Депутат министрден теледидардағы бос ыржалақты тоқтатуды сұрады
2017 ж. 06 сәуір
10958
24
Телебағдарламаларға тапқырлар клубының әзілкештерін ғана емес, қазақы қалжыңның майын тамызып, өнердің бел ортасында жүрген сатириктер мен сықақшыларды тарту ұсынылды.
Бұл ұсынысты Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл алға тартты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Депутаттық сауалға сайлаушылармен кездесу барысында жұртшылық тарапынан қазақ тілді телеконтентке қатысты айтылып жүрген ой-пікірлер негіз болып отыр. Әсіресе әзілді әжуаға, күлкіні сайқымазаққа айналдырған әзіл-сықақ бағдарламарына көп сын айтылады. Жайдары күлкі жан саулығы десек те, алайда қазақстандық телеарналардан берілетін әзіл-қалжың сапасының төмендігі алаңдатады. Орынсыз әрі жалған күлкі, ұлттық құндылықтарды келемеж ету, қысыр сөздер, бос қылық, ыржалақ, әдепсіз мазақтар әзілдің қадірін кетіруде»,- деді депутат Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа жолдаған депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, көптеген елдерде әзіл-оспақ телебағдарламалары таптырмас, тамаша идеологиялық құрал да болып отыр. Әзіл-қалжың телеөнімдері өткір, бірақ жарасымды. Сыни, бірақ шынайы сықақтар мен әзіл-оспақтар өмірде болып жатқан оқиғаларды, өзекті мәселелерді және ұлттық ұстанымды түсіндіреді.
«Отандық бағдарламаларға көбінесе қисынды қағытпа қалжыңдар, ойнақы да орынды әзілдер, контексті астарлап, әзіл түрінде ұтқыр жеткізетін ұшқыр ой мен тапқырлық, шешендік жетіспейді. Әдемі әрі орынды әзіл арқылы халық, соның ішінде жастар арасында жалпыұлттық идеяларды да, мемлекеттік бағдарламаларды да ілгерілетуге, түсінікті әрі танымды түрде насихаттауға болады. Ал әдепсіз әрі сапасыз әзілге мұндай миссия арту қорқынышты, ол тек теріс нәтиже әкелмек. Бейәдеп әзілдің қауіпті жағы тағы бар. Олар ұлттық құндылықтарды карикатураға айналдырады, құнын түсіреді», — дейді Смағұл.
Депутаттың пікірінше,
әзіл бағдарламаларының еліміздегі рейтингі ең жоғары телеөнімдер қатарына жататынын ескеру керек. Олар эфирдің негізгі қозғалтушы күші, олар тіпті интернет аудиторияға да кең тарайды.
«Айтылғандарды назарға ала отырып, келесі мәселелерге назар аударуды сұраймын. Біріншіден, осы бағыттағы телебағдарламаларға көңілділер мен тапқырлар клубының әзілкештерін ғана емес, мәдениет саласындағы көрермендерге риясыз күлкі сыйлап жүрген, қазақы қалжыңның майын тамызып, өнердің бел ортасында жүрген сатириктер мен сықақшыларды, маман сценаристер мен жазушыларды кеңінен тартуға көңіл бөлген жөн.
Екіншіден, отандық сапалы әзіл-сықақ және ойын-сауық телеөнімдері өндірісін дамыту мақсатында Ақпарат және коммуникациялар мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлескен шараларды әзірлеп, қабылдау мәселесін қарастыруды ұсынамын», — деп түйді сөзін депутат.