«Оралман» фильмі «Еуразия» кинофестивалінің Гран-приін иеленді
2017 ж. 29 шілде
3215
2
Режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» толықметражды көркем фильмі ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Гран-приін иеленді. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген бұл картина кинофестивальдің негізгі бағдарламасына қатысқан жалғыз отандық туынды.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.– «Еуразия» кинофестивалі еліміздегі ғана емес, жалпы Орталық Азия қаумағындағы ең үлкен киноалаң. Сондықтан да бұл кинофестивальдің ең басты жүлдесін жеңіп алу мен үшін абырой. Осы орайда түсірілім тобын жеңісімізбен құттықтағым келіп отыр, өйткені, олар болмаса мен бұл жүлдені ұтып алмас едім – деді Сәбит Құрманбеков.
«Оралман» фильмі туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.
Негізі 1998 жылы қаланған Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі Орталық Азиядағы ең үлкен кинофорум болып табылады. Биылғы жылы фестиваль аясында барлық конкурстық және конкурстан тыс бағдарламаларға қатысқан толықметрлі және қысқаметрлі, авторлық және жанрлық фильмдердің рекордтық көрсеткіші - 296 картина көрсетілді. Негізгі конкурстық бағдарламада 13 толықметрлі және қысқаметрлі фильмдер конкурсында 30 картина қатысты. Ал фестивальге 200 ден астам қонақ шақырылды. Олардың қатарында Николас Кейдж, Эдриен Броуди және Джон Малкович бар.
Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың сәуір айында Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, Бас жүлдені - "Азияның үздік фильмі" жүлдесін жеңіп алды.
Фильм ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қызыл әскердің жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ отбасы туралы. Бас кейіпкер Базарбай қарттың бір қызы мен ұлы сол жақта дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл жергілікті пуштун ұлтынан келіншек алады. Ал қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады. Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді.
Базарбайдың отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. Барлығы жолға жиналады. Таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді.