Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев қызметінен босатылды. Оның орнына елімізде талай жылдар бойы лауазымды қызмет атқарған Зауытбек Тұрысбеков тағайындалды. Оның кандидатурасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
МАМАШЕВ ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТЫЛДЫ!
2017 ж. 23 маусым
10248
82
Жиында ДҚҚ төрағасы болып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қайта сайланды. Мемлекет басшысы бұрынғы бірінші орынбасары Талғат Мамашевқа алғысын білдіріп, орнына Зауытбек Тұрысбековтың кандидатурасын ұсынды.
«Енді біз Төрағаның бірінші орынбасарын сайлауымыз керек. Жанымда отырған Талғат Мамашев 2004 жылдан бастап атқарып келеді. Мен енді осы орынға Зауытбек Тұрысбековты ұсынғым келеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде менің тапсырмаммен талай жауапты қызметтер атқарды. Ысылған, тәжірибелі. Кезінде қазақтың Көші-қон демография агенттігін басқарды. Облыста әкім, Ішкі істер министрі болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігін басқарды. Ең негізгісі қандастарымыз ең көп тұратын Ресей мен Өзбекстанда елші болды. Олардың жағдайын жақсы біледі», - деді Елбасы.
Құрылтай делегаттары Зауытбек Тұрысбековтің кандидатурасын бірауыздан қолдап дауыс берді.
«Үлкен сенімге көп рахмет. Бұл қызмет әр қазаққа бөлек дүние. Мен көп сөйлемеймін, істің адамымын. Ертеңгі күні бәрін іспен дәлелдеймін», - деді төрағаның жаңа бірінші орынбасары.
Еске сала кетейік, Талғат Мамашевтің қызметінен кетуі керектігі туралы бастаманы алғаш болып "Қазақ үні" ұлттық порталы көтерген болатын. Оған себеп, ел ішінде Мамашевтің қызметіне наразы қандастардың көптігі.
Осыған дейін Мамашев "Оралмандарды ұрғаным бар" деп қазақтың намысына тиетін сөз айтқаны туралы жазған болатынбыз. Бүгін Құрылтайдың ашылуы алдында Мамашев оралмандар мәселесіне қатысты тілшінің сауалына "Басымды қатырмашы-ей" деп жауап беріп, дөрекілік көрсеткен болатын. Ақын Қазыбек Исаның "ҚҰРЫЛТАЙ МЕМЛЕКЕТТІКІ МЕ, МАМАШЕВТЫҢ МЕНШІГІ МЕ? «Оралмандарды ұрып қойғаны бар», қазақтың жағдайына «бас қатырмайтындар» Қауымдастықты қалай басқарады?" атты мақаласында өзекті мәселені тікесінен қойған болатын.
Қашанғыдай Қазақтың үні бола білген «Қазақ үні» ұлттық порталының сыны ескеріліп, ақыры Талғат Мамашев қызметінен босатылды. Қазақтың үні далада қалмайтынын, Елбасыға да жете алатынына көзіміз жетті. Елбасының «Рухани жаңғыруы» Қауымдастықта осылай басталды.
Жаңадан тағайындалған Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары, белгілі саясаткер Зауытбек Қауысбекұлының жұмысына сәттілік тілей отырып, әрбір қандастың қамы үшін талмай еңбек етеді деп сенеміз.
qazaquni.kz