Қытайдағы қандастардың жайына Германия парламенті алаңдап отыр... Ал біз ше?
2017 ж. 03 шілде
2139
2
Қандасымыз Өмірхан Алтынның Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында кезектен тыс сөзге шығып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің алдында Қытай мемлекеті қазақ ағайындарға соңғы уақыттарда көрсеткен зұлымдықтары, жасалып жатқан қысымдары туралы айтқан сөздері Германиядағы саясаткерлерді де елең еткізді, - деп хабарлайды Abai.kz ақпараттық порталы.
Бавария парламентінің адам құқықтары саласындағы белгілі мүшесі, "Жасылдар" партиясынан сайланған депутат Маргарете Бауэс ханым мен Өмірхан Алтын
Бавария парламентінің адам құқықтары саласындағы белгілі мүшесі, "Жасылдар" партиясынан сайланған депутат Маргарете Бауэс ханымның кеңесшісі Өмірхан Алтынмен Парламент үйінде жеке кездесіп, Қытайдағы қазақтарға жасалып жатқан заңсыздықтар мен қысым-қудалаулар туралы мәліметтер сұрап, алдағы уақытта бұл мәселеге жалпы Германия мен Еуропадағы адам құқықтарын қорғаушылар баса назар аударатындарын мәлімдеген.
Редакциядан. Соңғы кездері Қытай мемлекеті сол елде тұратын қазақ ұлтына деген саясатын өзгерткені туралы түрлі деректер жариялана бастады. Ол жақтағы қандастар бастарын бәйгеге тігіп, өздері көріп отырған қысымды жариялай алмасы анық. Қандастарымыз сол себепті амалдың жоғынан барлық заңсыздыққа көнуге мәжбүр. Бізді сонау Германиядағы саясаткерлер қазақтың құқығын қорғап, бозторғайдай шырылдап жатқанда өз депутаттарымыздың ләм-мим демей отыруы намыстандырады. Ел емес пе едік? Елбасы Сыртқы істер министрлігіне тапсырма бергелі бірнеше күн өтті. Ол жақ әзірге тыныш. Бұл тыныштық ұзаққа созылмаса екен деп тілейміз.
Қанат Бірлікұлы
Дереккөз: Abai.kz