Ленин ескерткішіне қаржы бөлінбейді, саябақ жөнделеді

   

Жазылған жайдың жаңғырығы

Әлеуметтік желілер мен 365инфо.кз сайтындағы «Шымкент әкімдігі Ленин ескерткішін жөндегелі жүр» деген хабарға байланысты кеше «Қазақ үні» ұлттық порталында «ШЫМКЕНТТЕ ЛЕНИННІҢ ЕМЕС, ӘЛИХАННЫҢ ЕСКЕРТКІШІ ТҰРУЫ КЕРЕК!» атты мақала жарық көрген болатын. Онда біз Ленин ескерткішінің қайта тұрғызылуына қарсылық танытып, былтыр Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға 150 жыл толғанын, биыл Алаш қозғалысының 100 жылдығы екенін әкімдердің есіне сала отырып, Алаш арыстарына ескерткіш салуды ұсынған едік. Бұл мақала әлеуметтік желіде ел назарын қатты аударып, өткір талқылауға өзек болғаны белгілі. Осыған байланысты бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қ.Нұртайдың редакциямызға жолдаған жауабы келді. Онда Ленин ескерткішін жөндеуге бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбегендігін мәлімдеген қала әкімінің орынбасары Алаш арыстарына ескерткіш орнату мәселесі бойынша сұраққа ләм-лим демепті. Біз редакцияға жылдам жауап берген қала әкімшілігіне рахмет айта отырып, Алаш арыстарын ұлықтау мәселесіне жауап күтетінімізді ескертеміз.

«Қазақ үні» республикалық  қоғамдық-саяси

апталық газетінің президенті –

редакторлар кеңесінің төрағасы

Қ.Исаға

Құрметті Қазыбек мырза! Сіздің «Шымкентте Лениннің емес, Әлиханның ескерткіші тұруы керек!» тақырыбындағы мақалаңыздағы мәліметтің жалған екендігін хабарлай отырып, анық ақпаратты назарыңызға жеткіземіз. Әлеуметтік желіде «Шымкент қаласында Лениннің ескерткішін қалпына келтіруге 102 млн. теңге қаржы бюджеттен бөлінді» деген хабарлама шындыққа жанаспайды. Бүгінде қаладағы «Металлург» саябағы қайта жөндеуден өте бастады. Негізінен қаржы саябақты абаттандыру жұмыстарына бағытталған. Саябақтағы Ленин ескерткішін жөндеуге бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Бөлінген қаржыға ескі саябақ аумағында суару жүйелерін іске қосу, орындықтар мен арнайы қоқыс жәшіктерін орнату, газон төсеу, жасыл желектер отырғызу жұмыстары жоспарланған. Оған қоса күз айында ағаш көшеттері отырғызылып, серуендеуге арналған жолаяқтар төселеді. Сондай-ақ, бақтағы жарықтандыру жаңартылып, заманауи жаңа субұрқақ пайда болады. «Металлург» саябағын абаттандыру жұмыстары ағымдағы жылы көктемде бастау алып, қазан айының соңына дейін толық жөндеуден өтіп, тұрғындар игілігіне берілмек. Осыған орай, Сізден жоғарыда аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып «Қазақ үні» газеті мен әлеуметтік желі парақшаңызда халыққа дұрыс ақпаратты жеткізу мақсатында көрсетілген мәліметтің жариялануына ықпал етуіңізді сұраймыз.   Құрметпен, қала әкімінің орынбасары        Қ.Нұртай 07.08.2017ж. № 5/23 4406