ШЫҢЫРАУДА ШЫҢДАЛҒАН ҒҰМЫР
2017 ж. 05 шілде
3617
17
Парасат
«Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды» деген халық даналығы бар. Қазақтың қасиетті топырағында туып, ұлтының намысы мен туын ұстау әр адамның басына бұйыра бермес бақ. Сағынбек Тоқабайұлы Тұрсынов - сондай ұлт сөзін сөйлеген, халқына адал қызмет еткен, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің бірі.
Қоғамда неғұрлым іскер, неғұрлым білімді адамдар көп болса, соғұрлым қоғам алға жылжиды. «Өмірден үйренген адамдар ғана ұлтының ұлы перзенті бола алады», - деген екен Қытай реформасының атасы Дян Сяопин. Осы сөз ойға оралған сайын сыйлас, сырлас ағамыз Сәкеңнің тұлғасы көз алдыма келе береді. Өйткені, Сағынбек Тоқабайұлы өмірдің қиын да қызық жолынан жоққа жасымай, барға асып-тасымай, ізгіліктің ізімен келе жатқан зерделі жан. Өткен заманның, тәуелсіз Отанымыздың сан соқпақтарында да ұлтының туын биік ұстап жүрген тұлғамен көптен таныспын. Ол кезде Сәкең жауапты қызметтің жүгін арқалап жүрген-тін. Көптеген істің иірімін тауып, айналасындағы серіктестерімен кеңесе отырып басын қайырып, жетістіктің желкеніне мініп, тұлғалық тұғырынан көрінді. Бұл жағынан келгенде, Сәкең өз қызметінде парасаттылық көрсетіп, азаматтық жолды берік ұстанды. Ел басшылығы осындай жауапкершілікті әрбір іс басында жүрген азаматтарға жүктей отырып, сенім артқаны белгілі. Әсіресе, бір кездері өзі басшылық еткен Талдықорған облысының тұралап қалған тіршілігіне қан жүгірту, аталмыш аймақтағы өндірісті дамыту, жұмыс көздерін табу ісінде ол жігерлілік танытып, ұйымдастырушылық қабілетінің де мол екенін көрсете білді. Сол өлкенің басшысы ретінде Сағынбек Тоқабайұлы шетелдік компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатып, келіссөздер жүргізіп, халқына пайдалы шешім шығаруға әрекеттенді. Еңбегі еш кеткен жоқ, сол кездегі әріптестік жұмыс істеу тәсілі Тәуелсіздік жылдарында өз жемісін берді. Сонау жылдарда жүргізген ілтипатты келіссөздер қазір де жалғасып келеді. Сағынбек Тоқабайұлының аймақ гүлденуі жолындағы жасаған алғышарттары республика көлемінде тұңғыш рет тәжірибеде болғанына мұқым ел, әсіресе Жетісу жұрты куә.
Ол қашан да «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халық даналығын естен шығармай, соның үлгісімен өнегелі өмір сүріп келеді. Сәкеңнің ғұмыры ел мен жерге беріле еңбек етуден, бітімі бөлек адалдықтан тұратын айрықша ғұмыр.
Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, мәре-сәре болған кезді ұмыта қойған жоқпыз. Бір қуаныштың бір өкініші болатыны секілді, тап сол кезеңде ондаған жыл жүйелі түрде жұмыс жасаған жоспарлы экономика құрдымға кетті. Жаңа экономикалық жүйе – нарықтық қатынастар төрімізге озды. Тың жүйенің алғашында түсініксіз тұстары да көп болды. Қиыншылықтарға кезіктік. Міне, осындай сергелдең кезеңде Сәкеңнің пәрменімен, жауапкершілік жүгін өз мойнына ала отырып, жұртын жұттан алып қалғандай еді.
Тәуелсіздік алған жылдары Сағынбек Тоқабайұлы нарықтық экономиканы орнықтыруға мол мүмкіндіктерді қарастырып, қазақ ғылымының жетістіктерін қолдап, оны өндіріске енгізу мәселесіне де әркез көңіл бөлді. Азат мемлекетіміздің құрылуына, еркіндік алған қарқынды қадамына өзіндік үлесін қосқанын, сөйтіп, ұлт қалаулысына, жұрт жақсысына айналғанын айтуды парыз санаймын. Биік білім, әр іске әділеттік, ұлттық намыс, жеке бастың тазалығы, халықтық мүдде, мәдени өре кеңдігі, иман байлығы Сәкеңнің бойынан молынан табылады. С.Тұрсыновтың ғылымға деген адал ниетін айта отырып, өзі де әр алуан тақырыптар бойынша зерттеулер жүргізіп, ол оң нәтижесін бергені де ақиқат. Тың ғылыми жетістіктері мен ерекше еңбегі үшін марапаттан кенде болмады. Өз келешегіне өз қолымен жол салып, алға қойған мақсатына адал еңбегімен жете алған біртуар қазақ перзентінің өмір жолы мен өнегесі кейінгі ұрпаққа шамшырақтай бағдар екені сөзсіз. Сағынбек Тоқабайұлы тәуелсіз еліміздің бүкіл тіршілігі – экономикасы, өнеркәсібі, ғылым жүйесі, саяси басшылықты жетілдіру т.б. маңызды мәселелер төңірегіндегі ой-тұжырымдарын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жеткізіп, Мемлекет басшысының үзеңгілес серігіне айналды. Халқымызға тән ізгілік пен ізеттілік жағынан да Сәкең әр кез кейінгіге үлгі-өнеге бола білді. Ағайын-дос арасындағы береке-бірлікті, тату тірлікті сақтау жөнінен де оның кісілігі мен кішілігін ерекше атауға болады. Кемел ойлап, кең пішетін кісілік келбеті, жақсылық жасаудан, ізгілік көрсетуден аянбайтын, ақыл-парасаты мол, халық мүддесі жолында адал еңбек етіп жүрген Сәкеңдей азаматпен танысып-біліскен тағдырыма ризамын! Оның иманға толы ақыл-парасаты талай адамға шапағатын тигізуде. Халыққа кеңінен танылған дархан кең пейілді, ер мінезді ардақты азаматтың ғибратқа толы өмір жолын, өкше басар інілері мақтаныш санайды.
Әрқашан әділдікті ту етіп ұстайтын азамат кей тұста сын айтып, оған алғашында реніш білдіргендер артынан түсіністік танытып, кемшілікке жасаған кеңшіліктерін түзетіп жататынынан да хабардармыз. Қара қылды қақ жаратын әділдігі бар, кейде балаша таза, кейде қартша адуын мінез танытып жүретін жан. «Турасын айтып, туысына жақпас» мінезі анау-мынау көксоқы әрекеттерден аулақ жүруіне себепші екені де рас. Артық ойын-күлкі, арзан мақтау-мадақ, ерсі сөз, қатты зіл көрсетпейді. Бірақ, көрген кісі сескеніп тұрады. Ол дегеніміз – Сағынбек Тоқабайұлының терең білімі, бай парасаты, кәсіби шеберлігі қасында тұрған адамның мысын басып кететіні сөзсіз.
Азамат
Ол – қазақ тілінің үлкен жанашыры. Ана тілінің қаға берісте қалған тұстарын аңғарып қалса, оны көтерерлік бір шаралар ойлап, істің тетігін тауып кетеді. Қазақтың Азаматы деген үлкен бір ұғым. Оның ісіне риза болғанда, «Жігітім-ақ!», «Азаматым-ақ» деп көңіл толып, мәз болып қалатын мінезіміз де бар. Ел арасында қиын-қысталаң жағдайлар болмай тұрмайды. Оған қолұшын беріп, қиындықтан құтқарып жіберетін, көптің көңілінен шығатын осындай ер жігіттер елдің шебі ғой. Сәкеңнің істеген ісі де, ойлары да, тіпті қайырымдылық қызметі де ел бірлігі, қайшылықты пікірлерді келісімге тарту, ымыраға, берекеге шақыру шараларымен туысып жатады. Ол әркімді-ақ заңды білуге, оны сыйлауға, Президент жарлығымен іске асқан құқықтық реформаның қағидаларын біліп, жүзеге асыруға үндеді. Ол сөз құдіретін, заң құдіретін сыйлайды, билер сотының сабақтарын пайдалануды көздейді, сот билігінің тәуелсіздігін қолдайды. Өзінің қызметі де әділ шешім мен келісімге тіреледі.
Бұл дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпеген?! Солардың ішінде ұлттың намыс қайратына айналған тұлғалар ғана халық жадында қалады. Тәуелсіз ел іргетасының бекуі мен халық бірлігінің бекем болуы жолында жасаған айрықша қызметтерінің арқасында қалың қауымның қошеметіне молынан бөленген Сағынбек Тоқабайұлының адами қасиеті жайлы еркін көсілуге болады. Оның шапағатына бөленген Жетісу жамағаты Сәкеңнің болмысын бүгінде аңыз етіп айтып жүреді.
Азаматтығы Алаш жұртына адал қызмет етсе – бақыттың биігі. Адал сырдың ажарын, байыпты ойдың базарын, қоғамдық пікірдің назарын тарқата білген тұлғаға құрметпен қарау – кісіліктің қалыбы. Кісілік – жанын жақсылыққа бейімдеудің өкілі. Ендеше, жақсы пікір, алғаусыз сыр арда азаматтың жанын тербей берсін. Елінің алдындағы бейнеті зейнетімен өтелген арда жанның жемісті жеті белесіне қосылған және бір жасы миуалы баққа айнала бергей!
Осы тұрғыда Сағынбек Тоқабайұлының жұрты үшін аянбаған кемел әрекеттері жайлы (өзім куә болған) есті естеліктердің бір парасымен өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдім.
Адалдық
Менің адалдығымның себебі бар...
Сағынбек Тоқабайұлы Талдықорған облысын басқарып жүрді де, мамыр айының басында Германияға елші болып тағайындалды. Мен - Қапал ауданының әкімімін.
Бұрын болмаған дәстүрмен Сәкең өз өрнына жаңа әкімді әкеліп отырғызды. Негізі хаттама бойынша жаңадан тағайындалған облыс әкімін Премьер-министр немесе Президент әкімшілігінің жетекшісі жұртшылықпен таныстыруы керек қой. Бұл жолы олай болмады, Сәкең өзі жаңа әкімнің тағайындалғаны туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығын оқып, жаңа әкімді жұртшылықпен таныстырды. Біз аң-таң болдық та қалдық...
Содан жаңадан келген облыс басшысы бұрын Сәкеңнің орынбасары болған адам, бұрындары ара-қатынасымыз жақсы болатын. Әкім болып тағайындала салысымен ол кісі өзгеріп сала берді, маған қырын қарай бастады. Мен басшылық етіп жүрген аудан Талдықорған қаласының түбінде тұрса да, әкім біздің ауданға соқпайтын болды, айналып немесе жолай соқпай үстімізден өтіп кетіп жүрді. Бір қызығы, ол сапарларының бәрін телевизордан күнде көрсетіп, әрі газет-журналдар күнделікті жазып жатты. Мен бәрінен құлағдар болып отырамын. Сөйтіп жүргенде 8 ай өтті, облыс басшысы мен басқарып отырған Қапал ауданына келмеді. Мен туралы ауданда «Алдабергенов қызметінен әні кетеді, міне кетеді» деген алып-қашпа әңгімелер шыға бастады.
Бір күні желтоқсан айының ортасында түнгі сағат 10-дар шамасында облыс әкімінің орынбасары телефон шалды, «Ертең таңғы 8-де шекарада тұрыңыз, әкім барады» - деп, мен «Жарайды» дедім. Сөйтіп әкім келіп, ол кезде колхоз-совхоздардың тарамаған кезі, оларды аралап, әкім түстен кейін аудан активімен кездесу өткізді. Мен орнымда қалатын болып шешілді. Содан әкімді қонақжайлылық танытайын деп үйге қонаққа шақырдым, бірден келісе қоймады, дегенмен көндірдім. Көмекшісін ертіп келді, көңілді отырыс жасадық, содан ол кісі маған: «Сен негізі жақсы жігітсің, бірақ Сағынбек Тұрсыновты ұмытасың, сені өсіретін де, өшіретін де менмін» - деді. Мен «Сіздікі дұрыс, мақұл» дедім.
Ертеңінде облыс активімен жиналыс өткізіп, әкім менің өз жұмысымды жалғастыратынымды мәлімдеді. Біз ол кісімен бірлесе 4 жыл жұмыс жасадық. Сол соңғы жылдың бір күні таңғы 9-да облыс әкімі «Қалеке, жақсы хабарды естідіңіз бе?» - деп звондайды. Мен ол кісінің мені аяқасты «Қалеке» дегеніне аңтарылып қалдым. «Жоқ, естімедім» дедім. Ол кісі: «Айымыз оңынан, күніміз алдымыздан туды, ағатайымыз келді ғой» - деп, Сағынбек Тоқабайұлының елге оралып, Президент әкімшілігінің жетекшісі болғанын айтып, қатты қуанып тұрғанын жеткізді. Мен: «Е, құтты болсын!» - дедім.
Мен негізі бұл хабарды екі күн бұрын естіп алғанмын ғой, Сәкеңнің өзі хабарласқан болатын, сонда да сыр бермей тұрмын. Әкім: «Жеңгеміз шетелде, ағамыздың қасында жағдайын біліп, қас-қабағына қарайтын адам керек. Қалеке, сіз барсаңыз дұрыс болады» - деді. Бұл сөзді естіген мен кісі боп қалдым: «Ертең еңбек демалысымды алып, барайын» - дедім, әкім: «Жоқ, ертең кеш болады-ау, бүгін түске таман шығыңыз», - деді.
Жолға шығатын болып, қажетті құжаттарға қол қойғызу үшін Осипов деген депутат болды, сол ол кезде кадрлар бөлімінде істейтін, соған бардым. Сөйтсем ол: «Сіз шаруашылықты жақсы білесіз, маған орынбасар болыңыз» - дейді, мұны естіген мен «Өй, мені бәрі бағалайды екен ғой, әжептәуір беделім бар екен ғой» деп іштей күпиіп қалдым.
Сөйтіп Сағынбек Тоқабайұлымен қайта қауыштым. Жолыққан соң болған жайттарды айтсам, Сәкең: «Әй, аңғалсың-ау! Керек болсаң, бұл уақытқа дейін неге сені сол қызметке шақырмаған...» - деді. Мен ойланып қалдым...
Қызметте жүрген адамдардың мұндай құбылуларын көп көрдік қой. Ал менің Сәкеңе деген сыйластығым, адалдығым әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр, өзгерген жоқ.
Қарапайымдылық
Мен Сәкеңнің қарапайымдылық мінезі туралы айтсам деймін...
Мен қызметімнің алғашқы кезінде Шымкентте совхоз директоры болдым, содан кейінірек арнайы шақырумен Талдықорған облысының Қызылағаш ауылының директоры болдым, әрі бірінші қазақ басшысы болдым. «Шымкенттен бұл жаққа қалай келді?» деп жұрт таң қалды.Партия тарқаған кез, дегенмен әлі совхоздар бар. Аяғымда керзі етік, үстімде жұмыс жейде, жұмыс басында жүрсем, облыс әкімінің көмекшісі келіп: «Сізді бастық шақырып жатыр» - дейді. Мен: «Не тапсырмамен шақырып жатыр, айтыңыз» десем, айтпайды. Мен «Облыстың бірінші басшысына керзі етікпен қалай барам?» деп, қарсылассам да болмады, қабылдауына алып барды. Көмекшісі "Қ. Алдабергенов киімінен қысылып отыр" дегенді айтса керек, маған Сәкең «Үйге бара берсін» депті. Содан басекеңнің үйіне барсам, ет асылып, дастархан жайылып тұр. Содан Сәкең де келді, тамақ ішіп отырғанбыз, телевизор қосылып тұр. Бір кезде жаңалықтар басталды, біз құлақ түрдік. Жүргізуші бір кезде «Алакөл ауданының бастығы болып пәленше түгеншиев тағайындалды» - деп облыста болған ауыс-түйіс жайын айта бастады да, «Қапал ауданының басшысы Медетбеков ауысты» демесі бар ма, мен селк ете түстім... Ол кісімен ара қатынасымыз жақсы болатын, орнына кім болар екен деп хабарға құлағымды түре түстім. Сөйтсем, «Оның орнына Қалыбай Алдабергенов басшы болды» десін. Мен аң-таңмын...
Сонда Сағынбек Тоқабайұлы маған менің жаңа қызметке тағайындалғанымды үйінде дастархан басында естіртіп отыр ғой. Сәлден кейін барып, ойымды жинақтағанда айтқаным: «Мұндай қызметке тағайындау үшін алдын-ала сөйлеседі, Сіздікі қызық екен...» дегенім. Сәкең болса жымиды да қойды.
Бұл Сәкеңнің бір ғана адамгершілік қыры!
Қалыбек АЛДАБЕРГЕНОВ,
жазып алған
Гүлжазира Ертасова,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
qazaquni.kz