РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – КЕЛЕШЕК КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТЕДІ
2017 ж. 02 мамыр
6434
23
Төрегелді ШАРМАНОВ, Ұлттық Ғылым академиясының академигі:
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – КЕЛЕШЕК КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТЕДІ
Қазіргі таңда Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы республика көлемінде жан-жақты талқыланып, кең қолдау табуда. Қоғамда үлкен серпіліс туғызған бұл дүниенің жариялануы рухани жағынан әлемдегі ең азат мемлекет екенімізді айғақтай түскендей болды. Мұндағы қос тарауда қозғалған келелі мәселелерге көз тіге отырып, Елбасы атап көрсеткен жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы біз дүниежүзіндегі ең дамыған отыз елдің қатарынан еркін көріне аламыз. Ол үшін, әлбетте, әрбір қазақстандық туған елін түлету үшін тынымсыз еңбек етуі қажет. Бұл мақаладағы айрықша атап өтерлік дүние – латын әліпбиіне көшу мәселесінің қозғалуы. Бұған дейін де, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2012 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» дегені белгілі. Иә, латын әліпбиіне көшу – бұрынғы кеңестік жүйе «дәстүрлерінен» біржола арылатын бағалы бастама. Әрі әлем елдерімен тереземізді теңестіретін тиімді тәсіл. Әрі қай салада болсын, жаңа технологияның тілін меңгеруді жеделдететіні анық. ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың қарыштап дамыған дәуірі екені мәлім. Осы көштің басында жүру үшін, әрине, бізге әлем елдері қолданып келе жатқан латын әліпбиіне көшу өз-өзінен сұранып тұрған дүние. Мәселен, медицина саласы латын әліпбиіне өтуді қуана қолдайды. Өйткені медицинада латын алфавиті кеңінен қолданылады. Тіпті, оның үлесі – 92 пайыз. Ал орыс тілінің үлесі бір жарым пайыз ғана. Меніңше, Елбасы мақаласындағы «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім», т.б. жобалардың қай-қайсысы болсын айрықша жаңашылдыққа бастайтын нақты жоспар ретінде де құнды. Біз нағыз рухани тәуелсіз ел атанғымыз келсе, Мемлекет басшысының осынау өзекті мәселелерді қамтыған, тағылымды тұжырымын іс жүзінде орындауға бел шеше кірісуіміз керек.
Асанәлі Әшімов, ҚР Халық артисі:
БИІК БЕЛЕСТЕР БАСТАМАСЫ
Елбасымыздың жолдау мақаласындағы рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты белестерінің бірі деп есептеймін. Себебі, рухы, салт-дәстүрі, тілі жоғалған халықты ешкім, ешқашан білмек емес. Тарихын бойына сіңіріп өскен ұрпақ қана мықты болып, әлемге қырағы көзбен шолу жасап, қорықпай қанат қағып, қажырлы еңбек ететіні сөзсіз! Сондықтан, Елбасымыз бүгінгі күннің ғана мүддесін ойлап қоймай, ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып жататын, сағын сындырмай, барын барымталатпай, бағын балталатпай, өзім дегенде өзегінде ар мен намыс біте қайнасып жататын ұл мен қыздың өсіп-өнуіне жан-жақты жағдай жасалатын бағыт сілтеп отыр. Енді, біз, әрбір сәтте жалғыз мақсатқа жаппай қолдау білдіріп, жұмыла атсалыссақ, жарқын болашаққа қадам басқан әр перзентімізге табыстайтын мұрамыз да жарқын болады.
Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» сыйлығының лауреаты:
ҰЛТТЫҢ ҰПАЙЫН ТҮГЕНДЕГЕН ҚҰЖАТ
Сансыз жұлдыздарды самсатқан, шексіз аспан әлемі мен қасиетті қара жерді жасаған Алла тағаланың қазақ халқына берген ең үлкен сыйы оның бірі қазынадан да қымбат – Тәуелсіздік. Екіншісі, сол Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында аянбай тер төгіп келе жатқан Елбасымыз. Негізінде, көп дүние халыққа тікелей байланысты. Халық қандай болса, мемлекет те сондай болады. Біздің мемлекет басшысы өзінің көрегендігімен, сарабдал саясатыменен әлемге танымал тұлғалардың біріне айналды. Елбасымыз Тәуелсіз қазақ елін әлем алдында абыройын асқақтату үшін де нық қадамдар жасап келеді. Солардың бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Ассамблеясының 70-ші сессиясында қазақ тілінде баяндама жасауы қазақ тілінің әлемге танылған күні ретінде біздің еліміздің тарихында алтын әріппен жазылған күн болды десек артық айтқандық емес. 2017 жыл да ел үшін де, Елбасы үшін де маңызды жыл болғаны анық. Мәселен, дәл осы жылы Н.Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуі жарқын болашаққа бастаған баянды қадам болғаны сөзсіз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша мән беріп қана қоймай, жаңа кезеңге жол ашты. Ал жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлтымызды ұлықтауға бағыттайтын құнды құжат. Мұның әрбір жолында үлкен салмақ жатыр. Бұл мән-маңызы жоғары мақала елімізді «Мәңгілік елге» айналдыру жолындағы бағдаршам іспетті. Әрбір қазақстандықтың рухын биіктетіп, рухани жаңғыруға бастаған бұл бағдарлама барысында айтылған қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының бүгінгі өскелең ұрпаққа берері мол. Өйткені, Президент айтқандай, еліміздің болашағы білімді ұрпақтың қолында. Аталмыш жоба аясында, жастар заман талабына жауап бере алатын жаңа сапалық деңгейде білім алуға қол жеткізеді. Оның үстіне әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тілінде оқуға мүмкіндік алу дегеніңіз өте зор мүмкіндік. Елбасымыздың өзі үнемі тілге тиек етіп жүргеніндей, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға апаратын қарышты қадам. Өркениеттің көшіне ілесе білетін өр рухты өскелең ұрпақты тәрбиелеуге таптырмас құрал болмақ. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының ауқымы кең. Себебі, ұлттың ұпайын түгендеген бұл құжатта елдің келешегін жарқын етер келелі мәселелер көтерілген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ендігі жерде айқын мақсатпен бір тудың астында бекем бірлігімізді танытып, ілкімді істердің атқарылуына әрбіріміз өз үлесімізді қосуға тиіспіз.
Назгүл ШЫҢҒЫСОВА, филология ғылымдарының докторы, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі:
ЕЛБАСЫ ҚОЙҒАН МІНДЕТТЕР ЗОР ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы еліміздің, ұлтымыздың таяу жылдардағы қоғамдық-саяси, тарихи, мәдени, рухани салаларының барлығында болашақ даму жоспарын қолмен қойғандай етіп анықтап, айқындап берген бағдарлама. Қайта түлеудің саяси және экономикалық екі үдерісіне байланысты нақты мақсат-міндеттер, басымдықтарды талдап, талқылап, түсіндіріп, тіпті, қалай жүзеге асырудың жолдарына дейін баяндаған. Тәуелсіздік кезеңіндегі атқарылған зор істерге баға беріле келіп, «енді біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басамыз?» деген мәселені күн тәртібіне қояды. Мақаланың өн-бойындағы айтылған мәселелер түйіндей келгенде: ұлттық бастауларды, ұлттық тарихты берік негіз ете отырып, әлемдік бәсекеге төтеп беру үшін, бәсекеде озу үшін жаңа коммуникативтік технологияларды меңгеру, тұтас халықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, санасын жаңғырту, жаңа өзгерістерге бейімдеу. Шынайы прагматизмнің жарқын үлгілерін болашақта көргіміз келсе, экожурналистиканың алдындағы міндетті айқын сезінуге болады. Елбасымыз айтқан ұлттық байлығымызды үнемді пайдалану, ысырапшылдыққа жол бермеу, табиғатты сақтау, жаһандық, өңірлік экологиялық мәселелер туралы БАҚ-та экологиялық ойлау тұрғысынан толыққанды, сараптамалық ақпараттар берілу қажет. Ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне байланысты Елбасы басты екі қырын сипаттаған: ол ұлттық сана-сезімді және ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, сипаттарын өзгерту, ұлттық мәдениетті дамыту. Бұл міндетке біз де өз тарапымыздан үлес қосуға тырысамыз. ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасында «Жаһандық әлемдегі журналистиканың социомәдени көптүрлілігі: ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері» тақырыбы бойынша іргелі ғылыми жоба орындалды. Зерттеу нәтижелері бойынша ғылыми еңбектер жарық көрді. Сол зерттеулер Елбасының қойған міндеттерімен үндесіп жатыр. Мақалада латын әліпбиіне көшу туралы міндеттер осы процестің негізгі бағыттары көрсетіліп, нақты мезгілдерімен айқындалған. Қазіргі таңда телекоммуникациялық, компьютерлік және хабар тарату технологияларының өзара қызметі коммуникациялық ортаны өзгертті. Жаңа медиа-жүйелер пайда болды. Сондықтан, мультимедиялық, сандық, интерактивті коммуникациялар дәуірінде бәсекеге қабілеттілік танытуымыз, студенттердің бойына халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу, шетел тілдерін жетік меңгеру, әртүрлі тілдік платформаларда еркін жұмыс істей білу қабілеттіліктерін арттыруымыз қажет. Жаңа сапалық деңгейде білім беруді көздейтін қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы дәл уақытында қолға алынған әрі аса пайдалы, маңызды идея. Жастардың қандай мамандыққа болсын жедел бейімделуіне, жан-жақты болуына, әсіресе қазақстандық білім берудегі ерекшеліктер, инновациялар игі ықпал етеді деп ойлаймын.
Ерлан Біләл, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры:
ҚҰНДЫ ҚҰЖАТТЫ ҚОЛДАУҒА МІНДЕТТІМІЗ
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жолдау мақаласында айтылған рухани жаңғыру мен заманауи ілгерілеудің жолын ұстап, саналы ұрпақ тәрбиелеп, қоғам жүгін қатар көтерісетін азаматтарды қалыптастырып, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің сапында болу қай-қайсымыздың да көкейімізге қонары хақ! Елбасының «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», «Жаңғыру елдің ұлттық – рухани тамырынан нәр алуы керек» деген сөздерінің астарында ел мүддесін басты құндылық ретінде бағалау жатыр. Бұл жай ғана мақала емес, болашаққа бағдар берген тарихи құжат. Ендеше, Елбасының бұл мақалада айтылған құнды ойларын барлығымыз да қолдауға міндеттіміз!
Дайындаған: Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz