Алаш арысы Жаһанша Досмұхамедовтің қайда жерленгені белгілі болды (ФОТО)
2017 ж. 12 шілде
2978
2
Алашорда көсемдерінің бірі Жаһанша Досмұхамедовтің Мәскеудегі Бутово полигонында жерленгені белгілі болды. Бұл туралы Алашорда қозғалысының 100 жылдығына орай Жымпиты-Мәскеу бағытында ұйымдастырылған экспедиция мүшесі, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Бутово бұрын қаланың шетінде болса, қазір Мәскеудің ішінде қалған. Мұнда алты үлкен қорымда саяси қуғын-сүргін жылдары жазықсыз атылған 20761 адам жерленген. Осындағы ғибадатхананың басшысы Кирилл Каледа әкей Ресей үкіметінің қолдауымен 1997 жылдан бері тынбай еңбектеніп, Бутово полигонында жерленген мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөнін анықтап, бірнеше кітап шығарған. Соның 3-томының 82-бетінде Ж.Досмұхамедов туралы да мәлімет берілген. Яғни 1938 жылы 3 тамыз күні атылған 120 адамның ішінде Жаһанша да бар. Бутоводағы қырғын 1937 жылы 8 тамызда басталып, 1938 жылдың қарашасына дейін жалғасқан. Мәйіттерді қалай болса солай көме берген. Мысалы, 12 шаршы метрдің жердің өзінен 149 адамның сүйегі шыққан.
«Қазіргі кезде Бутово полигонындағы мәрмәр тақтаға осында құрбан болғандардың аты-жөндері жазылуда. Осы мәрмәр тақтада Жаһанша Досмұхамедовтің аты-жөні, атылған күні толықтай жазылған. Олар Жаһаншаның кім екенін білмесе де, тізімге кіргізген. Бутоводағы қорымға елден апарған бір уыс топырақты салдық. Бір уыс топырақты алып келдік. Мәскеу сапарында сондай-ақ 1906-1910 жылдары Жаһанша білім алып, заңгер мамандығын алып шыққан ғимаратта (қазір мұнда М.Ломоносов атындағы ММУ-дың филиалы Азия және Африка елдері институты орналасқан), Досмұхамедовтер отбасы тұрған үйде, Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханов жерленген Дон зиратында болдық. Алған әсеріміз мол, кейінірек толық жазатын боламыз», деді алаштанушы Дәметкен Сүлейменова.