ӘЛИХАННЫҢ атын ауданға қоя алмай, ӘРУАҚ АТТАҒАН ӘКІМ! (видео)
2017 ж. 20 ақпан
7625
5
Қарағанды облысының әкімі есебінде Айтқожа Фазылов Октябрь ауданы атын Әлихан Бөкейханға берудің орындалмағанын мәселе етіп көтерді
«Сізге «Жолы болмаған» деген ат берілді. Нұреке, деп қазақылықпен атасам, сізге қиын болар, Нұрмұхамбед Қанатұлы, Қазақстанда әкімдер президентке 2000-ға жуық есеп береді, 200-ге жуық ауыл, 100-ге жуық қала, аудандар есеп берді. Соның бірі біздің Қарағанды облысы болды. Біздің жағдайда шындықты айту қауіпсіз емес. Шындық деген сөз терроризм деген сөзбен пара-пар болып кетті. Егер бәрі жақсы болса, неге ең төменгі айлық – 28 мыңды құрайды, адамдар 20 мыңды құрайтын бір айлық жалақыға неге өмір сүру керек. Халық сізідң маған сөз бергеніңізді екеуміздің келісіміміз деп ойлайтын болар. Қаңтар басында мен сіздің блогыңызға жазған болатынмын: есеп беру жиналысында маған сөз беріңізші деп. Сөз бергеніңізге рахмет. Мен бұл жерде мүлдем басқа мәселе бойынша тұрмын. Нұрмұхамбед Әбдібеков, әр заманның, әр мемлекеттің өз батыры болады. Кеңес үкіметі құлаған шақта біз Кеңес үкіметін сатып кеттік. Себебі бізді солай үйретті. Себебі ол кезде ұлттың батыры өз әкесін сатқан Павлик Морозов болды. 70 жыл бұрын Кеңес үкіметінде 70 миллион адамды өлтіріпті. Ал біздің өлтірмеуіміз мүмкін емес. Себебі, қанышердің өзін ұлттың батыры деп атады ғой. Тек бір ғана ұлттың батырын айта алар едім, Троцккийді өлтірген Роман Меркадер. 20 жыл қамауда болып, қайтып келді, сөйтіп Кеңес үкіметінің батыры атанды. Мәскеудегі, Кунцев зиратында жерленген. Мен өз көзіммен көрдім: бұл жерде Кеңес үкіметінің батыры Лопес Роман Иванович жерленген. Ал біздің мемлекет басқа, өзіміздің қайраткерлер бар. Мен екі қайраткерді мойындаймын, оның бірі – Әлихан Бөкейханов және Жұмабек Ташенов екеуі де біздің жерлесіміз. Бірнеше ай бұрын Қарағандыдағы Октябрь ауданы Әлихан Бөкейхановтың есімі беріледі деген шешім қабылданған болатын. Жарты жыл өтті. «Октябрь» кеңес үкіметі ел үшін не алып келді? Азамат соғысы, қызыл террор, 4 миллион адам көз жұмды, Қазақстанның өзінде 500 мың адам қаза тапты. Ақтар қызылдармен, қызылдар ақтармен соғысты. Ақтар да, қызылдар да қазақтарды еш аяусыз өлтірді. Қазақтың қаншама қайраткерлерін жер аудартып жіберді. Қайтып келгендерін жазалады. Коллективизация өткізбекші болды, алайда ешқандай көңілге қонымды дүние ойлап тапқан жоқ. Қазақ жері өліктерге толды...», - деп тебірене сөйледі Айтқожа Фазылов. Айта кетсек, қыркүйек айында Қарағандының Октябрьский ауданы Әлихан Бөкейхановтың есімімен аталатын болып өзгерді. 2016 жылғы 25 қыркүйекте бұндай жаңалықты облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің өзі облыста тойланып жатқан Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойында халыққа жария еткен еді. Тіпті Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан атындағы аудан етіп өзгертуге рұқсат берді деп айтылған облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарламасында. Аталған Октябрь ауданының әкімшілік аумағы Қарағанды қаласының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Кейіннен, жылдың аяғында құрамында 10 мүшесі бар, өздерін «Сарыарқа» деп атап алған пікірталас клубы Қарағандыдағы көше аттарының өзгеруіне қарсылық білдірді. Пікірталас клубының мүшесі Юрий Мирзоев «Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібековтың Ә.Бөкейхановтың атын Октябрь ауданына беру туралы ұсынысына қарсымын» деген болатын. Тұтас халықтың алдында уәде беріп, қуанышты жаңалықпен бөліскен Әбдібеков 10 адамның әңгімесінен ықты ма? Әйтеуір әруақты риза қылатын уәдесін әлі орындай алмай келеді... Айта кетер болсақ, 2016 жыл – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойлануға тиіс еді. Ал, Қазақстан билігі үлкен мерейтой жасамады. Жекелеген зерттеушілер кітаптар шығарды. Ең елеулі дегені жоғарыда сөз болған Қарғанды қаласындағы аудан атауының Әлихан Бөкейхан құрметіне өзгеруі еді. Ол сиырқұймышақтанған күй кешті. Сөзінде тұрлау мен тұрағы жоқ әкімді кінәлаймыз ба, Әлихан Бөкейхан дегеннен гөрі «Октябрь» деген атауды қасиет көретін әкім сөзіне қарсы отандастарымызды кінәлаймыз ба, біле алмадық... Гүлім ЖАҚАН qamshy.kz