлімдеге орай министрлік тарапынан бір жауап болады деп сенеміз.
Алтай Сағидолда, Қазақ үні