Сағадиев: Президент айтса, отставкаға кетемін
2017 ж. 03 наурыз
2766
14
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев президент шешсе, отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Мұндай провокациялық сұрақтар қоймаңыздар. Оны шешетін президент. Президент айтса кетемін", — деп жауап берді тілшілердің сұрағына министр.
Айта кетейік, бұған дейін "Қазақ Үні" ұлттық порталында Білім министрі Ерлан Сағадиевтің жұмысына қатысты бірқатар сын мақала жарияланды. "Қазақ тілі мен әдебиетінің жазығы не?" атты филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақованың мақаласынан кейін, порталда белгілі ақын Қазыбек Исаның "Мұндай білім министрі болса - ұлтқа жаудың керегі жоқ" атты мақаласы мен "Ұлттық тестілеуден ҚАЗАҚ ТІЛІ алынды!!! Оның орнын Баян Есентаева басты...", сондай-ақ, ақын Азамат Тасқараұлының "Біз Сағадиевтің реформаларына емес, Елбасының УӘДЕСІНЕ сенеміз" деген сын мақалалар жарияланып, қоғам ішінде үлкен пікірталас туғызды. Қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты Білім министрлігінің жүргізіп жатқан жұмыстары толықтай сынға ұшырап, елдің наразылығын туғызды.
Бүгін Ерлан Сағадиев тілшілерге осы сауалдардың бәріне жауап берді. "Баян Есентаева туралы сауалдың барын білмеген" министр онда тұрған еш әбестік жоғын айтып, алайда, бұл түйткілді мәселелерді шешетінін айтты.
Сағадиев жетекшілік еткен министрліктің қазақ тілі мен әдебиетке қатысты жұмыстарына наразылық білдірген еліміздің бір топ ғалымы Марат Тәжин, Гүлшара Әбдіқалықова мен Бақытжан Сағынтаевтың атына ашық хат жолдаған. Бірақ министрдің өзі мұны бүгін жоққа шығарды.