ЗЕЙНЕТІНЕН БЕЙНЕТІ БАСЫМ ҚОРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ҚАШАН ТҮЗЕЛЕДІ?
2017 ж. 09 мамыр
2202
2
ҚАРИЯЛАР ҚОРЖЫНЫНА ҚОЛ СҰҚҚАНДАРДЫ ҚАТАҢ ЖАЗАЛАУ КЕРЕК
«Айтылмаса сөздің атасы өледі» дейді халық даналығы. Атадан қалған асыл ойға айтар дауымыз жоқ, бірақ бір нәрсені қайталап айта берсең сөзіңнің де, өзіңнің де қадірің кетеді екен. Біздегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жайында жазбаған басылым кемде кем шығар. Ел арасында зейнетақы емес, «бейнетақы қоры» аталып кеткен бұл қаржылық мекеменің қырсыз жұмысы туралы «Қазақ үні» газеті тұрақты түрде материалдар жариялап келгенін көзі қарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Әрине, өз қадірін кетіру үшін емес, ертеңгі күні зейнетақысыз қаламыз ба деп қауіптенген қалың оқырман талабы бойынша бұл тақырыпқа қайта-қайта оралуға мәжбүр.
«Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» дегенді де көреген қазағым дәп осы қорға қаратып айтқан ба деп қаласыз. Сол бабаларымыз айтқандай, бүгінгі миллиондаған еңбеккерлердің ертең қартайған шағындағы жалғыз сүйеніші, тіршілігінің түпкілікті тірегі – осы қорға сеніп тапсырылған қаржы ғана екені де рас. Сондықтан оның маңызы мен аса қажеттілігі туралы қайталап айтпай-ақ қоялық. Айтпайық десек те, алдындағысы аз болғандай БЖЗҚ-да және бір былық шығып, салымшылардың сенімін селдіретіп, көпшіліктің көңіліне тағы да қаяу түсірді. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының қаулысымен жақында «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасының экс-орынбасары Дабыр Медетбеков те қамауға алынды. Осыған дейін ұсталғандардың тізімінде Медетбеков жоқ болатын. Соған қарағанда қор қаржысын қымқырды деген күдіктілердің қатары әлі де толыға түсетін түрі бар. «Ар-ұяттан жұрдай, қадыр-қасиетсіздердің қолына қалай ғана халық қаржысын сеніп тапсырып қойған?!» деп жағасын ұстаған жұрттың ендігі уайымы ертеңгі күні болып отыр. Сондай-ақ, істі болған «БЖЗҚ» АҚ басқармасының экс-төрағасы Руслан Ерденаевтың, «БЖЗҚ» АҚ Қатерлерді басқару департаментінің Қаржы қатерлері басқармасының басшысы Мұса Бахтовтың, «АлатауМұнайАлтын» АҚ бақылау кеңесінің төрағасы әрі «Бузгул Аурум» ЖШС құрылтайшысы Бақытжан Кенжебаевтың, «Бузгул Аурум» ЖШС директоры Азат Найзағариннің қамау мерзімі тағы бір айға ұзарғаны белгілі. Басқа емес, зейнеткерлердің қалтасына түскендерді тергеу жұмыстары жалғасуда. Салымшылардың триллиондаған қаржысы сақталған зейнетақы қоры жұмысына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да сын айтып, «Ұлттық банк ақшаның тиімді жұмсалуын бақылауды бетімен жіберген» деді палата басшылары. Жұрттың қарттыққа деп жиған ақшасын кезінде жекелеген компаниялардың заңсыз пайдаланғаны да Ұлттық банктың кінәсі деп отыр олар. Жеке фирмаларды дұрыс бақылап, олармен жұмыс істей алмаған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылған соң да жағдай өзгерген жоқ, сол бәз-баяғысынша. – Екінші деңгейлі банктер қаржыны басқара алмайды, оңды-солды шашты деген желеумен қазір жұрттың бар ақшасын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына топтастырды. Ал жаңадан құрылған қор ол ақшаны мемлекеттік қарызға жұмсап, банктерге депозит ретінде берді. Яғни, банктен алып, қайта банкке берді, – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алқасының төрағасы Тимур Құлыбаев. Құлыбаевпен келіспеске амалымыз жоқ, қор қаржысын тиімсіз салаға жұмсап, одан қалды ақша жымқырғандар қамауға алынғанмен бұл ұйымның жұмысы әлі де дұрыс жолға қойылмағаны анық байқалады. Тіпті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жанынан құрылған қоғамдық кеңестің де әсері болмаған секілді. Шынын айтсақ, салымшылар бұқара алдында беделін жоғалтып болған қаржыгерлерге емес, дәп осы қоғамдық кеңеске үлкен сенім артқан еді. Зейнетақы жүйесінің олқылықтарын тізбектеп, қоғамдық талқылау ұйымдастырып, халық қаражатының тағдырына жауаптыларды іздеген оның төрағасы, белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаевтың өзі ақыры кетуге мәжбүр болды. Зейнетақы қоры жанынан құрылған қоғамдық кеңеске 3 ай бойы төрағалық еткен саясаттанушы шенділерге шегелеп сұрақ қойып, сауал хаттар жаудырып, зейнетақы жүйесі «құпиясының» бетін аша бастаған еді. Алайда бұл белсенділікті ұнатпаған басшылар қоғамдық кеңес қор жұмысын реттеу үшін ғана құрылғанын айтып, зейнетақы жүйесінің кем-кетіктері мен құпиясына араласуын шектеуге дейін барған. Сонда қоғамдық кеңесті не үшін құрдық? – Бүкіл ағза науқас болса, бір қолды емдегеннен не пайда? Зейнетақы жүйесі күйреп жатқанда, қордың мәселелерімен ғана шектелу дұрыс емес. Мен үшін қор ақшасына жауапты мемлекеттік құрылымдардың дұрыс жұмыс жүйесі қағидасын жасап шығару маңызды еді. Мысалы Ұлттық банк қандай шарттарды негізге ала отырып біздің жинақтарымызды банктерге үлестіреді? Үкімет біздің жинақтарымызды қандай мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға береді? Одан түсетін пайдасы бар ма? Бұны халық ашық көріп отыру керек, – дейді белгілі саясаттанушы. Досым Сәтбаев дұрыс айтқан, біздегі коммерциялық, банктік деген секілді толып жатқан «құпиялардың» көзін құрту керек. Халықтан жасыратындай ол неғылған құпия? Саясаттанушы сол сияқты онсыз да ақшасы жетіп артылатын темір жол саласын қолдау үшін зейнетақы қаражатынан 50 миллиард теңге бөлу мәселесін көтеріп, зейнетақы ақшасын емделу, пәтер алу мақсаттарына бөлшектеп алу жөнінде айтқан еді. Ол ұсыныстардың енді не болары да белгісіз. Досым Сәтбаев қоғамдық кеңестен кеткен жалғыз адам емес, онымен бірге экс-вице-министр Рахым Ошақбаев, экономист Ғалым Құсайынов пен сараптамашы Бота Жұманова да ілесе кетті. Соған қарағанда бұл жерге қоғамдық кеңес емес, Қауіпсіздік комитетін түгелдей көшіріп әкеліп отырғызса да түк бітіре алмайтын сыңайлы. Ал, Зейнетақы қорының басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева болса бірді-екілі адамның кеткені трагедия еместігін ашық айтты. «Қазіргі кезде қоғамдық кеңесте 29 адам бар, екі-үш адамның шыққаны менің ойымша оның жұмысына кері әсерін тигізбейді. Біз осы уақытқа дейін қоғамдық кеңеспен қалай жұмыс істесек, қолғабыс көрсетсек сол қалыпта ары қарай жұмыс істей береміз», – деген «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқармасының төрайымы Нұрбибі Наурызбаева белгілі мамандардың кеткеніне қуанбаса ренжімейтінін байқатты. Бұл жерде бұқараның ұсынысымен жасақталған қоғамдық кеңес қордан көмек сұрап барған жоқ, керісінше халықтың атынан олардың жұмысын қадағалап, ретке келтіру үшін құрылды емес пе? Төрайым тым болмаса осының да пайымына жетпеген секілді. Жалпы Наурызбаева еліміздегі бұл ең ірі қаржылық мекемеге қалай ғана басшы бола қалғанын салымшылар әлі де түсіне алмай жүр. Бір кезде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» басқарып, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған пәтерлердің заңсыз берілуіне жол ашқан, бұрынғы лауазымынан айқай-шумен кеткен адамға қалайша әлеуметтік жауапкершілігі жоғары қаржылық мекемені басқаруға сенім білдіріліп отыр? Оған кім қолдау көрсеткені де белгісіз. Сондықтан, болар салымшылар қатарынан «Одан да Мұхтар Әбілязовтың тура өзін тағайындай салу керек еді!» – деген мысқылдарын ашық айтқандар табылды. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жалған ақпарат берген. Мекеменің ресми сайтындағы инвестициялық табыс туралы мәлімет шындыққа мүлдем жанаспайды» деген мәжілісмендер де бұл атышулы қорға өздерінің кезекті күдіктерін білдірді. « Мысалы, бір ғана 2015 жылғы табыс 15,6 пайыз деп көрсетілген, ал шын мәнінде 10 пайыздан аспайды», – дейді депутаттар. «Ақ жол» фракциясы осы мәселе бойынша Үкіметке сауал жолдады. Айтарлықтай мол табыс таппаса да, Зейнетақы қоры Ұлттық банкке 16 млрд. теңге комиссия төлеген. Не үшін, ненің есебінен? Өткен жылы инфляция 8,5 пайыз болса, қорға 7,9 пайыз ғана кіріс кірген. Яғни, қып-қызыл шығынға жұмыс істеген, болашақ зейнеткерлердің қаржысын ұқыпсыз пайдаланған. Мына көрсеткіштерге қарасақ зейнеткерлердің қаржысын үстемелеп көбейтудің орнына азайтқаны айқайлап тұр. Осылай кете берсе бірнеше жылдан соң қарттар қоржынының түбі көрінері анық, сөйтіп зейнеткерлер қаражатсыз қалуы ғажап емес. Ал, ол өз кезегінде қоғамда әлеуметтік «жарылыс» тудыратыны белгілі. Сөйте тұра басқарушы компанияларға 33,6 млрд. теңге сыйақы төлепті. Келтірілген деректер бойынша 13,6 млрд. теңге қордың әкімшілік шығындарына жұмсалған. Бұл дегеніміз – жемқорлыққа саналы түрде жол берілді деген сөз. «Ең қауіптісі, Ұлттық банк пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры басшылығы инвестициялық саясатты өзгертуге құлықты емес. Осыған қарап, әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорын да осы проблемалар күтіп тұрғанын түсіну қиын емес. Мұндай қорлардың қаражаты бюджеттің жыртығын жамауға жұмсалады немесе лауазымды тұлғалардың бас пайдасына кетеді деп күдіктенуге толық негіз бар. Қазіргі болып жатқан жағдай қаржы құрылымдарына деген сенімді түбегейлі жоюға әкелері сөзсіз», – деді мәселенің ашығын айтқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Екатерина Никитинская. Айта кетелік, бұл «Ақ жол» партиясы депутаттарының Ұлттық банкке қойған бірінші сауалы емес. Кәсіпкерлерге тиімсіз қызмет көрсеткен қаржы мекемесінің кемшіліктерін талай рет бетіне басып, тіпті Үкіметке дейін сауал жолдаған-ды. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. «Бәрін де қатырамыз!» деген Ұлттық банк құрғақ уәделерімен әлі де алдаусыратып келеді. Неге? Өйткені қазіргі жұмыс әдістері өздеріне тиімді. Олар халықтың қамын қарастырып жатқан жоқ, өз бас пайдаларын ғана ойлайды. Расында, 33,6 млрд. теңгені басқарушы компанияларға сыйақы ретінде, 13,6 млрд. теңгені әкімшілік шығындарға оңды-солды жұмсауы осыған нақты дәлел емес пе, бұдан артық қандай дәйек керек? Осы ақшаға қаншама мектеп пен аурухана салуға болушы еді. Бұл – халықтың ақшасын талан-таражға салу. Атқаруға міндетті жұмыстарына деп ақшаны аямай жұмсап, біреулерге қомақты сыйақы беретіндей олар соншама не бітіріп қойыпты? Халықтың қаржысын өзінің қалтасындағы жеке ақшасы сияқты есепсіз жұмсау – қылмыс. Бұл қаржы халықтікі, оларға әкелері мұра етіп қалдырған жоқ осыншама ақшаны. Сондықтан біздегі қаржы жүйесіне түпкілікті реформа қажет. Алдымен Ұлттық банктің тура өзінен бастап, оған бағынышты немесе тәуелді қаржы мекемелеріне толықтай ауқымды аудиторлық тексеру жүргізу керек. Егеменді ел болған күннен бергі келтірілген шығындарын толықтай қайтартқызу қажет. Оларға берілген кең құқықты шектеп, үнеммен жұмыс істейтіндей жаңа ережелер заңдастырылғаны жөн. Бұл саладағы қылмыскерлерге жазаны қатайту қажет, онсыз біз жемқорлықты жоя алмаймыз. Өйткені зейнетақы сияқты әлеуметтік маңызы зор мәселемен ойнауға болмайды. Ертең миллиондаған зейнеткерлер зейнетақысыз қалса мәселенің көкесі сонда басталады. Қаржыны ішіп-жеп, оңды-солды шашқандар кетеді, олардың соңынан былықты тағы да мемлекет тазалайтын болады, тағы да мемлекет шығынданады. Алдында айтқанымыздай, бүкіл БАҚ оның ішінде біздің басылым да оқырмандар талабына сай аталмыш қордың жұмысын үнемі қадағалап, тұрақты назарда ұстап келеді. Қалың көпшіліктің уайымын алға тартып, қор жұмысын жөнге салу керектігін қайта-қайта көтеруде. Оған қоса кәсіпкерлер мен мәжілісмендердің де біздегі қаржы саласына деген өкпесі қара қазандай. Бірақ осының бәріне ешкім құлақ аспайтынын байқадық. Халықтың талап-тілегіне орай жұмысты үйлестіруге міндетті Үкімет те үнсіз. Әлде оның құзіреті жеткіліксіз бе? Олай деуге болмас, Елбасының өзі президенттік өкілеттіктің біраз бөлігін осындай мәселелерді өз бетінше оңтайлы да шұғыл шешу үшін Үкіметке берді емес пе? Олай болса бұл не тұрыс? Жекелеген адамның үні жоғары жаққа жетпейді десек те басылымдар мен телеарналардың жанайқайына назар аударуға болады ғой. Есеп комитеті естуден, құқық қорғау орындары көруден қалған ба? Жоғарыда отырғандар басылымдарды оқымайды, телеарналарды көрмейді деуге аузымыз бармайды. Айтайын дегеніміз - қоғамдағы келеңсіз көріністерге, жемқорлыққа қарсы бәріміз бірігіп күресуіміз керек қой. Жақында ғана Елбасымыз «Болашақ үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек» деп айтқан жоқ па?! «Өзім тазамын, өзгелерде шатағым жоқ!» деген ұстаным ұшпаққа шығармайды. Керек десеңіз, бұл қазақстандық әрбір азаматтың тікелей міндеті емес пе?!.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz