Елбасы зиялы қауым өкілдеріне Ақорданың төрінде дастархан жайды (фото)
2017 ж. 15 ақпан
3729
16
Елбасы Ақордада жұртшылық және зиялы қауым өкілдерімен, саяси қайраткерлермен кездесті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап Қазақ Үні.
Басқосу барысында конституциялық реформаларды талқылаумен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, денсаулық сақтау, ғылым және білім, шағын және орта бизнес салаларын жаңғыртумен, жүргізіліп жатқан жекешелендірумен байланысты халық үшін маңызды экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық ауқымды мәселелер талқыланды.
Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстан күрделі жол жүріп өткенін атап өтіп, республикамыздың одан әрі дамуының негізгі бағыттарына қатысты өз ойын ортаға салды.
"Қазақстан танымал елге айналды, экономикамыз қарқынды дамып келеді. Енді «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауда белгіленген мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін қол жеткен жетістіктерімізді пайдалана білу қажет", – деді Қазақстан президенті.
"Нарықтық қатынастар жолын таңдаған қоғамымыздың алдында орындалу тиімділігі елдің одан әрі дамуына ықпал ететін түбегейлі жаңа міндеттер тұр. Жаһандық экономика дәуірінде инновация күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды. Индустриялық төңкеріс бізді айналып өтпеуге тиіс. Біз экономикамызға инновациялық технологияларды енгізе білуіміз қажет", – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан президенті бұл мақсаттың жүзеге асырылуы тиісті қаржы жұмсауды қажет ететінін атап өтті.
"Егер инновациялық технологиялар әзірлеуге қаражат бөлмесек, онда бізге әлемдік жаңа экономикалық құрылымның ауқымынан тыс қалу қаупі төнуі мүмкін. Жаппай өндірісті дамыту үшін жаңашылдықтар енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттырған жөн. Бұған кәсіпорындардың, сондай-ақ елдің жетекші жоғары оқу орындарының жанынан ғылыми-зерттеу институттары құрылып, оларға тиісті қолдау жасалғанда ғана қол жеткізу мүмкін болады. Мәселен, мұндай ғылыми-зерттеу институттарын «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің, Назарбаев Университетінің жанынан құруға мүмкіндік бар", – деді елбасы.
Кездесуге қатысушылар мемлекет басшысы бастамашы болған, мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге бағытталған реформаларды толық қолдайтындарын білдірді. Бұл ретте ең алдымен парламенттің және үкіметтің өкілеттігін кеңейтуге, оның дербестігі мен жауапкершілігін күшейтуге бағытталған қадамдардың дер кезінде жасалғаны, прогрессивтілігі атап өтілді.
Бұған қоса, кездесуге қатысушылар республикалық және жергілікті бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылау жасауға, салалық бағдарламалардың орындалуына, жер реформасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы орнықтырып, «мүлдем төзбеушілік» саясатын тиімді жүзеге асыруға, сондай-ақ Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерді кезең-кезеңмен орындауға қатысты түйткілді мәселелерге тоқталды.