Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: Астана - қазақша сөйлемейтін қала
2017 ж. 21 шілде
6554
32
Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Ислам тарихы, өнер мен мәдениет ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен каллиграфия көрмесі өтті. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.
Көрмеге 1986-2016 жылдары халықаралық байқауларда көрсетілген 30-дан аса каллигафиялық жұмыстар қойылды. Каллиграфия жұмыстарында Құран мен хадистерден кұралған сөздер айтылады.
Шараға Қазақстанның белгілі зиялы қауым өкілдері қатысты. Көрме аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында сөз сөйлеген белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева бүгінгі таңда Елбасының рухани жаңғыру идеясы аясында ұлттық мүддеге басым назар аударып, Мемлекеттік тілге көңіл бөлу керектігін айтты.
- Мен Астанаға алғаш келіп отырғаным жоқ. Кеше Астананы аралап, жөн білмеген адамдай көшедегі жастармен сөйлестім. Тұтас орысша сөйлейді. Астана - қазақша сөйлемейтін қала. Біз осыған назар аударуымыз керек. Жастар тексіз болып барады. Оларға "Тексіздік" деген сөздің мәнін үйрету керек, - деді белгілі ақын.
Шараға сондай-ақ, Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Досанов секілді ел ағалары қатысып, Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласы аясында қандай жұмыстар атқару керектігін сөз етті.