Сенатор Әйтімова Қазақстанда жүргізуші куәлігін сатып алу мүмкін емес деп санайды
2017 ж. 17 наурыз
3649
9
Бір жылдары Келімбетов күлдірген еді. Қазақстанды Сингапурға теңеп. Енді Әйтімова шықты. Ол кісі сенатор. «Қазақстанда жүргізуші куәлігін сатып алу мүмкін емес», депті. Өткенде жаңалықтарға шығып, атышулы атанған ерке қыздың «папам «права» сатып алып берді», деген жазбасына қатысты пікір білдірген түрі екен.
Бұл туралы kaz.365info.kz порталы хабарлады.
«Бұдан 4 жыл бұрын бұл туралы осы салада істейтіндерден сұрам білгем. «Праваны» амалын тауып сатып алуға бола ма?» дегенімде, мұның мүмкін емесін айтқан. Солай, мүмкін емес», — депті сенатор.
Сұрайтын адамды тауыпты. Осы салада істейтіндер Әйтімоваға бәрін айтып берсін, иә. Өз-өзіне ор қазатын олар да ақымақ емес шығар.
Одан бұрын кесіп-пішіп айтатындай, бұл кісі қай елде өмір сүреді өзі? Оның ойындағы Қазақстан қандай? Сосын, жетік білмейтін мәселе бойынша халықтың атынан сөйлеуді қашан қояды? Қазақстанды одан қарағанда, мына біз (ел-жұртты айтамыз) жақсы білеміз, негізінде. Қазақстанда бәрі сатылады. Білетініміз, осы.
Былтыр ма, әйтеуір, бір уақытта Әйтімованың былай дегені бар. «Қазақ жастары несиеге өмір сүріп үйренуі керек». Яғни, үй алса да, не алса да несиеге кіруі тиіс. Осы Әйтімова бір кездері Жастар ісі жөніндегі министрі болды деп кім айтады?
Мұндайлар халықтың атынан сөйлеуді қашан қояды? Қоймайды. Өйткені, олардың өзі әдемі әлемде, оның деңгейіндегі адамға «әй» дей алмайтын «әділетті Қазақстанда» өмір сүреді. Демек, тұтас мемлекетті де өзінің ортасына, киген киіміне, ішкен тамағына қарай бағалайды.
Қызық, «Қазақстанда жүргізуші куәлігін сатып алу мүмкін емес», деу арқылы сенатор не айтқысы келді? Құдай біледі, ерік берсе ,«бұл елде жемқорлық жоқ, коррупцияны түбірімен қопарып, тамырымен жұлып тастадық», деуі де ғажап емес. Сөзінен соны аңғардық.
Шын мәніндегі Қазақстан қандай? Әйтімова білмейді оны. Білсе де, білгісі келмейді.
Оған білгісі келмейтін Қазақстан қажет.
Әйтпесе, елді әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің сапына қосу Астананың әдемілігімен ғана өлшенбесін білсе, түсінсе, керек еді.
Бізде бәрі сатылады. Бізде бәрі дәметеді. Онсыз іс өнбейді, жұмыс жүрмейді. Демократиялық елдердің стандарттары мен технологиясы Қазақстанға келгенде, кібіртіктеп қалатыны содан. Шын Қазақстан осындай.
Думан Бықай