Үкімет дәрі-дәрмек дауын шеше ала ма?
2017 ж. 14 шілде
2350
1
Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу саясаты отандық фармацевтиканың дамуына кедергі болуы мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлер кейін опық жемес үшін Үкімет басшысынан асығыс шешім қабылдамауды сұрады. Олар Е.Біртанов ұсынған дәрі-дәрмектің өз құнын ашық жариялау талабы отандық өндірушілерге ғана жүріп, шетелдік компаниялар Қазақстанның ішкі тәртібіне бағынбайды деп күдіктенеді.
Қол жетімді дәрі-дәрмек айналасындағы дау-дамай басылар емес. Қомағай фармкомпаниялардың тәбетін тыюы тиіс заң жобасымен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кезекті рет Үкіметке есеп беруге келді. Министрдің айтуынша бұдан былай бағаны қалауынша қоя беретін компаниялар енді оның қайдан алынғанын тәптіштеп түсіндіруі керек болады.
– Дәрілердің көтерме саудада және дәріханаларда бағасын реттеу үшін, министрлік жаңа тәртіп жобасын әзірледі. Оған сәйкес, өндіруші өнімін «франко-зауыт» жүйесімен, яғни зауыттан шыққан құнын министрлікке ұсынуы керек болады, – деп түсіндірді Біртанов.
Қазақстанның фармацевтика нарығы бизнес үшін майшелпек болып келгені белгілі. Өкініштісі ең майлы жағы тұтасымен импорттың уысында. 2016 жылы мемлекет 181 млрд теңгеге, қарапайым халық 277 млрд.-қа дәрі алыпты. Бұл қыруар ақшадан отандық фармкомпаниялардың үлесі 11-ақ пайыз екен. Ал жаңа ереже асығыс қабылданса, одан да қағылуымыз мүмкін дейді отандық кәсіпкерлер. «Біз бағаны реттеу кезінде министрліктің әмірі отандық өндірушілерге ғана жетіп, импорттық өнімдер тасада қалып қояды ма деп қорқамыз. Мәселен алпауыт компаниялардың министрлікке өз баға саясатын жайып салуы екіталай. Нарық бағаның дәл осы импортқа өсіп отырғанын көрсетіп отыр. Ал отандық өнімнің құны қалыпты, тіпті шетелдік баламадан төмен. Сондықтан, реттеу өз өндірісімізді діңкелетіп, кесірінен контрафакті қаптап кетуі мүмкін», – деген ойын білдірді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.
Мемлекет басшысы дәрі-дәрмек нарығын реттеуді Елжан Біртановқа ақпан айында тапсырғаны белгілі. Тас-түйін заң жобасын күзде Парламентке ұсынуы тиіс. Ал арада алты ай уақыт өткенімен, нарық ырыққа оңай көнер емес.
– Бір жарым ай ғана уақыт бар, ал жұмыс көп. Оның үстіне әлі де біржақты реттелмеген мәселелер көп. Өткен жылдардың тәжірибесі есімізде, Самұрық-Фармация құрылған алғашқы жылы өңірлерге дәрі-дәрмек жетпей қалған. Осындай жағдай қайталанбауы керек,- деді Бақытжан Сағынтаев.
Үкімет басшысының сөзіне айтар уәжіміз бар. Әрине, министрге жасаған ескертуінде кемшілік жоқ. Бірақ, осындай ескертулердің жүзін естіген министрлер бас уәзірдің тапсырмаларын тыңғылықты орындап келе ме? Бұл даулы сұрақ. Дәлірек айтсақ, Сағынтаевтың тапсырмалары Үкімет үйінің табалдырығынан шығысымен күшін жойып, мүлдем ұмытылып қалатынға қатты ұқсайды. Өйткені ордалы отырыста айтылған тапсырмалар толықтай орындалмай жататынын күнделікті көріп жүрміз. Дәп қазір көтеріліп отырған бір ғана денсаулық сақтау саласын алайықшы. Елбасының арнайы тапсырмасынан кейін бұл салада тәртіп орнайды деп үміттенгенбіз. Алғашқыда Президент айтқандай дәрі-дәрмек саласын майшелпекке айналдырған бірқатар басшылар орнынан алынғанын білеміз. Жылдар бойы бағаны негізсіз көтеріп, басқаны емес, науқастарды тонап келген сол лауазымдылардың қылшығы да қисайған жоқ. Оларды жауапқа тартып, қылмыстық іс қозғалып, сотталды дегенін әлі тірі адам естімепті. Жоқ, біз біреуді нақақтан-нақақ соттап, зар жылат деп отырған жоқпыз. Қылмыскерді жазалау керек. Өйтпесек, қылмыс одан әрі жалғаса бермек. Мысал, іздеп алысқа бармай-ақ, күні кеше ғана Фармация комитетінің басшысының міндетін атқарушы Лариса Пак пен осы комитетке қарасты департамент жетекшілері 10 миллион теңгеден аса пара алды деген күдікпен ұсталғанын айтсақ та жетіп жатыр. «Жемқорлыққа қарсы қызмет Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы қызметін атқарушы Л.Пакты, Павлодар облысы бойынша Фармация департаменті жетекшісі З.Қажынованы, Фармация комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бас маманы П.Имамходжаевты және бас сарапшы Д.Ибраеваны жүйелі түрде жалпы сомасы 10 млн. теңгеден асатын пара алғаны үшін ұстады» – делінген ресми органның құрғақ мәліметінде. Миллиондарды шенеуніктер фармацевтикалық компанияларға көз жұмып лицензия бергені үшін алған. Пак бастаған топ сондай-ақ халыққа тегін үлестірілетін дәрі-дәрмекті көпе-көрнеу қымбатқа алып, арасынан пайда тапқан. Лариса Пак ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау министрлігінің фармация саласында болғаны белгілі.
Бұл нені көрсетеді? Қылмыстың жазасыз қалуы – жаңадан бір қылмыс тудыратынын білдірмей ме? Алдындағы әріптестері жазаланбай қалғанын көрген кейінгілер де еркінсіп кетуі заңдылық. Егер бұрынғы басшылар қатаң жазаланса соңғылары мұндай қылмысты іске бармас та еді. Біздің жаза жайында айтайын дегеніміз де осы болатын.
Жалпы Үкімет, оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігі сала жұмысын қалай түзетпекші? Бүгінгі бағыттары мен қарқынына қарасақ Елбасының арнайы тапсырмасын олар тағы да орындай алмайтын түрі бар. Оған да айтар дәлеліміз бар. Елбасы министр Біртановқа арнайы тапсырма бергеніне қаншама уақыт өтті. Ал, аталмыш салада ешқандай өзгеріс жоқ. Есепте тұрған науқастарға арналған тегін дәрі-дәрмек бұрынғысынша жетіспей жатыр. Ол дәрілерге мемлекет тарапынан қаржы бөлінгені рас болса соншама дәрілер қайда кетті? Сол дәрілер науқастардың тағдырын шешетінін, оны қолданбаса мына жарық дүниемен қош айтысатынын дәрігерлер білмей ме? Білгенде қандай! Олар сол біреудің өмірін сақтап қалатын дәрі-дәрмекті дәріханалар арқылы сатып, өздері пайда көруде. Басқасына болмаса да осыған тоқтау салуға болатын еді ғой. Өкінішке орай, жаңадан келген министр Елжан Біртанов дәп осындай кемшіліктерді жоюға бағытталған шұғыл шараларымен мақтана алмайды. Өйткені бұл саладағы жемқорлық сол бұрынғы қалпында жалғасып, жаңа министр келді екен деп тізгінін тартар емес. Оған министрдің жасап жатқан жаңа жобасының да қарсы тұра алатынына күмәніміз бар. Өйткені, осыған дейінгі министрлер де бұл жемқорлықты талай рет жүгендемекші болған. Бірақ, ешқандай нәтиже бермегенін жақсы білеміз. Сондықтан, бұл мәселені кешенді түрде қарастырып шешкен жөн сияқты. Біріншіден, ақ халаттылар неге ақша ұрлайды деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Өйткені олардың жалақылары тым аз, әлеуметтік жағынан нашар қорғалған. Бәлкім, бұл мәселе медициналық міндетті сақтандыру қоры құрылған соң шешімін табар дегенбіз. Оған да күмән бар. Енді ғана құрылған медициналық сақтандыру қорының төрайымы Елена Бахмутова ханым жұмысы басталмаған, қоржынында тесік тиыны жоқ мекеменің болашақ қызметкерлеріне 400-500 мың теңгеден айлық тағайындап жатса, қалай күмәнданбайсыз. Сонда дәрігерлердің айлығын кім көтереді? Саладағы негізгі жұмысты атқаратын дәрігерлер емес пе? Бірақ, Бахмутованы ол жағы толғандырмайтын сияқты. Жалақысы тұрмысына жетпесе дәрі сатып пайда таппағанда не істейді? Екіншіден, мемлекеттік сатып алу саласына тәртіп орнату қажет. Шетелдік сапасыз дәрілерді қымбатқа алдық деп алдайтын алаяқтарды бұл салаға жолатпау керек. Үшіншіден, отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамыту кезек күттірмейтін мәселе. Өз өндірісіміз сапалы дәрілерді шығарып жатса шетелдің өніміне деген сұраныс өзінен-өзі азаяды. Ал, ең бастысы, сала бойынша көрсетілетін қызметке қатаң бақылау орнату керек, онсыз ешқандай нәтиже болмақ емес. Бұл біздің редакциямызға жиі хабарласып тұратын оқырмандар ойы. Үкімет жаңа заң жобасында осы ұсыныстарды ұмытпай ескерсе деген көпшіліктің тілегін жеткізіп отырмыз.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz