«Бір белдеу, бір жол» жобасы: берері мен алары
2017 ж. 16 мамыр
6521
0
Пекинде «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумы өтті. Онда әлемнің қырыққа жуық мемлекетін қамтитын жобаның өзекті мәселелері талқыланды. Оған Қазақстан тарапынан салмақты делегация барып қатысты. Бұл тақырып жұртшылыққа әлі жақсы таныс емес. Сондықтан, «Жібек жолы» экономикалық белдеуі» жобасы туралы, жобаның көздеген мақсаты туралы сұраққа қоғам әлі де толық жауап ала алмай келеді. Мәселен, жобаны ұсынушы Қытай жөнінде әртүрлі алыпқашпа әңгімелер көп айтылуда. Бірақ оған мамандар тарапынан салиқалы жауап жоқтың қасы. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін қоғам қайраткері, белгілі экономист-сарапшы Жанкелді Шымшықовқа аталған мәселе туралы бірнеше сұрақтар жолдаған едік. Енді сол сұрақтарға алынған жауаптарды назарларыңызға ұсынамыз:
– Жангелді мырза, «Жібек жолы» экономикалық белдеу» жобасы жайлы сізге не мәлім?
– 2013 жылдың күзінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жасаған іс сапары барысында өзара бірігіп Жібек жолының экономикалық белдеуі мен Жібек жолының ХХI ғасырдағы теңіз жолын жасау жөніндегі ұсынысын жариялаған болатын. Идеясын алғаш Қазақстанда ортаға салып, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан қолдау тапқаны белгілі. Осыдан бері үш жылдан астам мерзім ішінде «Бір белдеу, бір жол» идеясы кең етек алып, жүз ел қуаттап, ал қырықтан астамы Қытаймен ынтымақтастыққа қол қойды» деп мәлімдеді ҚХР мемлекеттік кеңесінің мүшесі Ян Цзечи. Биыл 17-қаңтарда Давоста өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда ҚХР Төрағасы СИ Цзиньпин өзінің бағдарлы сөзінде көпшілікті 2017 жыл 14-15 мамырда Пекинде өтетін «Бір белдеу, бір жол» атты Халықаралық ынтымақтастық форумына (BRF) қатынасуға шақырды. Форумның мақсаты: халықаралық ынтымақтастықты тереңдету үшін өзара қарым-қатынастарды реттеу; жеткен жетістектерді қорытындалап, бұдан кейінгі іс-шараларды жоспарлау; заманауи Жібек жолын жасауды жалғастыру тетігін өзара жан-жақты кеңесіп жүргізу арқылы құру; Жібек жолы бойы елдерінің әрекеттерінің жоспары мен стандарттарын бір жүйеге келтіру. Осы баяндағанымыздан аталған «Бір белдеу, бір жол» жобасы жайлы біраз дерекке ие екеніміз көрініс тапқан сияқты. Нақтырақ айтсақ, 2015 жылдың 16-сәуірінде ҚХР мемлекеттік кеңесінің нұсқауымен он алты беттік «ХХІ ғасырдағы Жібек жолының экономикалық белдеуін бірлесе жасаудың іс-әрекеті мен тамаша келешегі» жайлы буклеті шықты. Биыл отандық газеттерде және «Караван», «АиФ» тағы өзге ресми ақпараттарда ҚХР өкілдерімен сұхбаттар жарияланды. Алайда, Қазақстанда бұл жоба туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтің тым аз екендігін мойындауға тиістіміз.
– Осы экономикалық жобадағы Қазақстанға белгіленген рөл қандай?
– Ең бірінші кезекте «Жібек жолының» құрлықпен өтетін, Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны Ресей арқылы жалғайтын көлік жолы «өтпелі дәліз» рөлін атқаратынын атап өту керек. Бұдан 2000 жылдар бұрын да Ұлы Дала арқылы өтетін Жібек жолының осы тұсы қауіп-қатерсіз болмағаны тарихтан белгілі. Жібек, форфор ыдыс, қағаз, бағалы зергерлік бұйымдар артқан сауда керуендерін қай жерде қай тонаушының қарақшылауын топшылау оңай болмағаны түсінікті. Ал қазіргі замандағы Жібек жолының Ұлы Даланың бұл тұсындағы теміржол, автокөлік өтетін аумағы ең қауіпсіз ғана емес, ең ыңғайлы да, тиімді болары сөзсіз.
Жібек жолындағы Қазақстанның екінші рөлі – мұнай-газ құбыр көлігінің дәлізі ғана емес, Батыс Қытайға осы құбыр арқылы тасымалданатын энергетикалық ресурстарды жер қойнауынан шығарып «жөнелтуші-ұсынушы» рөлі. Бұл, әрине, ұтымды рөл емес. Өйткені, ол біздің елімізді Қытайдың шикізат алатын базасына айналдырады. Әрине, егер Қазақстан өз экономикасын «Бір белдеу, бір жол» жобасы толық жүзеге асқанға дейін 3-і жаңғыртудан өткізе алса, сонда құбыр көлігімен мұнай-газды емес, дайын өнім – жанар-жағармайды айдаса, онда біз шикізат базасы емес, толыққанды серіктес, ынтымақтас тең дәрежедегі ел болар едік. Бұл біздің үкіметтің осы бағыттағы экономикалық саясатының басты шарты болмақ.
Қазақстанның үшінші рөлі – экологиялық зардаптардан әбден титықтаған Қытай өнеркәсібі мен химиялық және дамылсыз қолданудан қаусыраған ауыл шаруашылығына тыныстауға қажет табиғаты бұзылмаған таза өкпедей өңір аса қажет. ҚХР-ның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьуэй Қытайдан көшірілетін елу бір кәсіпорын жайлы былай ағынан жарылды:
– Бұл ешқандай көшіру емес, барлық кәсіпорындар жаңа. Онда ешқандай ескірген қоңдырғылар мен технологиялар болмайды. Барша өндірістер өзара тиімділік негізінде құрылады. Бірінші кезекте мұнай-химия, тау-кен, тамақ қайта өңдеу, автоқұрыстыру т.б., – дейді.
Иә, уәде әдемі. Бірақ оны біздің тарпымыздан бақылаудың жолдары қалай болар екен? Қазіргі қазақ қауымын ойландырып отырған да осы мәселе...
Төртінші рөл, әрине, Қазақстан органикалық табиғи таза азық-түлік өнім өндіретін, ауылшаруашылығының мүмкіндігі бір миллиард адамды асырауға қабілетті ел. Бұл – біз үшін өте ұтымды рөл. Мәселен, АҚШ өзінің азық-түлік өндірісі мен экспортын экономиканың сыртқы саясаттағы стратегиялық саласы деп танып, шет елдегі тұтынушыларына алыпсатарлық «саяси қысым» жасауға ешбір тартынбай келеді.
– Бұл жоба Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?
– Егер ҚХР жауапты қызметкерлерінің бұл жобаны «тең мүдделі, өзара келісімді, өзара тиімділік, ынтымақтастық пен достық бағыттағы және БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің т.б. халықаралық ұйымдардың қолдауын тапқан жоба» деген мәлімдемесі біздің билігіміздің ымырашылдықтан аулақ, ұлтжанды, қауқарлы, табанды әрекетіне сүйенсе – әрине, мұның экономикамызға оң әсер ететін жоба екені даусыз. Әсіресе, ішкі тар шеңберлі нарық қысып отырған ауыл шаруашылығы ұзақ мерзімдік ауқымды сыртқы нарықтық сұранысқа қол жеткізсе, Қытай жағы біздің органикалық өнімді қымбатқа алмақшы болып отырса, онда әрине, қуанбасқа шара жоқ. Жоғарыда аты аталған ҚХР-дың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі: «Сіздердің азық-түліктеріңіз: бидай, ұн, бал, өсімдік майы, әсіресе, ет Қытайда өте тапшы – өйткені оған сұраныс зор» деген еді. Осы арада еске салып өтейік – 2010 жылы Ресеймен Кедендік одаққа мүшелікке өткенде «Сыртқы нарық 150 млн. адамға өседі» деп бөркімізді аспанға аттық. Алайда Ресей экономикасымен біз бәсекелес екенімізді әдейі ойлағымыз да, біліп тұрсақ та білгіміз келмеді. Енді қарасақ, одақпен өткен алты жылдың нәтижесі тым мардымсыз. Ал Қытайдың ауыл шаруашылығы бізбен мүлдем бәсекелес емес. Сондықтан ауыл-шаруашылығы үшін бұл жобаның пайдасы мол.
– Бұл жоба Евразия өңірінің саяси, әлеуметтік және геосаяси жағдайына қандай әсер етеді?
– Еуразия өңірінде бұл жоба толық құрылып, іске асырылған жағдайда – орасан зор өзгерістер орын алуы мүмкін. Инфақұрылымның өзгеруі Еуропа мен Азия арасындағы қатынастар мерзімін мейлінше қысқартып, шығындарды азайтары сөзсіз. Соңғы кезде саясатта орын алып отырған «санкциялық соқтығыстар», «оқшаулану» (изоляционистік) саясатының орнын шынайы жаһандану үдерістері жеңсе және өзара тиімді халықаралық еңбек бөлісі негізінде, әр ел өз экономикасының абсолюттік және салыстырмалы бәсекелестік артықшылықтарын толық пайдаланар болса – онда саясатта өктемдік, таптаурындылық, заңсыздық жойылары хақ. Шынында да, әлемдік деңгейде көбіне-көп экономикалық қанағат таппаған мүдделер ғана саяси қақтығыс тудыратыны белгілі. «Жібек жолы» экономикалық белдеу бойында жаңа елді мекендер бой көтеріп, қосымша жұмыс орындары ашылады. Әртүрлі мекемелер жұмыс істеп, әлеуметтік мәселелер шешімін табады. Геосаяси арасалмақ АҚШ, Европа құрлығынан Еуразия құрлығына ойысады. «Бір белдеу, бір жол» жобасына топтасқан елдер Еуразия өңірінің саяси, әлеуметтік геосаясатын өздері өзара кеңес, өзара татулық, түсіністік пен терезесі тең қатынас арқылы шешетін болады.
– Бұл жоба Еуразиялық экономикалық Одақ пен РФ қатынасына қалай әсер етеді?
– Айта кету керек, «Бір белдеу, бір жол» атты «Жібек жолы», экономикалық белдеуді бірлесе жасау жобасын Ресей де қолдап отыр. Әрине, РФ әрқашан да КСРО кезінде уысында болған елдердің «сыртқы тартылыстарына» қызғаныш пен алаңдаушылық танытып отыратыны белгілі жайт. Алайда, бұл жолы бұл жобаға бірлесе кіріп отырмыз ғой. Бұған дейінгі ШНОС, ОДКБ, ВТО сияқты құрылымдарға да бірге мүше болып келеміз. Оның үстіне «Бір белдеу, бір жол» ХХІ ғасырдағы Жібек жолының экономикалық нәтижелері ЕЭО мүдделерін жоққа шығарып жатқан жоқ. Олардың мақсаттары мен міндеттері бірін-бірі толықтырып, АҚШ-тың, ЕО-ның және басқа да саяси шиеленіс тудыратын бірлестіктер мен блоктардың саяси ұстанымдарынан мүлдем аулақ. Бұл-бұрын соңды болмаған алып жаңа экономикалық жоба.
– Әңгімеңіз үшін көп рахмет!
Әңгімені жүргізген: Әлмәмбет ӘЗИЗҰЛЫ
qazaquni.kz