«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» мен «ЖАЛҒЫЗДЫҢ ҮНІ»
2017 ж. 18 маусым
3625
4
ҚР Премьер министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің назарына
Бұл үшбу хатымды «Бесеудің хатымен» бастасам деп едім. Әйгілі бесеудің хатын оқымаған адам аз болар? Бүгінде сол хаттың жалғасы ретінде өзіңізге «жалғыздың үні» деген тақырыппен хат жолдап отырмын. Басты себеп: Бесеудің хаты республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігі салдарынан елді алапат ашаршылық жайлағандығын айтып сақтандырған алғашқы дабылдардың бірі болды. Хатта қазақ ауылындағы социологиялық қайта құрулар бүкіл халықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды – байларды, орташаларды, кедейлерді қамтығаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке, ауа көшуіне әкеліп соққандығы шыншылдықпен баяндалған болса бүгінгі ауылшаруашылықтың жағдайы да мәз еместігін айтып мен де дабыл қаққым келеді. Әрине, хат жазған «бесеуге» ұқсап атылып кетпесем де, менің де соңымнан шырақ алып түсетінідер табылып қалар. Өзіңіз басқарып отырған ауыл шаруашылығы саласының сын көтермейтінін қанша жазып жатсақ та, «селт» етер емессіздер? Неге? Әлде, сол кеңес үкіметі тұстағыдай алпауыттар мен олигархтардың дәуренін күтіп жүрсіздер ме? Күнде өзгеріп жатқан заңдар мен министрлік тарапынан беріліп жатқан ұсыныстардан шаршаған қарапайым шаруалар қағазбастылықтан мезі болғалы қашан? Елбасымыз ауыл шаруашылығы саласына қыруар қаражаттар бөліп, тұралап қалған ауылдардың әлеуетін көтеруді ойлап, жойылып кеткен совхоз, колхоздардың бүгінде дамуы үшін кооперативтер құруды қолға алуды тапсырған болса, ауылдағы ағайындардың жағдайына бастары ауырып, балтырлары сыздап жатқан министрлік пен жергілікті билік жоқ. Неге десеңіз, шаруаларды қолдау мақсатында субсидиялар бірінші кезекте еттің келісіне қарай беріліп келді. Яғни, әр келі етке – 170 тг. Енді есептеп көрелік: бір ірі қара малдың салмағын таза етпен 300 келі деп алайық. 300х170=51 000 тг. Ал, қазіргі беріліп жатқан мал басына 20 000 теңге мен 45 000 теңге аралығы. Бұл деген сөз шаруалардың қалтасынан қағу. Керісінше, мал бастары аздарға барынша жағдай жасаса баяғы совхоз бен колхоздарды, қала берді ұрандатып жарнамалап жүрген кооперативтер қайта құрылып ауылдардағы тіршілікке жан бітер еді. Алғашқыда шаруалар субсидияны терең түсіне алмай қозғала қоймаса, кейбір пысықайлар оны асыра пайдаланып та жатты. Әуелі «Субсидия дегеніміз не? Ол қалай беріледі?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Экономикадағы нарықтық теорияның классикалық үлгісі бойынша мемлекетте бизнеске қатысты үш моделі бар: Американдық модель, Батыс еуропалық модель және Скандинавия елдерінің моделі. Үш үлгіде де мемлекеттің кәсіпкерлер мен жаңа бастаған кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнес өкілдері мен ірі кәсіпорындарға мемлекеттік субсидия берудің өз тетіктері бар. Шағын және орта бизнесті қолдау жағынан Оңтүстік Кореядан асатын мемлекет жоқ екен. Бұл елде мемлекет субсидиясы негізінен ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы, жаңа технология мен машина құрастыру салаларына бөлінсе, АҚШ елінде шағын және орта бизнестер үшін емес керісінше алпауыт компанияларға беріледі. Ал, Қазақстанға келер болсақ, бүгінге дейін елімізде 7600 кәсіпкер субсидия алған. Олардың басым бөлігі көлік, тасымалдау саласында. Яғни көлік құралдарын тасымалдау немесе жолаушылар тасымалдау. Одан бөлек қайта өңдеу саласына да қызығушылық жоғары көрінеді. «Даму» қорының өкілдері қайта өңдеу саласының ішінде тоқыма мен тігін өндірісінің әлеуеті жоғары екенін айтады. Кейінгі уақытта ауыл шаруашылығына қызығушылық танытушылардың қарасы көбейгенін ескерсек бұл салаға субсидия беріле бастағанына көп уақыт бола қоймағанын да білеміз. Алайда, басталмай жатып әуреге салған субсидиялау шаруаларға қолайлылық тудырмай отыр. Құжаттандыру бір жүгіртіп қойса, қойылатын талаптар тым тиімсіз. Құжат жинаймыз деп жүргенде аяқтан шалу, көке-жәкелерді жағалау да жоқ емес... Мысалы: Ауылшаруашылық басқармасына орталық базада тіркелген ИСЖ мен ИЯС болса малдың қай күні тіркеліп, қай күні сойысқа жібергеніне дейін тұратынын ескерсек, кәсіпкерлер палатасына не үшін қағаз жүзінде құжат жинауы керек? Мал мен бордақылайтын ферманы аккредитациядан өткізуді ақпан айында бекіткен өзгеріске енгізіпті. Сонда, бұл аккредитациялау артық емес пе? Мал қора мен малды қалай аккредитациялайды? Қойылған талапта ірі қараның салмағы 400 келіден кем болмау керек делінген. Бұл да тым қатаң талап. Ал, берілетін субсидия әр малға – 20 000 теңге. Егер, мал басына берілсе еттің салмағын растайтын құжат кімге, неге керек? (базада тіркелген ИЯС пен ИСЖ қоры бар емес пе?) Ең бастысы, шағын және орта кәсіпкерлер үшін деген қатарды өзгерту керек. Алпауыт кәсіпкерлер үшін барынша жағдай жасалып жатқанын тағы да дәлелдей түскендей. Себебі, 100 бастан 1000 басқа дейін – 20 000тг, 1000 бастан 2000 басқа дейін – 25 000тг, 2000 бастан 3000 басқа дейін – 35 000тг, 3000 бастан жоғары 45 000 теңге деп көрсетілген. Енді пайымдай беріңіз, бұл талаптар шағын кәсіпкерлерді ме, әлде алпауыт кәсіпкерлерді қолдау ма? Иә, біздің таласымыз жоқ, дегенмен енді ашылып жатқан кәсіпкерлерге ешқандай жеңілдік пен нақты қолдау қарастырылмаған. Ірі компаниялар үшін де, шағын кәсіпкерлер яғни, шаруалар үшін де қойылатын талаптар бірдей. Ал, шын мәнінде олардың арасында жер мен көктей айырмашылық бар емес пе? Түсінуге болады, ірі қара мал бастары көп шаруалар техникамен жүріп шөп, жем берсе, ал мал саны аздарға соншама техника не үшін керек? Ол деген шағын кәсіпкер болған соң ауласынан да ашып отырғандар болуы мүмкін. Ол кезде аулада трактормен аралап мал ортасында жем шөп беріп жүруді көз алдыңа елестету мүмкін емес. Бұл да өзіңіз қол қойып отырған талаптың ішінде бар. Ауыл шаруашылығы саласында ақсап тұрған тұстар көп, оған өзіңіз де келісетін шығарсыз? Енді бағаларына тоқталып кетейік: бір малдың бір күндік жейтін азығы кебек 30 тг. 5 кг. – 150, күнжара 90 тг. 1кг – 90, дәннің қауызы – 50 тг. 2кг=100, бидай – 55 тг. 2кг –110, құрама жем 80тг. 5кг – 400, шөп 2-5 кг, тағы тұз, кальций, дәрумендер, дәрілер, жұмысшылар жалақысы мен коммуналдық жарық, суға төленетін ақшаларды қосыңыз. Малды сырғалау өте дұрыс бастама. Бірақ, осы сырғалауда үлкен мәселе жатқан жоқ па? Сырғаның уақытылы келмеуі, базаның істен шығып тұрып қалуы тапсыратын құжаттарға үлкен кедергі келтіріп отырғаны тағы бар. Бұған шаруаларға берілетін субсидияның кезіндегі кедергілерді баса айтып, ауылшаруашылық министрі ретінде, үкіметтің Премьер-министрі ретінде көтеруді сұраймын. Осы тұста атақты «бесеудің хатынан» үзінді келтіре кетейін: «...Мал басының қисапсыз кемiп кетуi мен көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екiншi жартысынан бастап) жөнiнде әлi күнге дейiн ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс?.. Нағыз көзбояушылар, көпiрме жоспарлар жасаушылар, оның үстiне өздерiне жүктелген нақты iсті басқара алмаған, көзбояушылықпен «бәрi де жақсы» деп тұжырымдап, өнеркәсiп саласындағы жетiстiктерге арқа сүйеген, сөйтiп, осынау елеулi мәселелерге жұртшылық назарын әлсiреткен жер органдары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерi одағының мүшелерi неге бүкiл жұртшылық алдында сабақ боларлықтай сазайын тартпайды?» Иә, қаншама жылдар бұрын жазылса да тура бүгінгі кезді суреттегендей. Ендігі кезекте еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының мал шаруашылығын өркендетуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға басымдылық берілген. «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары бойынша мал шаруашылығын дамытамын дегендерге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр. Дегенмен, алдағы уақытта дағдарысқа байланысты мемлекеттен берілетін көмектің қысқаратындығы жайлы жиі айтылып жүр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ретінде беріліп отырған ұсыныстарды ескере отырып, алдағы уақытта ауылдағы ағайындар мен шаруаларға барынша қолдау көрсету мақсатында, шағын және орта, ірі кәсіпкерлік деген сөздің ара жігін ажыратып, шағын, кәсібін енді бастап жатқан шаруаларға жеңілдік қарастырсаңыздар екен. Осы жағын ескеріп, қарапайым ауыл адамдарына мүмкіндік жасасаңыздар, олардың сіздерге айтар алғысы да аз болмас еді. Анаркүл СҮЛЕЕВА qazaquni.kz