Жастарымыз жауын-шашынның астында баспанасыз жүрмесін. Меніңше, Перуашев ұсынып отырған ЖОБА - осы!
Несиеге үй алуға еш мүмкіндігі жоқ жастарға, қандай жобамен болса да, баспана тұрғызып берудің жолын қарастырып жатқандар болса, оған халықтың алғыстан басқа айтары болмас деп сенемін.
"Байлар, хан сарайына бергісіз котедждерде тұрып жатқанда, жастарға жатақханаға бар?!"- дегеніміз ұят. дейтін шығар. Алайда, бір түнеп шығатын жер таппай, жаны қиналып жүрген жандар үшін, жатақхана болса да, əйтеуір бір, бас сұғатын жер табылса, байыңыз бен кедейіңіздің арасындағы бүгінгі күнгі əлеуметтік теңсіздікке байланысты қалыптасқан көңіл-күй белгілі бір дəрежеге дейін бəсеңсійді. Барар жер, басар тауы қалмағандар үшін, сіздің байларыңыздың қат-қабат үйлерінің құны бес тиын,- былай айтқанда, бар-жоғы бірдей. Жиренше шешен айтқандай, оған өзінің "Қайран менің өз үйім - кең сарайдай боз үйімінен" артық еш нəрсе болмақ емес.
Бұқарасын екі тапқа бөліп, "бар" мен "жоқты" көзге шұқып көрсетіп отырған мемлекет жұртты осыған көндірді. Алайда, осыдан жатақханада туып, жатақханада өскен қазақтың намысы өліп кетеді-ау дегенге мен өз басым сенбеймін. Керісінше, олардың азаматтық рухы құл ұстап, күң жұмсаған талай шонжарыңды далада қалдырады. Қазақтың небір мықты азаматтары жертөледен өрген. Ерге кедейлік сын емес. Ел басына күн туған сəтте бұғып қалса - сол сын!!!
Қазір "Иелігінде жері жоқ, Отан деп несін қорғайды" деген түсінікті орнықтырушылар бар. Бұл да - түбегейлі қате ұғым. Жер мемлекеттік шегара ішінде, мейлі, ол кімнің меншігінде тұрмасын, "ОТАН!" деп қорғалуға керек. "Меншік" келеді-кетеді,- ал, ЖЕР қалады. Онда кедейдің де байдың да үлесі бар. Шарт - байлыққа жету емес, шарт - жаныңды салып, келер күндердің есебінен, елің мен жеріңді қорғау. Елің аман, жерің бүтін болса, байлық дегеніңіз - осы. қалғаны - далбаса!!!
Қалың бұқараға көптің керегі жоқ,- баспана мəселесінің шешілу жолдары жеңілдетілсе - соның өзі ол үшін үлкен жетістік. Сондықтан да, мен Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың ұсынысы осы мəселелерді шешудің алғышарты деп қабылдаймын! Іске сəт !!!
"Алтау ала болса, ауыздағы кетеді",- деп шырылдап, алты алашты біріктірмек болған ниет, енді, бір қазақтың ішін реттей алмайтындай болсақ, елдігіміз қайсы? Басқа түскенді көре жүріп, ойқыл-шойқыл жерлерімізді түзете беруіміз керек. Басымызға əңгір таяқ орнатқандардың бірі Хрущев болса, еске түскенде, боқтап-боқтап қойып, сол салғызған қуықтай үйлерді паналап отырған қаншамыз бар. Қанағат! Сол "ҚАНАҒАТ" түбі далада қалдырмайды қазақты. Тек, жас жеткіншектаріміз жауын-шашынның астында көше аралап, баспанасыз жүрмесін. Меніңше, Перуашев ұсынып отырған ЖОБА - осы."Бұл кісі Перуашевты нағып қолдай қалды",-деп, таңырқанбаңыз. Кім не айтса да, ақылға сиятындай болса, жалған намысты ысырып тастау керек те, істің игілікті жағын қарастырған жөн. Қалғаны бір Аллаға аманат!!!.
Кедейліктен гөрі керенаулық қауіпті!!! Сергек болайық, ағайын!!!
Айсұлу Қадырбаева
qazaquni.kz