Ши Жинпиң ұстанымы өзге ұлттарды жою саясатына айналып барады
2017 ж. 08 тамыз
5164
2
ҚХР Президенті Ши Жинпиң (қазақша осылай жазылатын атты орысша Си Цзиньпин деп жазғандарға таң қалмау мүмкін емес) 2013 жылды Астана сапары кезінде Азия мен Еуропа арасындағы тарихи сауда жолы “Жібек жолын” жаңғырту жөніндегі “бір белдеу – бір жол” жобасын әлемге паш еткен еді. Бұл - Қытаймен Орталық Азия, Ресей, Еуропа мен Африканы байланыстыратын, яғни 60 мемлекетті, 4,5 миллиард адамды қамтитын ірі жоба. Осы елдердің жалпы эконамикалық әлеуеті 21 триллион доллар көлемінде.
Кейбір мамандар ХХІ ғасырдың ең ірі даму жобасы деп жоғары бағалаған бұл идея бұрынғы Жібек жолы бойындағы бүкіл елдерді елең еткізді. Осы орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та өз тарапынан қолдау білдіргені белгілі.
Алайда Қытайдағы қазақтардың тіліне, дініне тіпті ата мекенімен байланыстарына қысым жасалып жатқаны жөнінде соңғы уақыттары жиілеп кеткен хабарлар бұл жоба туралы толқу-тебреністерді су сепкендей сөндіріп жатқан сыңайлы. Мұндай ақпараттар Ши Жинпиңнің саясаты “бір белдеу - бір жол” емес, өзге ұлттарды белден басып жою саясатына айналып кетпей ме?” деген күдікті ойларды туғыза бастады. Қазір өзінің стратегиялық әріптесі және “бір белдеу - бір жол” жобасының ең маңызды серіктесі Қазақстанмен байланыс орнатқан өзінің этникалық қазақ азаматтарына жеңілдік көрсетіп қолдаудың орнына қысым жасап кедергілік келтіріп отырғаны айтылуда. Тіпті газеттер Қазақстанға көшіп келген Қытай қазақтарының сол елде қалған таныс-туыстарының және Қазақстан азаматтығын алып қайта барған этникалық қазақтардың “саяси тәрбие” науқанынан қысым көріп, “қамауға алынып жатқанын” алға тартуда.
Сонымен қатар 4 қала, 24 аудан 150-ге тарта ауылы бар Іле Қазақ автономиялы облысындағы 1 млн 600 мың қазаққа 2000 жылға дейін ерекше құрметпен қарайтын Қытай үкіметі соңғы жылдары тырнағын батырып дінінен бездіріп, тілінен айырып қытайластыруға күш жұмсағаны аталып өтілуде. Атап айтқанда ондағы 1000-ға тарта қазақ тілді мектептер жабылып қытай тілді мектептерге қосылып жіберілген. Жоғары оқу бітірген қазақтың ұл мен қыздарына жұмыс туған қалаларынан емес, қытайласуларына жағдай жасау үшін Қытайдың ішкі қалаларынан ұсынылуда. Олардың этникалық қытайлармен үйленуіне ыңғайлы жағдай жасалуда. Сонымен бірге қазақтардың мұсылманшылық ғибадаттарын орындауына да тиым-шектер күн сайын үдеп барады. Мұсылманшылықтың негізгі парыздары намаз оқуға, ораза ұстауға, мешітке баруға тыйым салынуда. Тіпті 19 жастағы бір студент қыздың ұялы телефонынан Құран табылғаны үшін тұтқындалғаны айтылуда.
Қытай жергілікті басқару орындары осындай өрескел шараларына лаңкестік пен діни әсірешілдікке қарсы күресті желеу етуде. Рас осындай күресті тек Қытай емес, бүкіл әлем елдері, тіпті мұсылман елдері де жүргізуде. Бірақ оның жолы бүкілдей мұсылмандық ғибадаттарға тиым салу емес. Діни әсірешілдік пен қарапайым адамның дәстүрлі мұсылманшылығын айыра білу керек. Егер Қытайда мұны ажырата алатын мамандар жоқ болса, онда мұсылман елдерден көмек сұрауы қажет. Әйтпесе бұл қазақтарды қасақана дінінен бездіру шарасы ретінде Қазақстанда да, өзге мұсылман елдерінде де теріс бағаланбақ. Сонда бұл жалпы халық саны 1,5 миллиардтан асатын әлем мұсылмандарының да, дін бостандығын адами қақ-құқықтар деп білетін өзге халықтардың да наразалығын тудырмай қоймайды.
Қытай үкіметі Жібек жолы заманымыздан бұрынғы 2-3 ғасырлардан басталып заманымыздың 16-17 ғасырларына дейін жалғасқанын, бұл жоба жолының тек тауар алмасуын қамтамасыз етуден ғана емес, сонымен қатар рухани қажеттіліктен де туындағанын ескергені жөн. Бұрынғы Жібек жолы Шығыс өркениетінің Батысқа, Батыс өркениетінің Шығысқа таралуына мүмкіндік беріп адамзаттың бүгінгі даму деңгейіне жетуіне негіз болған. Әлем халықтары әртүрлі діни, әдеби, мәдени және саяси ойларын еркін алмасып ғылым мен мәдениетте үлкен жетістіктерге қол жеткізген.
Негізінде сауда-саттық еркіндікті сүйеді. Еркіндік, сенім және әділеттілік болмаған жерде даму да болмайды, шаруашылық та гүлденбейді. Бүгін әлемнің бірінші орындағы экономикалық елі АҚШ соңғы уақыттарға дейін еркіндіктер және мүмкіншіліктер елі деген атаққа ие болып келген еді. Енді оның орнына бірінші ел болуды армандап отырған Қытай елі рас экономикалық тұрғыдан одан озу әлеуеті болғанымен рухани және мәдени жақтан одан әлдеқайда артта тұрғаны байқалып отыр. Құстың екі қанаты болғанындай, тарихи Жібек жолының да материалдық және рухани екі қанатымен дерлік екі мың жыл адамзат игілігіне қызмет істегенін ескеріп Қытай үкіметінің адами құндылықтарды күшейтуге мән бергені дұрыс болар еді. Әйтпесе оның “бір белдеу - бір жол” атты жобасынын көздеген мақсатқа жетпей сәтсіздікке ұшырауы ғажап емес.
Қорыта айтқанда, бүгінгі техника мен ғылыми дамудың шарықтау шегіне жеткен жаһандану кезінде ешбір ел өзіндегі азшылықта қалып отырған ұлттардың тілін, дінін және мәдениетін жабайы өктем жолдармен жоя алмайды. Қытай да қанша қысым жасаса да өзіндегі этникалық қазақтарды ұлттық болмысынан ажырата алмақ емес. Қайта өзінің бес мың жылдық тарихында алғаш рет жаһандық бір жобаға жетекшілік етуіне мүмкіндік берген “бір белдеу - бір жол” бастамасының сәтсіздікке ұшырап құлдыруына себеп болады. Сондықтан өзіндегі ұйғыр, қазақ, дүңген сынды мұсылман және өзге азшылықтардың адами қақ-құқықтарын құрметтеуі керек. Бұл құрмет ең алдымен ұлы Жібек жолын жаңғыртуға басталған игі жобаның баянды келешегін қамтамассыз ететінін ескертеміз.
Әбдіуақап Қара, тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры
Abai.kz