Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды
2017 ж. 31 мамыр
7027
1
Бұл мәселені "Ақ жол" партиясы осыдан 4 жыл бұрын көтерген болатын
Бүгін – 31 мамыр Ашаршылық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Ұлттық аза тұту» күні! 31 мамыр – Ашаршылық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні 1997 жылдан бері ҚР Президентінің Жарлығымен атап өтіліп келеді. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы 1920 және 1932 жылдары қолдан ұйымдастырылған алапат ашаршылықтарына, 1929-1930 жылдары ұжымдастыруға қарсы шыққан қазақ халқының аяусыз басып жаншылған қарулы көтерілістеріне, сонау жиырмасыншы жылдарда басталып, біртіндеп күш алған саяси репрессияның 1937 жылдың қанды террорына ұласуының бағасы әлі толыққанды берілген жоқ. Украина Жоғарғы Радасы елді қырғынға ұшыратқан ашаршылықты Голодомор деп жариялап, украин халқына жасалған геноцид деп тапты. Украина соты И.Сталиннен бастап, бұрынғы КСРО басшылары мен Украин Кеңестік Социалистік Республикасы жетекшілерін де осы алапат қылмысты жасаған қылмыскерлер деп үкім шығарған. Қазақстанда болған ашаршылықтарда кейбір тарихшыларымыздың есебі бойынша 4 миллионға жуық адам қырылған. Алматыдағы үлкен жиында қанды қырғынның авторларының бірі Голощекин «біз керемет жетістікке қол жеткіздік» деп баяндама жасап, оған барлық коммунистер ду қол шапалақтап жатқанда, көшеде бірінің үстіне бірі үйіліп аштан өліп жатқан мәйіттердің иісі ашық терезеден ішке еніп тұрғанын айтады куәгер қайраткерлеріміз. 1897 жылы өткен Ресейдегі халық санағының ресми статистикасына қарасақ, өзбек ұлты 1 миллион 690 мың, тәжік ұлты 350 мың адам болыпты. Сол уақытта қазақ ұлтының саны 4 миллион 84 мың адам болған екен. Арада 120 жыл өткенде өзбек ұлты 30 миллионнан асып кетсе еліміздегі қазақ ұлтының саны 11 миллионға әрең жетті. Міне, ашаршылықтың орны толмас алапат зардабын осыдан-ақ білуге болады. 1937-1938 жылдардағы саяси репрессияда 100 мыңнан аса адам жазықсыз халық жауы атанды. Кеңес билігі халқы үшін басын бәйгеге тіккен Алаш зиялыларының 99 пайызын қырып тастады. Сөйтіп, Қазақ халқы басқарушы саяси элитасынан айрылды. «Ақ жол» партиясы жас ұрпақты Алаш идеясымен кең ауқымда және жүйелі түрде таныстырып, оны отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттарын, бірінші кезекте 1928-1932 жылдарға тиесілі ғасыр құжаты аталған «Алаш ісі» сот процестері материалдарын көп томдық түрінде жариялау ісінің қолға алынуы керектігін бұдан бұрын да көтерген болатын. Сонымен қатар осы «Алаш ісі» сот процесімен тікелей байланысы бар келесі мәселе ол ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарында жүргізілген саяси репрессия материалдары. Қазақстан тарихында ұлттық саяси басқарушы топқа және шығармашылықтағы зиялыларға байланысты жүргізілген жаппай репрессиялау шараларының себеп-салдары іргелі зерттеу тұрғысынан әлі де болса жан-жақты толық ашылмаған күйінде қалып келе жатыр. Алматыдағы Наурызбай батыр мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы "Қарағайлы" саябағында Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналатын ескерткіштің белгісі – тастұғыр тарихымызда ауыр қасірет алып келген зұлмат пен зобалаңның 60 жылдығында, яғни 1992 жылы орнатылған екен. «Содан бері өткен 21 жылда осы тастұғырды ескерткішке айналдыра алмауымыз елдігімізге сын» -деп. 2013 жылы 30 мамырда жазып едік біз «Қазақ үні» газетінде. Бұл көкейкесті тақырыпты сол кезде «Ақ жол» партиясының фракциясы Мәжілісте көтерді. "Қазақ халқының жартысынан астамын жалмап кеткен қолдан жасалған Ашаршылық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш-мемориалдық кешен тұрғызу – жастарымызға өткеннен сабақ беріп, отаншылдыққа тәрбиелейтін тарихи мәні зор саяси оқиға болып табылады. Ендеше бұған Президент жарлығына сәйкес жыл сайын 31 – мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шаралар әзірлеп өткізу тапсырылған Үкіметіміз терең мән беріп, баса назар аударуы керек!"-деген «Ақ жол» фракциясының депутаттары Қазақстан Үкіметі басшысына аталған саябақта аяқсыз қалған ескерткіш жұмысының қашан мәресіне жететінін және Саяси қуғын-сүргін құрбандарын, сол бір тарихымыздағы қасірет жылдарын зерттеп, ұрпаққа құнды мағлұмат қалдыру жөнінде Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар бойынша хабардар етуді сұраған болатын. Енді міне, аталмыш белгітас қойылғанына 25 жылдан соң, Ашаршылық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарының 80 жылдығында, Алаш қозғалысының 100 жылдығында бұл Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ақыры орнатылды. Бүгін қоғам қайраткерлері, зиялы қауы мен саяси және қоғамдық ұйымдар өкілдері жиналған жиында Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек ескерткішті ашты. Былтыр айтқан уәдесінде тұрған Алматының әкіміне алғыс айтамыз. Байқау қорытындысында 21 жобаның ішінен жеңімпаз болып табылған биіктігі 3 метрлік ескерткіштің авторлары - белгілі мүсіншілер Қанат Бегұлиев, Айдос Бүркітбаев және Дулат Үсенбаев. Ал «Ақ жол» партиясы бүгін жылдағы дәстүріне сай Ақмола облысындағы Ашаршылық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған АЛЖИР қасірет мұражайына барып тағзым етті. «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған Мәжіліс депутатары мен партия белсенділері Қасірет қабырғасына гүл шоқтарын қойып, әруақтарға құран бағыштады.
Алаштың арманын айтып, Қазақтың болашағы үшін күрескен арыстарымыздың асыл жарлары болғаны үшін ғана адам айтқысыз азап шегіп, ажал құшқан Арулардың әруағына тағзым еттік.
Ондай зұлматтың енді қайталанбауын бір Алладан тілеп, Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт өміріне шүкіршілік айттық.
Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz