ҚАРЖЫ САЛАСЫНА ҚАТАҢ БАҚЫЛАУ ҚАЖЕТ
2017 ж. 15 наурыз
1903
2
ЖЕКЕМЕНШІК БАНКТЕРДІ НЕГЕ МЕМЛЕКЕТ «САУЫҚТЫРУЫ» КЕРЕК?
Баспаналы болам деп немесе өзге де өткір мұқтаждықтан, амалдың жоқтығынан несие алған тұрғындарға «бас ауруын» тауып берген біздегі банктердің «қызметін» көпшілік жақсы біледі. Жер бетінде жоқ жоғары жылдық үстемені төлей алмаған тұрғындарды «коллектор» деген құбыжық арқылы пәтерлерінен қуып, сотқа сүйреген банктер бұқара алдындағы беделін біржолата жоғалтып болғаны белгілі. Дұрыс қаржылық саясат ұстанбаған сол банктерімізді биыл да сауықтыру үшін мемлекет тарапынан тағы да триллион теңгеден асатын ақша бөлінбекші. Неге?..
Бұл қомақты қаржы Ұлттық қордан бөлінетіні туралы өткен ақпан айында белгілі болған. Бірақ қай банктерге қандай шарт негізінде, қанша көлемде қаржы берілетіні ашық айтылған жоқ. Белгілісі – банктердің проблемалық несиелері мен қайтара алмай жатқан қарыздардың орнын толтыру үшін істеліп отырған шара болмақшы. Бір қарағанда бұл игі шара болып көрінуі мүмкін, ал, оның астарында не жатыр? Банктеріміз шынымен де осындай мүсәпір күйге түскені ме? Біздің банктердің созылмалы «сырқатқа» ұшырағанына талай жылдар болды. Турасын айтсақ, олар туыла салысымен «науқастанған» болатын. Сау басына «сақинаны» банктер өздері тілеп алды. Өйткені дұрыс қаржылық бағыт ұстамады. Халыққа адал қызмет көрсетудің орнына өз алымшыларын жоғары пайыз арқылы тонау жолын таңдап алғаны осыған басты себеп болды. Қарыздар қайтарылмаған соң қоржындары тақырланып, қаржысыз қалды. Егер аз мөлшерлемен несие берген болса дәп осындай күйге түспес еді. Бір сөзбен айтқанда тойымсыздық өздерін тұйыққа тіреді. Ресми деректерге қарасақ Үкіметке қайта-қайта қол жайған біздің банктердің жағдайы жаман емес. Мысалы, Ұлттық банктің кейбір мәліметтеріне сүйенсек, олардың қайтарылмай жатқан қаржы көлемі небары 12 пайыздың деңгейінде екен. Бұл әлемдік тәжірибе бойынша салыстырсақ қалыпты жағдай, тіпті жақсы деген баға беруге болады. Ал, «Moody’s» агенттігінің дерегінше біздің банктердің проблемалық несиелері 37 пайызды құрайды екен. Сарапшылардың айтуынша бұл да толық дерек емес. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс деп оны сот арқылы анықтап жататын уақыт жоқ және бұл салада ашықтық деген о бастан болмаған, болмайды да. Әрі-беріден соң бұл сол банктердің өздерінің жеке проблемалары болуы керек еді ғой. Өйткені олардың бәрі жекеменшік қаржылық ұйымдар. Өз мәселелерін өздері шешуге тиісті. Бір нәрсе анық - банктердің бұндай жағдайда қалуы ел экономикасына қауіп төндіруі мүмкін. Себебі жеке тұлғалар мен экономикамызды алға сүйрейтін кәсіпорындарды қаржыландыру сияқты аса жауапты міндетті солардың қолына беріп қойдық. Мемлекет берген қаржы қалай пайдаланылып жатыр? Қаржы саласын қадағалалау неге атымен жоқ? Халықтың әл-ауқатына тікелей ықпал ететін банктер неге бақылаусыз қалды? Міне, бұл мемлекеттік деңгейдегі үлкен мәселе. Осы тектес сұрақтарға жауап іздеу үшін алдымен өткенге шегініс жасау қажет. Мәселенің мәнісіне тереңірек үңілетін мамандардың айтуынша, барлық пәле сол баяғы атышулы жекешелендіруден басталған секілді. Ұшатыны бар, қонатыны бар, мүлдем жылжымайтыны бар мүліктерді «ханталапайлап» бөліп алған соң, оны қайда жібереміз деген сұрақ пайда болды. Зауыт-фабрикаларды жекешелендіріп алғандардың оны бұрынғы өндірістік бағытын сақтап, өздері алар кезде уәде бергеніндей жұмыс істету қолынан келмеді. Өйткені сол салаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын пысықайлардың мұрны өндіріс дегеннің иісін де сезбейтін. Олар тек қана тез арада жеңіл жолмен қалтасын ақшаға толтыруды ойлады. Ол үшін сол сутегінге алған мүліктерді қымбат бағаға тезірек сату керек-ті. Ал сатайын десе ешкімде артық ақша жоқ. Осы жерде қасақана ұйымдастырылғандай болған, жаңа қаржылық мүмкіндіктер пайда болды. Халықтың сатып алу қабілетін көтеру үшін Үкімет шетелдік қаржылық ұйымдардан қарызға ақша алу жолын ашып бергені белгілі. Осыны мықтап пайдаланғандар бір жырғап қалды. Жаңадан пайда болған байлар қалтадағы қаржысын мыңдаған есе көбейту үшін жанталасып бақса, кедейлікте қалғандар тым болмаса баспаналы болу мәселесін шешу үшін қарызға белшесінен батты. Дәп сол кездерде жерді сатуға рұқсат берген біздің жаңадан қабылданған «Жер кодексі» де өз кесірін тигізді. Сұраныс болған сайын пәтерлер мен жер учаскелерінің бағасы шарықтап шыға келді. Сол тұста жауыннан кейінге саңырауқұлақтай қаптап кеткен жекеменшік банктер Үкіметтің кепілдігімен шетелдік қаржы ұйымдарынан қарыз алып халықты бір «жарылқап» тастағанын жақсы білеміз. Жарылқағаны сол – әлемнің бай елдерінде жоқ жоғары 20-25 пайыздық үстемемен ақша үлестірді. Оны уақытында төлей алмағандарға айыппұл салып, жөн-жосықсыз жолбике қызметтерін қосып, берген ақшаларын алымшылардан екі есе етіп қайтармақ болды. Тіпті баспаналарын тартып алуға дейін барды. Оған шыдай алмаған кейбір тұрғындар өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жетті. Міне, біздің араны ашылған банктердің бұқараға жасаған жақсылығы осы. Қазір демократия, нарық, бәсеке деген ұғымдар сәнге айналды. Сәнге деуіміздің өз себебі бар. Негізінде осы ұғымдар тұрмысымыздың тұрақты тірегі болуы керек еді. Ал, бізде осының бәрі жалаң ұранға айналды. Өйткені «батыстықтар осы қағидамен өмір сүріп жатыр, бізде сондай болуымыз керек» деген түсінік қана бар. Бұл заңдылықтың бізге пайда не зиян әкеліп жатқаны туралы ешкім ойланбайтын сияқты. Нарық заңының бізде жұмыс істемей жатқанын күнделікті пайдаланатын азық-түліктің негізсіз қымбаттауынан-ақ байқауға болады. Ондаған жылдар бойы өндірісіміз белгілі бір деңгейде өсіп келеді, сөйте тұра баға неге түспейді деген сұрақ ешкімнің ойына кіріп те шықпайтын секілді. Оны Үкімет те депутаттар айта бастады. Олар біздегі нарықтың жалаң ұран екендігін енді түсіне бастаған секілді. Біздің ішкі нарықтағы бәсеке дегеннің не екеніне өткен 25 жылда әбден көз жеткізіп болдық. 25 жылда бір заттың тым болмаса 25 тиынға арзандағанын көрмеппіз, баға үнемі өсу үстінде. Бәрімізді жарылқайды деген нарық пен бәсеке осы ма? Енді осыны қаржы саласынан қарастырып көрелікші. Бұл жерде де дәп сол сурет. Жекеменшік банктер өзара бәсеке арқасында несие мөлшерлемесін жарыса түсіреді деген жоспарымыз да адыра қалды. Тапқан екенбіз мемлекеттің ақшасын ұқыпты пайдаланып, халыққа мінсіз, таза қызмет көсететін банктерді! Қайда сол біз құдайдай сенген жарылқағыш нарық пен ондағы бағаны түсіретін ашық бәсеке? Жоқ. Бәрі керісінше жасалып жатыр. Соған қарамастан біз оларға толық еркіндік беріп, тағы да мемлекет тарапына жыл сайын есепсіз қаржылық көмек беріп, өздері айтқандай «сауықтырып» тұрамыз? Не үшін? Ондай банктердің қажеті қанша? Мемлекеттің берген ақшасын мақсатты түрде пайдаланып, халыққа дұрыс қызмет ете алмаған қаржылық ұйымдардан не пайда? Сонда қыруар қаржыны олар өз пайдасына жаратсын деп бердік пе? Олай деуге де негіз бар. Сіз банк қызметкерлері мен мектеп мұғалімдерінің немесе дәрігерлердің жалақысын салыстырып көріңізші, арасы жер мен көктей. Жоғары жалақы алатындай олар мұғалімдер мен дәрігерлерден артық еңбек сіңіріп жатыр ма? Әрине, жоқ. Қазір депутаттарымыз айтып жатқандай өндірушілер мен тұтынушылардың арасында жүрген делдалдар қандай болса, біздің банктер де дәп сондай. Ешқандай айырмашылығы жоқ. Сөзіміз жалаң болмау үшін бірнеше мысал келтіре кетейік. Ең ірі қаржылық мекеме саналатын «Самұрық-Қазына» қызметкерлері өткен жылдары өздеріне жылына 20-30 млн. теңге бонус тағайындауы осыған нақты дәлел. Сонда олар бірдеңе өндіріп жатыр ма? Жоқ, мемлекеттің ақшасын белгілі мақсатқа бағыттау ғана бітіретіндері. Соның өзін квазимемлекеттік кәсіпорындар ашып, солар арқылы ақша ұрлап ұсталып жатқандары қаншама. «Бәйтерек» холдингінің басшысы болған кезінде ұрлықтың көкесін көрсеткен Қуандық Бишімбаевтың іс-әрекеті де осы қаржылық саланың бақылаусыз қалғанын көрсетеді. Атышулы «БТА» банкті тонап кеткен Мұхтар Әбілязовтың есімі әлемге әйгілі болды. Қолдан келгені оны сырттай соттау ғана. Бар болғаны осы. Бұдан кейін «Жеті млрд. доллар ұрлап, жеті жылға сотталсақ арманымыз жоқ» деушілердің қатары көбеймесіне кім кепіл? Халықты баспанамен қамтуға ықпал етеді деген «ТұрғынҮйЖинақбанкінің» басшысы Н.Наурызбаева пәтерлерді заңсыз берумен айналысқаны үшін қызметінен айқай-шумен кеткенмен, көп кешікпей триллиондаған қаржысы бар ең үлкен қаржылық мекеме БЗЖҚ бастығы болып шыға келді. Енді осы банктің басшысының орынбасары да бұрынғы басшысының ісін жалғастырып, туған-туысқандарына элиталық пәтерлер алуға жәрдемдесіпті. Көпшілікке 20 пайызбен берілетін несие өздері үшін небары 3-4 пайыз ғана екен. Осыны байқаған «Ақ жол» партиясы депутаттары жақында Үкімет пен Бас прокуратураға атышулы банкте тәртіп орнатуды талап етіп сауал жолдады. Мұндай мысалдарды шексіз келтіруге болады. Қаржы саласының жүгенсіз кеткенін қатардағы қарапайым халық та, билік басындағылардың да бәрі біледі. Бірақ неге екенін ешкім оны түзетуге ұмтылмайды. Жазаланған басшылары жаңа бір лауазымға ие болып жатса қайдағы тәртіп туралы сөз болуы мүмкін. Енді осындай келеңсіз жағдайлардың орын алуына не себеп болды дегенге тоқталайық. Бұл жерде көпшіліктің, сарапшылардың пікірі тарамданып кететінін көреміз. Біреулер қаржы саласында бақылау жоқ десе, енді біреулер елде жалпы тәртіп жоқ, даңғаза демократияны жалау да желеу етіп әркім өз білгендерін істеп жатыр дейді. Әсіресе қолында сәл де болса билігі барлар. Өткенде мұнай бағасы көтеріліп, доллар төмен домалап, теңге бағамы көтерілсе де азық-түлік пен күнделікті қолданатын тауарлардың құны қымбаттап кетуіне байланысты жұртшылық арасында біраз мәселе көтерілгені белгілі. Әншейінде бағаның көтерілуін мұнай мен долларға жаба салатын Үкіметтің өзі не дерін білмей қалды. Ақырында ортадағы делдалдарды жазғырып шыға келді. Ал сол делдалдарды кім жөнге шақыруға тиісті? Сөз жоқ – Үкімет. Сол сияқты банктердің жұмысын бақылауға алуға да Үкімет міндетті. Қаржы стратегиялық маңызы зор сала. Олардан 25 жылда дұрыс қызмет көрмесек, ашық, әділ бәсекені байқамасақ қандай да бір шешім қабылдау қажет қой. Жиырма банктегі көптеген ұрылармен айқасқанша оларды таратып тынған дұрыс шығар. Бәрін біріктіріп, мемлекеттің қарамағына алғанымыз әлдеқайда ұтымды. Өйткені жақын жылдарда олар нарық заңын мойындап, әділ, ашық бәсеке жасап бағаны түсіреді дегенге сенім аз. Бірақ бұған да қарсы шығатындар жетерлік дейді осы саланы жақсы білетін мамандар. Себебі банк жүйесі біреулердің бизнесі. Банктердің қағаз жүзінде жеке-жеке басшысы болғанмен олардың шын мәніндегі иесі сол биліктің өзінде отырғанда бұл салаға өзгеріс енгізбейді дейді біздің бірқатар оқырмандарымыз. Ол да мүмкін. Өйткені бізде билікке немесе депутаттыққа өз бизнесін қорғау үшін баратындар баршылық. Бар мүлкін, бизнесін туған-тустары мен таныстарының атына жазғызып, «тақыр кедей» болып билікке келіп, өздерін халық қызметшісімін деп жүргендер аз емес. Ал, ең басты себеп мүлдем басқада жатыр. Біз нарыққа ешқандай дайындықсыз, әсіресе идеологиялық тұрғыдан жұрдай болып енгеніміздің зардабын шегіп жатырмыз. Әлі де нарықты жеке басымыздың байып, қарық болу деп қана түсінеміз. Нарық арқылы мемлекеттің қуатын, халықтың әл-ауқатын жақсартамыз деген шынайы ниет мүлдем жоқ. Ол үшін билік басындағылар ғана емес, әрбір адам Отанын, ұлтын жанындай жақсы көріп, жүрегі мен қолы таза болуы керек. Алдымен осы бағытта жұмыс істегеніміз жөн. Қаржы стратегиялық сала болған соң жағдайды түзеуге шұғыл шара қолданбаса болмайды. Конституциямызға өзгертулер енгізіліп, қосымша өкілеттілікке ие болған Үкімет осы бағыттағы жұмысты жандандырады деп үміттенеді банк салымшылары мен алымшылары. Бек МЫРЗАҰЛЫ qazaquni.kz