Зымыран зардабының өтемі бола ма?
2017 ж. 05 шілде
1776
0
Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Б.Атамқұловқа
Қадірлі Бейбіт Бәкірұлы! Белгілі болғандай, ағымдағы жылдың 14-маусымында Жезқазған қаласының маңына «Союз» Ресей зымыраны бөлігінің құлауы нәтижесінде Қазақстан Республикасының азаматтары зардап шекті: бір адам қаза тапса, ендігісінің денесі 50% күйікпен ауруханаға жеткізілді. Оқыс оқиғаның сараптамасы бойынша, «Ғарыш-Экология» ҒЗО сарапшылары зымыран тасығыш сынықтарының жануы нәтижесінде алаңда өрт пайда болғанын анықтады. Олардың мәліметіне қарағанда, алаңның жануы 193 шаршы шақырымды құрады. Құлаған зымыранның орны небәрі 20 шақырым жердегі Қарағанды облысының Талап ауылына жақын орналасқан. Және бұл ауыр жағдай тек жергілікті тұрғындарды ғана емес, тұтас Қазақстан қоғамын алаңдатып отыр. Сонымен бірге, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме келтірген БАҚ мәліметтері бойынша бірінші сатыдағы элементті «Союз – 2.1 а» зымыран-тасығышының бөлігі Ресей Федерациясы жалға алған жерге құлаған. Осыған байланысты Ресей Федерациясы тарапынан Қазақстанға, сондай-ақ зардап шеккен азаматтар мен олардың отбасыларына осы оқиға бойынша өтемақы төлеу қарастырылмаған. Алайда, бұл келісім-шарт бойынша Ресей тарапы айлағынан зымыран ұшыру тағы да жалғасады, болашақта осындай жағдайлардың қайталануын жоққа шығаруға болмайды. Құрметті Бейбіт Бәкірұлы, жоғарыда айтылғандарды назарға ала отырып, көктен құлайтын Ресей зымырандарынан Қазақстан территориясының экологиясы мен тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ зардап шеккендерге және олардың отбасыларына өтемақы төлеу жөніндегі қосымша шараларды қабылдап, мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын. Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты А.Перуашев qazaquni.kz