Астана әкімі Әсет Исекешовтің қоғамдық көлікпен жүру туралы тапсырмасын оның қарамағындағы шенеуніктер орындап жатыр. Алайда, оның орындалуын жұртшылық әртүрлі бағалауда. Әсіресе, автобусқа мініп, суреттерін әлеуметтік желіде жариялаған шенеуніктер қатаң сынға ұшырады. Бұл туралы baq.kz хабарлайды.
Исекешевтің қоғамдық көлікпен жүру бастамасын халық "КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ" деп атады
2017 ж. 01 тамыз
2849
6
Шенеуніктің билетіндегі сағат
Қала әкімінің тапсырмасынан кейін бірінші көзге түскен Білім беру басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Әнуар Жанғозин болды. Ол автобустың ішінде селфи жасап, суретін Facebook-те жариялады. Және бала кезінде, студент шағында талай рет автобуспен жүргенін, ол кезде көрген қиындықтарды ұмытпағанын айтып пост жазды. «Қысылу, ұрыс-керіс, кондуктордың шаршаңқы түрі мәңгі есімде қалды» дей келе ол бастығының бүгін жасап жатқан шаруаларына жоғары баға берді. Ол тек тапсырманың дереу орындала бастағанын көрсеткісі келген болуы мүмкін. Алайда, жұртшылықтың қабылдауы әрқалай болды.
Дұрыс екен, бастамасы жақсы, қолдаймыз, шенеуніктер осылайша өзінен бастауы керек деген тәрізді пікірлер жазылды. Бірақ ащы сындар да жеткілікті айтылды. Жанғозинді күйдірген нәрсе, билеттің суретін қоса жариялауы болды. Ол сірә билетте оның қаншада алынғаны жазулы тұратынын білмеген сияқты. «Сағат 6:26-да кондиционері бар бос экпресте жүрген әрине жақсы. Неге кәдімгі қоғамдық көлікке 18:30 бен 19:30 аралығында мінбеске? Сонда қоғамдық көлікке қатысты ахуалды объективті түрде бағалауға болар еді» деді алғаш пікір жазғандардың бірі Kosta Nam. «Халық қайда? Автобуста 2 екі адам бар біреуі шенеунік біреуі шопыр ))) Өлтіресіңдер сендер бар ғой, честное слово )))» деп түйреп кетті енді бірі.
"Мен күніне бірнеше рет автобуспен жүрем. Маған осы ыңғайлы. Бірақ суретке түсу және автобуспен жүруді ерлік санау еш ойыма келмеген екен". Бұл Yeltay Daulenov-тің пікірі.
Қолдау білдіргендер де болды дедік. «Ануар Канатулы, жарайсыз! Асет Орентайулынын усынысын бiрден кабылдап, орындаудасыз! Менiм ойымша, тангы сагат 6:26 автобус колiгiмен жетiп калуы, жумыс орнында кун сайын ерте болуы орынды! Ашуларынызды басыныздар, неготивтi козкарастарынызды асырманыздар, Ануар Канатулы, баскаларына улгi тутар кызметкер, деп есептеймiн!!!» депті мысалы Мадина Ажкенова есімді қолданушы.
Шенеуніктің қолындағы сағат
Жанғозиннен кейін автобусқа отырған шенеунік Жастар саясаты жөніндегі басқарма жетекшісі Асхат Оралов болды. Тапсырманы орындауға кіріскен екінші шенеунік осы кісі ме ол жағын білмейміз. Бірақ автобуста селфи жасап оны Facebook-те жариялаған осы атқамінер деп сенімді айтуға болады. «Барлық қалаларда, соның ішінде біздің астанада жастар негізгі қоғамдық көлік ретінде автобусты пайдаланады. Сондықтан жастар біздің әкімнің бастамасын қолдайды» деп жастар атынан пікір жазды Оралов. Бұл жолы автобус билетінің суреті жарияланбағаны себепті оның сағат қаншада автобуспен кетіп бара жатқанын білу қиын еді.
Бірақ Оралов та таяқты Жанғозиннен аз жеген жоқ. Оны сынаушылар да автобус ішіндегі адамдардың аздығын айтты. «Бұл не показуха? Автобуспен жүрдім деп мақтанып бүкіл елге жар салғанша, тапсырманы үндемей орындау керек» деген пікір қалдырды интернет-басылымдардың бірінде жарияланған ақпаратқа пікір жазушылардың бірі. «Шенеуніктерге бұл көңіл көтеретін нәрсе болған ба, бәрі селфи жасайды. Есеп беру үшін бос автобуспен қыдырмай, адам көп кезде жүру керек. Сол кезде қысылып тұрып кондуктормен селфи жасап көріңізші)» деді Roza деген атпен пікір қалдырған оқырман.
«Шенеуніктер сендер мына істеріңмен қарапайым халықтың тұрмысын мазақ етіп жүрсіңдер. Науқан өткен соң автокөліктеріңе қайта отырасыңдар, ал халық автобуста қалған күйі қалады. Селфи сендерге қызық па, әлде галочка үшін бе?» дейді тағы бірі.
Жанғозиннің қателігі билеттің суреті болса, Ораловты күйдірген қолындағы сағаты болды. «Сағатын шеше тұруы керек еді. Қымбат сағат қой анау», «Бәрі бір-бір рет мінеді болды. Одан да тыраштанбағаны дұрыс еді. Әсіресе анандай сағатпен» деп мысқылдады оқырмандар.
Көп ұзамай Асхат Оралов ол сурет пен жазбаны парақшасынан алып тастады.
Автобуста кездейсоқ көзге түскен әкім орынбасары
Әсет Исекешовтің тапсырмасын орындап жүрген тағы бір шенеуніктің суреті интернетте кеше пайда болды. Бұл жолы жұрт назарына қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун ілікті. Ол селфи жасамаған. Әлеуметтік желіде сурет те, пост та жарияламаған. Біз тіпті Хорошунның Facebook-те аккаунты бар екенін де білмейміз. Оның автобуспен кетіп бара жатқан суретін «Қазақпарат» Игорь Мосунов есімді журналистің әлеуметтік желідегі парақшасынан алып жариялады. Бұл сурет кездейсоқ түсірілген сурет пе, әлде осылай ұйымдастырылды ма ол жағы беймәлім.
Сонымен бүгінге дейін астаналық үш шенеунік қоғамдық көлікпен жүру жөніндегі тапсырманы орындап жатқандарын әкімге де, қалың жұртшылыққа да көрсетті. Ертеңдері әлеуметтік желіден басқа да астаналық лауазымды тұлғалардың автобустағы суреттерін көріп қалуымыз мүмкін. Егер Астана әкімі Исекешов мұндай «показухамен» тапсырманы мазаққа айналдыруды тоқтатуды талап етпеген болса.
Исекешов қоғамдық көлікпен жүруді кімдерден талап етті
Астана әкімі Исекешовтің 27 шілдедегі тапсырмасы төмендегі лауазымдарға қатысты.
- Қала әкімі, қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары аптасына бірнеше рет қоғамдық көлікті пайдалануы тиіс;
- Қала әкімдігінің басқарма басшылары, қалалық мекемелер мен құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері күніне бір рет қоғамдық көлікпен жүруі керек.