Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ. ЕБІНЕЙ БӨКЕТОВ. РЕКВИЕМ
2017 ж. 21 ақпан
5051
2
Дүниежүзiлiк тексiз космополиттiк цивилизацияға судай сiңiп, сағымдай жоғалып кетпеу үшiн, бiзге дәл осы сәтте ұлттық тұлғалар - Ебіней Бөкетовтер қажет болып тұр.
Пушкин умер в полном развитии своих сил и бесспорно унес с собою в гроб некоторую великую тайну. И вот мы теперь без него эту тайну разгадываем.
Ф. Достоевский
Ұлтқа қожалық жасауға болмайды. Оған тек қызмет етуге ғана болады. Ұлтқа қызмет жасай алған жан ғана оның қожасы бола алады. М.К.Ататүрік
Менiң ғұмырымның жартысы Қарқаралы мен Алматының арасында өттi. Еңбек демалысым наурызбен тұспа-тұс келедi. Француздардың "Ақындар провинцияда туып, Парижде өледi" деген сөзiне өзiнiң тағдыр-таланымен көзi жеткен екi кiсi болса, бiреуi мен шығармын.
Рязанның ну ормандарында дүниеге келген бала Есенин орыстың ақшаңқан астанасы Петерборға ақсүйек Александр Блокты iздеп келедi. Орыс табиғатындай тап-таза, мөп-мөлдiр өлеңге таң-тамаша болған Блок көзiне жас алып: "Ғұмырыңды сақташы, жаным!", — деп бәйек болған екен.
Бiзге мұндай өнердiң қамқоршы құдайы кездесе қойған жоқ. Бiрақ, Қарқаралыдан шыға салып ат басын Алматыға бұрамыз. Қарқаралыдан Алматыға тiке тартар темiр жол да, аспан жолы да жоқ. Қарағандының үстiнен өткенде жүректi бiр тәттi сезiм шымырлатып, ордалы ой ұшқыны осып өтушi едi. Қазақтың төбесiнен қамшы ойнатқан кеңес заманы төбеден тосырая қарап тұрса да. Қарағанды шаһарының өңiнде ерекше бiр ұлттық тәкәппарлық, бекзат интеллектуалдық бейне, Сарыарқаны сансыз құрлықтармен күре тамырдай қосатын азаматтық ақыл ой ағыны "мен мұндалап" тұрады. Орыстың провинциялық қалашықтарына ұқсас осынау шаһардың көшелерiнде XIX-XX ғасырлардың өлiарасында көзден ғайып болған ұлттық ренессанс тұлғаларының соңғы тұяғындай Евней-Аға Бөкетов алшаң басып жүрушi едi! Қазақтың бiр ұлттық университетiнiң қақ төрiнде сол кiсi отырған-ды. Ебіней Арыстанұлы десе, дегендей, Ер ағам нағыз арыстанның ұлы еді!.. Бiрнеше топ ұсақ-түйек пенделер түгiл, әлемдегi ең азулы соңғы империя да одан именушi едi.
Менiң тұла бойы тұңғыш туындым "Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәтi" жаңа ғана жарық көрген кез. Бiрде Ақселеу Сейдiмбеков:
— Сенi Ебіней ағаң iздеп жатыр. Ағаға iнi сәлем бермеушi ме едi? — деген.
Мен таң қалдым. Ол кiсi менi бiле қояды деп ойламағанмын. Осындай бiр наурызда, Алматыға кетiп бара жатқан сапарымда "Қазақстан" қонақ үйiнен телефон шалып, ағамен бiр көрiсу арман екенiн жеткiзгем. Ол кiсi сәлемiмдi қуана қабыл алып, өзiнiң төсек тартып жатқанын, сәтi келгенде кездесiп, әңгiмелесуге бейiлдi екенiн айтты.
Бiрақ, сәтi түспедi, бiз кездесе алмадық. Содан бері бiраз уақыт өттi. Дүние төңкерiлiп түстi. Қазақ егемен ел болып, ғаламға танылды. Бiрақ, Қарағанды көшелерi қаңырап тұр. Ебіней аға жоқ!..
Қарағандының әкесi — Кеңес Одағы, енесi — Карлаг. Оны ұлттық шаһарға айналдыру үшiн ұлттық тұлғалар керек. Ұлысты Көк Тәңiрi жаратады. Тәңiрiнiң жазуымен жарық дүниеге шырылдап келiп, адамзат үмбетiнiң бiр бөлшегiне айналған әрбiр ұлт пен ұлыстың маңдайына туу мен қоса өлу де жазылған. Тентiреген тайпалар тектi ұлтқа айналады да, мәртебелi мемлекет құрады. Ұлтқа айнала алмай, тоз-тоз болып құрып кеткен ұсақ-түйек тайпалардың көз жасынан арыстан жал мұхиттар мен көк айдын көлдер жаралды ма?! Оларды кiм iздейдi, олардың жоғын кiм түгендейдi?!
Үндiстердiң Яман тайпасының соңғы тұяғы АҚШ-тың бiр қаласына келiп, фәниден бақиға аттанған. Қазақ XXI ғасырда ат жалы, атан қомында жүрiп жасаған ұлттық менталитетiнен, тiлiнен, дiнiнен, мәдениетiнен, зпосы мен поззиясынан айырылып, дүниежүзiлiк тексiз космополиттiк цивилизацияға судай сiңiп, сағымдай жоғалып кетпеуi үшiн, бiзге дәл осы сәтте ұлттық тұлғалар - Ебіней Бөкетовтер қажет болып тұр.
Ебней аға, менiңше, дәл осы кезеңде, исi қазақ XXI ғасырға ұжымды ұлт, еңселi ел болып бара ала ма, жоқ па дейтiн екiұдай от кешiп отырған алмағайып заманда тiрi болуы керек едi. Алла оны алды-артына қаратпай ала жөнелдi.
Көресiсiн көрiп, көзiне көк шыбын үймелеген жұрт қана мемлекет бола алатыны шын болса, менiңше, халық ананың құрсағынан еңдi тағы бiр Бөкетов туатындай кез болды. Мүмкiн, ол қазiр тал бесiкте тамылжып ұйықтап жатқан болар? Жоқ, әлде, қайраңға түскен балықтай қазақ мектебiнде оқып жүр ме? Кiм бiледi... Оның да жүрегi — күптi, көңiлi — алаң. Мұсылман күнпарағын ашып, наурыз мейрамы келген осынау ұлыстың ұлы күнi Саған бiр тiлек айтамын, Тәңiрiм: сол балаға қуат бере гөр!
Екi ғасырдың тоғысында екi ойда отырған осынау жұртқа өз елiне шекесiнен қарайтын қу шеке шенеунiктiң де, Алматыдағы құнсыз қытай тауарын алыс ауылға апарып пұлдап, құндап сататын алыпсатардың да, ақшаңқан сарайларда "Алашым" деп ойбайдан аттан салып, бірақ қазақтың қасiретiне мұрнын шүйiрiп те қарамайтын айтыскер шәйiрдiң де керегi жоқ, Тәңiрiм! Диамат пен исматтан басы айналған апиыншы ақымақ оқымыстының да қажетi шамалы.
Ұлтқа ұлы тұлға керек! Жер бауырлаған пеңдеңдi қайтадан гомосапиенс бейнесiне түсiрiп, көзiн Көк Тәңiрiне қарататын қазақ керек! Аузын аққа жарытып, дүние-мүлiк базарынан адамзат мәдениетiнiң алтын бекетiне ат шалдыртар руханият базарына алып шығатын Евней Бөкетовтерге зәру мына жұрт.
Қабыл ала гөр, Тәңiрi, Ұлыстың Ұлы күнгi тiлегiмiздi!..
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, qazaquni.kz