АЛТАЙ КӨЛГІНОВ БАТЫС АЛАШОРДА ҚҰРЫЛҒАН ӨЛКЕДЕН «АЛАШ МУЗЕЙІ» АШЫЛАТЫНЫН ХАБАРЛАДЫ
2017 ж. 27 мамыр
2019
1
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында аймақтағы мәдени құндылықтарды қайта жаңғырту мен оны ел ішінде кеңінен насихаттау мақсатындағы жоспар, жобаларды комиссия мүшелерінің алдында таныстырды деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
Әкімнің айтуынша, Батыс Қазақстан облысында ел тарихын танып, білуге құштар жандарға көрсете алатындай бай тарих пен көне жәдігерлер аз емес. «Жуында ғана осындай құндылықтарды дәріптей отырып, жұрттың назарына ұсынуға қатысты жоспарларымызды үш кезең бойынша жасап шықтық. Яғни, қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді басым мақсаттарға жіктелген жұмыстарымыздың негізгі бағыты – ұлтымыздың рухани тұрғыда жаңғыруын жоғары деңгейде жүзеге асыру болмақ. Бұл ретте алғашқы дайындық жұмыстарымыз латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты қолға алынды. Мұның бәрі бір ғана күнде соңына жеткізе қоятын шаруалар емес екендігін ескеріп, қазіргі кезде елге белгілі танымал тұлғалар мен ғалым, ұстаздар қауымы бұқара ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – деді аймақ басшысы комиссия отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында. – Сол сияқты, «Туған жер» бағдарламасындағы міндеттерді орындау үшін аймақтардан меценаттар мен демеушілер іздестірілуде. Қоғамды ауызбірлік пен ұйымшылдыққа, тату-тәтті тіршілік кешуге үндейтін әртүрлі әлеуметтік маңызы зор жиын, шаралар өткізуге белсенді әрі ұлтжанды азаматтар тартылуда. Мәселен, бұл бағыттағы игі ісіміздің бірі – Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай, аймақ орталығынан арнайы «Алаш» музейін ашуды жоспарлау үстіндеміз. Мұндай ойды өңір кәсіпкерлері мен азаматтары бірауыздан құптады. Бәрі ойдағыдай болса, жыл соңына қарай «Алаш» музейін ел тамашалайтын болады деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін өңірде өз заманынан бері мұрты бұзылмай сақталған ғимарат та, оның ішін толтыруға көне жәдігерлік бұйымдар да жеткілікті».