ҚҰРЫЛТАЙ МЕМЛЕКЕТТІКІ МЕ, МАМАШЕВТЫҢ МЕНШІГІ МЕ?

 

«Оралмандарды ұрып қойғаны бар», қазақтың жағдайына «бас қатырмайтындар»  Қауымдастықты қалай басқарады?

    Тарихта тағылымды ісімен емес, «оралмандарды ұрғаным бар»-деген тасыраңдаған сөзімен есте қалатын Талғат Мамашов  Құрылтайдың "құрметіне" анайы афоризміне тағы бір сөз қосты. «Құрылтайда Шыңжаңдағы қазақтардың жағдайы талқылана ма?» -деп сұрақ қойған «Азаттық» радиосы тілшісіне: «Басымды қатырмашы-ей!»-деп тап берген Талғат Мамашевтың енді бұл жолы  алдымен  денсаулығын тексеріп алу керек шығар... Себебі, басқаларын санамағанда, ел шулатқан екінші «жауап» бұл! Сонда қызметі заңмен қорғалған Бұқаралық ақпарат құралы өкілі, Азаттық тілшісінің   шеттегі қазақтың жағдайына алаңдаған сауалы неге Мамашевқа «Бас қатыру» болып саналады? Қазақтардың жағдайын жасамақ түгілі , бұл туралы сөздің өзін тыңдағысы да келмей тұрған Мамашевтың орнына оның жұмысын істеп тұрған тілшіге «Бас қатырма» дегенше,  басынан сипамай ма қайта... Әлде,  қазақтың жағдайын сұрап тұрған тілшіге жекіп тастайтындай, жеке мәселесін айтып тұр ма ол оған? Тілшіні  тілдеп тастағандағы  Мамашевтың түріне қарасаңыз, болған-толған, тойған, бәрін «ұрып қойғаны бар», ешнәрсеге «бас қатырмайтын», ешнәрсе керек емес типтің бет-бейнесін көресіз...  Ендеше бұған Қауымдастық тізгіне жабысып, айрылмау  неге керек дейсің ғой еріксіз. Әрине, қазақ үшін болып жатқан  майданға маңайламайтын  Мамашевтың  майшелпек орыннан  қашар түрі  жоқ бірақ... «…1960-жылдардың ортасында тәуелсіздік алған Алжирдегі 6 млн.француз отаршыларының жағдайы қиындай түсті. Сол кезде президент Шарль де Голль іскер, білімді, ұлтшыл кадрларының біріне (аты-жөні есме түспей тұр) 2 жылдың ішінде 6 млн.французды көшіріп әкелу, жұмыс және баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасын жасауды тапсырады. Бағдарлама жасап әкелген жігіт өзін премьер-министрдің орынбасары етіп тағайындауын және оның баспана мен көлік сұраған өтініштері тоқтаусыз шешілетін болуын талап етеді. Де Голль оның сұраған бар құзыретін береді. 2 жыл емес, тура 1,5 жыл өткенде вице-премьер «тапсырмаңыз орындалды, мені қызметтен босатуыңызды өтінем» деп рапорт береді…» -деп жаздық  кеше ғана «Қазақ үні» ұлттық  порталындағы  «ҚАЗІР ҚИМЫЛДАМАСАҚ, ҚАЗАҚТЫ ӘКЕЛУ КЕЙІН ҚИЫН БОЛАДЫ!..»  атты мақалада. Бұны түсінетін мамашевтар бар ма бірақ?.. «25 жылда 1 миллион қазақ келді» деп бөркіміз қазандай болады. 1 миллион бұдан он жыл бұрын келіп қойған-тұғын. Кейінгі он жылда қанша оралман келгенін айтуға аузымыз бармай, қиналып отырмыз… Өткен жылы 32 мың адам ғана келді. Әзірге тек аузымызбен орақ орудан аса алмай, бес жылда бір рет ешқандай мәселе шешпейтін Құрылтай өткізіп, той тойлаудан аса алмай отырмыз. «Оралмандарыңды ұрғаным бар!» дейтін мамашовтар басшылықта отырғанда, сең орнынан ешқашан қозғалмайды. Қазір қарқынды қимылдап қалмасақ, енді 25 жыл емес, 15 жылдан кейін Қытай мен Өзбекстаннан алтын берем десең де қазақты әкелу қиын болады. Еуропаның, ол түгілі Түркияның қазағы келмей отырған жоқ па! Солтүстік Қазақстанда Ресейдің мемлекеттік мейрамдары дәл Ресейдегідей тойланады! Темір жолы Мәскеудің уақытымен жүреді. Қырым мен Донбассты көріп тұрып, Ұлы даланың Теріскейін, Шығысы мен Батысын қазақыландырмасақ, айрылып қалуымыз бір күнде! Осы қатерді көрмесек, ертең кімге өкпелей аламыз?..» - деген аталмыш мақаладағы жанайқайды еститіндер бар ма билікте?.. Елбасыға жетер ме екен бұл сөзіміз? Біз, республикалық «Қазақ үні» газеті  де, Qazaquni.kz ұлттық  порталы да, менің өзім де шеттегі қазақтардың жағдайын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан артық болмаса да, кем көтеріп  жүрмесек те, тізімге кірмей қалғанымызда үндеген жоқ едік...  Ұлт үшін күреске  келгенде алда болсақ та, үлеске келгенде  тізімнен сызылып қалуға үйренгенбіз... Ал шартараптың қазақтары бас қосқан шараға Шаxановты шақырмау – шектен шыққандық!   Алдында тізімде болған әлемге әйгілі қаламгер һәм қайраткер Мұхтар ағамыз пойызға шығарда  өзінің «тізімнен сызылып қалғанын»  естіп, есіктен кері қайтады... Қазаққа болсын деп жүрген талай зиялының  Талғат мырзаның талабына сай келмегендіктен ғана   Құрылтайға  шақырылмай  қалғанын да білеміз... Өзімізді былай қойғанда. шеттегі қазақтардың жарқын өкілдерінің бірі  Жарқын Утешова Мәскеуде қазақтың бір үлкен ұйымын басқарып отырып, қанша шырылдаса да, қалды  еленбей... Сондағысы, қалғып жатқан Қауымдастық жұмысын жандандыруды ойлап, сынағаны... Сонда бұл Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бес жылда бір болатын Құрылтайы,  Қауымдастықтың өзі мемлекеттікі ме, жоқ Мамашовтың меншігі ме? Ең болмаса қарапайым елді былай қойғанда, тілшілерге қалай сөйлеуді білмейтін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бірінші орынбасары Талғат Мамашев  «мәдениет министрінің мәдениетінен қорықтым» дегендей,  бұрын қалай Мәдениет  министрі болып істеген деген ой келеді... Иә, білеміз, қалай басқарғанын...  Алматыдағы Абай опера және балет театрын күрделі жөндеуден өткізуге бөлінген миллиондар қолды болып, одан басқа тағы да кемшіліктері анықталғасын,  Елбасының баяндамасында сыналып, шулатып  барып орнынан түскен болатын.  Ұлы Абай театрынан да ұрланған, Абайдан да абайламай желінген  миллиондар үшін мәдениет министрінің орынбасары «құрбан» болғанын да ұмытқан жоқпыз.. «Оралмандарды ұрып қойып-ақ, оралмандар жағдайын жасауы тиіс Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын басқара беру бізден басқа ешбір елде аналогы болмайтын  парадокс  жағдай екенін жақсы білсек те, оралмандармен бірге «ұрылып»  отыра береміз біз... Халыққа жағымсыздарды билікте ұстау арқылы елдің ызасын тудыру мен Елбасы атына кір келтіру саясатының артында кімдер тұр? Репутациясы минус нөлге кеткен Мамашевтың тағы да орнында қала беруі  Қауымдастыққа ғана емес – Қазақққа қиянат! «Оралмандарды ұрып қойғаны бар», қазақтың жағдайына «бас қатырмайтындар»  Қауымдастықты қалай басқарады? Мамашевтар басқарған Қауымдастықтан қандай Рухани жаңғыру күтуге болады? Осы сұрақтардың жауабын бәріміз қосылып іздеуіміз керек! Өйткені, бұл бір Мамашевқа ғана емес, бір Қауымдастыққа ғана емес, ҚАЗАҚҚА ҚАЖЕТ, ТЕЗ АРАДА ШЕШІЛУІ ТИІС МӘСЕЛЕЛЕР!   Қазыбек ИСА «ҚАЗАҚ ҮНІ»  газеті Qazaquni.kz