Мүгедек суретші туған жеріндегі жолдарды жөндеу үшін картиналарын аукционға шығарды
2017 ж. 26 маусым
4791
0
Суретші, АТОМ халықаралық жобасының құрметті елшісі, Семей ядролық полигонының экологияға кері әсері салдарынан мүгедек болып туылған Кәріпбек Күйіков туған жеріндегі жолдарды жөндету үшін өз картиналарын аукционға шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Кәріпбек Күйіков туған жері Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылындағы көлік инфрақұрылымын жақсартуға өз үлесін қосуды шешкен.
«Мен Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылының тумасымын. 18 тамыз күні Қазақстан Қазыбек бидің 350 жылдығын атап өтеді. Салтанатты шаралар туған өлкем - Егіндібұлақ ауданынан басталады. Бірақ онда шешімді шұғыл қажет ететін проблемалар бастан асып жатыр», - дейді Кәріпбек Күйіков.
Қыс мезгілінде Егіндібұлаққа жету қиын - жолды қар борап қалады. Оны ешкім тазаламайтындықтан ауыл тұрғындары апталап жолға шыға алмайды. Ал жазда бұзылған жолмен жүру мүмкін емес.
«Жалпы, Егіндібұлақта күн кешуге және ауылды гүлдендіруге ешбір ресурс жоқ. Көлік жоқ, ауыл заман ағымынан қалып қойған. Қарағанды-Егіндібұлақ трассасы көктемгі су тасқыны салдарынан жыл сайын бұзыла түсуде. Ал оны жөндеуге қаржы да, мүмкіндік те жоқ. Жалғыз жолмен адамдар үлкен қауіппен жүріп өтеді (...) Егіндібұлақ ауылының тумасы ретінде басынан бейнет кетпеген ауданымыз тұрғындары атынан инфрақұрылымның дамуына өз үлесімді қоссам ба деймін», - дейді суретші.
Қарқаралы ауданының әкімдігі арнайы шот ашып, жиналған қаражатты жолдарды жөндеуге жұмсауды көздеп отыр.
«Мен де бұл акцияға қатысатынымды хабарладым. Туған ауылымның өркендеуі үшін картиналарды сатудан түскен ақшаны осы мақсаттарға беремін», - деп атап өтті ол.
Кәріпбек Күйіков - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған АТОМ халықаралық жобасының құрметті елшісі, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсенді мүшесі.