Жолымызды алған өзбектер, тұтас жерімізді алып жүрмесін
2017 ж. 07 тамыз
6787
12
Зинһар, сіздерден бір сұрайтыным бар еді. Хакім Абай бір қара сөзін осылай бастайды. Ұлы ақынның жасынан асқанда менің де бір сауалым бар еді сіздерге. Төмендегі сөзімді шыдап оқып, пікір білдіріңіздерші. Осы мен қазақпын. Қазақ болғанда бес миллион екі жүз мың гектар жері өзбекке кеткен Мырзашөлдің қарабет қазағымын. Сондықтан, жер дауы мен үшін ашық жатқан электр сымындай əсер етеді. Жақында теледидардан көрсетті, бұрынғы Славянка, қазіргі Мырзакент пен Жетісай аралығындағы Ташкенттен Жызаққа тартатын, əрі қарай Самарқан асатын бетонка трасса ашылды. Шөп шығып кеткен бетонкада қазақ билеп, өзбек күліп, достық туралы айқайлап өлең айтты. Болашақ Жібек Жолы екен. Қазақ оңбай ұтылды, тұтылды. Өзбек Жетісайды да алғысы кеп бір жұтынды. Енді осы ойымды түсіндіріп көрейін. Бізде жер бойынша солқылдақ, жалпақшешей саясат бар. Көлеңкесі үлкен біреулер қазақты таптап, осыны пайдаланады. Ұмытып қалғандардың есіне салайын: Шардара ГЭС, Арнасай совхозы, Амангелді (Р.Əлқожаның ауылы), Жексенбай шабандоздың жайлауы, Қоғалы совхозы, Мақталы кеңшарының бір шеті жəне менің атам Оразгелдінің мешіті тұрған жерлер өзбекке берілді. Олар осы жерлер арқылы өтетін Шардараға баратын күре жолды жапты. Тікенек сымын, алабағанын, мақталық жер актісі бар Асықата ауданы азаматтарының жеріне сұғына орнатты. Камаз түгілі есек арбаңды Шардараға өткізбейді. Жетісайдан сідік шаптырым Шардараға бару үшін, Келес арқылы Абай селосына жете берісте Ғ.Мұратбаев совхозынан солға бұрылып, Шардараға Шымкент жақтан келесіз. Шардараға жеткен соң қатты қақырсаң Жетісайға естіледі.Ортада Шардара теңізі. Айналма жол емес, аңқау қазақтың аузын айға қаратқан жол. Шардараның иығындағы Сырдария көпірінен өткен соң көлбеп жатқан, Оразгелді мазаратына осы айналма жолмен мүрдеңді апарасың. Мұны неге созбақтап айтып отырмын? Талтаңдаған комиссиялар өзбек, қазақ жағынан, Амангелді кеңшарының атырабын көргенде, қазақ жағына өзбек жағы «бетонканы ала қойыңдар» деді. Бағана мен сөздің басында айтқан, ашылған жолды айтып отырмын. Ендеше, бетонканы қайтіп өзбек өтініш қылып ашса, қазақ қуанып берсе, баяғы айырбас жол, Шардараға баратын Амангелді жақты, басқаша айтқанда Шардара ГЭС көпіріндегі жолды өзбектер ашуы керек емес пе? Соны айтатын бір қазақ табылмады ма? Жетісайдың жеті жасар баласы білетін осы шындықты, жер бергіш, жол ашқыштар түсінбей қалды ма? "Жооқ, Əбдіғаппар, сенде бір гəп бар". Жарайды, Қытайдан шыққан Жібек жолы бетонкамен өтеді деп, жоғарыдағылар біледі ғой деп, мені саяси қателікке ұрынған адам қыла қойыңдар. Енді өзбек не істейді? Бетонканың екі бетін Қазақстанның өзі келісті деп,мақталық алқаптарға қарай сұғына кіріп, Жызаққа дейін, тор сыммен қоршап, күзет қояды. Жетісайдан Мырзакентке, баяғы сідік шаптырым жерге, өз жеріңе, өз жолыңа ақы төлеп өтесің. Байқоңырдағы Қазақстан елшілігінің жері Ресейге қарайтыны сияқты, бетонка да өзбек заңымен жүреді. Ол жерде қазақ солдаты тұрмайды, тұрғызбайды. Мырзакент тұзаққа түсті, себебі, ар жағы Сырдария Жызақ облысы. Үш аудан біріккелі ол жер тозып жатыр. Өзбектер оны гүлдендіреміз деп сұрайтынына, қазақ басшыларының оны беретініне басыңдағы шашыңдай сене бер.
Енді аңыз айтайын. Қожанасыр байдан қазан сұрапты. Бай қиналып беріпті. Бір аптадан соң, ішіне кішкентай қазан салып əкеліпті. Бай бұл не? десе, «қазаныңыз туды» депті. Бай қуанып алыпты. Келесі жолы Қожанасыр қазан сұраса, бай «ала бер, ала бер» депті. Айлар өтіп қазан қайтпапты. Бай сұраса, «қазаныңыз қайтыс болды» депті. «Қазан өлуші ме еді?» депті бай. «Туған қазан өлмей ме екен» депті сонда Қожансыр. Бізде – Қожанасыр, өзбекте – Насреддин əпенді. Біз Қожекеңе күлеміз, ал өзбектер Қожекеңнің дана əдісін, қазан ауыстыру əдісін шебер қолданады. Əңгімемнің жалғасы бар. Зинһар, сауалыма жауап беріңдерші. Абай-лай-ық-шы...
Мылтықбай Ерімбетов,
Қазақ үні