Нұрсұлтан Назарбаев жас әнші Димаш туралы не деді?
2017 ж. 13 сәуір
20255
45
Халық әртісі, Ұлттық өнер университетінің оқытушысы Майра Ілиясқызы әріптестері Роза Рымбаева мен Қайрат Нұртастың Димаш Құдайберген туралы айтқан пікірлеріне қатысты өз ойын білдірді деп хабарлайды Baq.kz.
Осыған дейін Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева «Димаштың елімізде сүйікті әнші атануына мүмкіндігі аз» деген пікір айтқан болатын. Ал еліміздегі ең танымал, жастардың сүйікті әншісі Қайрат Нұртас болса «Димаш өз әнiн таппағандықтан елде бағаланбады» деп өз ойын білдірді.
Содан соң қазақ эстрадасы жұлдыздарының айтқаны әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Алайда, Ұлттық өнер университетінің оқытушысы Майра Ілиясқызы бұл пікірлермен келіспейтіндігін жеткізді. Оның пікірінше, Димаш Құдайбергеннің өнері елімізде де жоғары бағаланатын болады.
«Жоқ, ол пікірге қарсымын. Розаның да, Қайраттың да жанашырлық білдіріп жатқаны өте дұрыс. Қазіргі таңда біздің елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Балаға қараңдар» деп Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваға, әрі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына арнайы тапсырма берген болатын.
Олар баланы қамқорлығына алып отыр. Менің ойымша, осыны ескере келе, мұндай жағдай болмайды. Дүниежүзі оны мойындап, үлкен музыка мамандары өз бағаларын беріп жатқан кезде біздің Димаштың өнері елімізде бағаланады», - деді ол.
Осы орайда танымал әнші Димаштың таланты бұрыннан елімізде жоғары бағаланғанын да атап өтті.
«Халық бұрыннан да бағасын беріп жүр. Оның осы білім ордасына түскенінің өзі еңбегінің жоғары бағаланғаны. Сондай-ақ, еліміздегі үлкен шоу бағдарламаларға біздің Димаш қатысып жатады. Тіпті, ол мемлекеттік дәрежедегі маңызды концерттерде, елбасының алдында әндерін айтып жүр.
Әрине, Димаш осыдан 1-2 жыл бұрын жас болды. Қазір ол тәжірибе жинақтап жатыр. Ол Қытай Халық Республикасындағы тамаша бағдарламаға қатысып, «Азияның ең үздік әншісі» атанды. Осының барлығы оның еңбегінің бағалануы», - деді әнші.