Қазақ жазушысының кітабын оқыған студент Қытайда тұтқындалды
2017 ж. 31 шілде
3406
1
С.Аманжолов атындағы ШҚО мемлекеттік университетінің түлегі Аққу Еренбек Қытайда тұтқындалды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі rfa.org-қа сілтеме жасап.
Мәліметтерге сүйенсек, 19 жастағы студент қыз ұялы телефонынан Құран және «Қылмыс» романы табылғаны үшін тұтқындалған. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі Аққу Еренбек жаздық демалыста Қытайдағы үйіне қайтар жолда Майқапшағай-Жеменей шекарасында Қытай Қауіпсіздік қызметкерлері жағынан тұтқындалған.
Осыған орай ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Tengrinews.kz тілшісіне дипломаттардың БАҚ-тарда жарияланған мәліметтерді тексеріп жатқанын хабарлады.
"Біз бұл мәліметті тексеріп жатырмыз. Дәл қазір БАҚ-тарда есімі көрсетілген қыздың туыстары не қыздың өзі Сыртқы істер министрлігіне, Бейжіңдегі Қазақстан елшілігіне, ҚР СІМ паспорттық-визалық қызметіне немесе Үрімшіге хабарласпағанын айта аламын. Алдын ала мәлімет бойынша, Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданының сыртқы істер басқармасындағыларда да қазақстандық студент қызға қатысты ешқандай мәлімет жоқ. Қыздың туыстарынан хабар келіп түссе, біз тексеріс жүргіземіз. Бірақ дәл қазір бізде қазақстандық студент қызға қатысты қандай да бір мәліметтер немесе оның ұсталғаны жайлы мәлімет жоқ", - деді Әнуар Жайнақов.
Айта кетейік, «Қылмыс» романы - Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жағынан баспадан шыққан. Авторы - Қытайда 40 жыл түрмеде отырған қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы.