Қазақстан мұнай, көмір, газ, уран сынды пайдалы қазбалардың мол қорына ие. Оның көлемі мұнай эквивалентінде 32 млрд тонна. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы пленарлы отырысында Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Назарбаев инвесторларға: Бізде әлемдегі барлық табиғи қордың 4 пайызы бар
2017 ж. 22 маусым
2094
13
«Расында да, біз мұнай, көмір, газ, уран сынды пайдалы қазбалардың мол қорына иеміз. Олардың көлемі мұнай эквивалентінде 32 млрд тонна немесе бұл әлемдегі барлық табиғи қордың 4%-ы», - деді ол.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлттық экономиканың шикізатқа тәуелді болмас үшін тиісті салалық бағдарламаларды жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.
«Ауқымды түрде индустриялизация, инновациялық жобалар елімізде жүзеге асырылды. Сондай-ақ, қуатты инфрақұрылымдық бағдарламаларды дамытып жатырмыз. Сонымен қатар, сіздердің басым бөлігіңіз осы процеске қатысып отырсыздар. Біз экономиканы әртараптандыруға оның тұрақты әрі шикізатқа тәуелді болмауын қамтамасыз етуге тырысудамыз», - деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, шетелдік инвесторлардың кеңесі – Елбасының жарлығымен 1998 жылы 30-маусымда құрылған консультативті-ақылдасушы орган. Оның мақсаты инвестициялық мәселелерді жылдам шешу үшін Қазақстан үкіметі мен инвесторлар арасында тікелей диалог орнату. Әдетте бұл отырыстар жылына бір рет өтеді.
Аталмыш кеңестің құрамына 35 трансұлттық компаниялар мен халықаралық ұйымдар кіреді.