Иманғали Тасмағамбетов Ресейге елші болып кетті
2017 ж. 03 ақпан
2617
1
Үкімет басшысының орынбасары қызметін атқарып келе жатқан Иманғали Нұрғалиұлының қызметінен босатылғаны хабарланды. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Иманғали Нұрғалиұлы Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.
Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов 1956 жылы 9 желтоқсанда Гурьев облысы Махамбет ауданы Новобогат ауылында дүниеге келген. 1979 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетін бітірген, география және биология пәндерінің мұғалімі.
1981-1991 жылдар аралығында КОКП мүшесі. Қазақстан Компартиясы ОК Саяси бюросының мүшесі (1990-1991). ҚР Жоғарғы Кеңесі 12-шақырылымының депутаты (ЛКЖО).
1973-1974 жылдары - Гурьев облысы Махамбет ауылындағы балалар-жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде жаттықтырушы. 1979 жылдан - Гурьев облысы Махамбет ауылындағы орта мектепте география және биология пәндерінің мұғалімі. 1979 жылдан - Қазақстан ЛКЖО Махамбет аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, комсомол жұмысы кабинетінің меңгерушісі, Гурьев облыстық комитетінің комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі. 1983 жылдан - Қазақстан ЛКЖО Гурьев қалалық комитетінің бірінші хатшысы. 1985 жылдан - Қазақстан Компартиясы Гурьев қалалық комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. 1986 жылдан - ЛКЖО Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшысы. 1988 жылдан - Қазақстан ЛКЖО ОК жұмысшы жастар және әлеуметтік-экономикалық проблемалар бөлімдерінің меңгерушісі, хатшысы. 1989 жылдан - Қазақстан ЛКЖО ОК-нің бірінші хатшысы. 1991 жылдан - ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1993 жылдан - ҚР Президентінің көмекшісі. 1995 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 1997 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Білім және мәдениет министрі. 1997 жылдан - ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі. 1998 жылдан - ҚР Президентінің Бірінші көмекшісі. 1999 жылдан - Атырау облысының әкімі. 2000 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 2002 жылдан - ҚР Премьер-министрі. 2003 жылдан - ҚР Мемлекеттік хатшысы. 2004 жылы ҚР Президент Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсан айынан 2008 жылдың сәуіріне дейін - Алматы қаласының әкімі. 2008-2014 жылдары - Астана қаласының әкімі. 2014 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Ал, 2016 жылдың қыркүйегінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары болған еді.
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қоғамдық кеңесінің төрағасы (2004-2006). UNESKO істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының төрағасы. Қазақстан Республикасының оқпен ату Федерациясының құрметті президенті. Ә.Х.Марғұлан атындағы Халықаралық қордың Басқарма Төрағасы. «14 томдық Ә.Х.Марғұланның шығармалары» редколлегиясының мүшесі. «Саясат-Политика» ай сайын жарық көретін ақпараттық-сараптамалық бюллетені редакциялық кеңесінің төрағасы. «Еуразиялық қауымдастық» тоқсандық ғылыми журналының редакциялық кеңесінің мүшесі. Тәуелсіздіктің он жылдығын атап өту бойынша, сондай-ақ ЮНЕСКО көлемінде мерекеленген қазақ мәдениеті мен ғылымының көрнекті қайраткерлері: 1995 жылы - Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл, 1996 жылы - Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл, 1997 жылы - Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл, 1997 жылы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 100 жыл, 2002 жылы - Ғабит Мүсіреповтің туғанына 100 жыл және 2004 жылы - Әлкей Марғұланның туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойларды өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияларының төрағасы. Монғолияға, Батыс Қазақстанға және РФ-ның Астрахан облысына (Каспий: мұнай және мәдени және т.б. жерлерге) Халықаралық мәдениеттанушылық экспедициялардың ұйымдастырушысы. Солардың бірінің нәтижесінде, 2000 жылы Монғолиядан Қазақстанға ежелгі Күлтегін тас хаты кайтарылды. Философия ғылымының кандидаты. Кандидаттық диссертация тақырыбы - «Дүниетану аспектілерінің экологиялық проблемасы» (1990). Саясаттану ғылымының докторы. Диссертация тақырыбы - «Транзиттік саяси жүйелеріндегі әлеуметтік саясат» (1997). «Қазақстанның әлеуметтік-саяси жаңаруы: үрдістер мен басымдықтар» (1996), «Қазақстан: мемлекет және қоғам эволюциясы» (1996), Қазақстан Республикасы Конституциясының Түсіндірме сөздігі ұжымының жетекшісі (1996); «Саяси трансформация және қоғамның өтпелілік проблемасы» (1997), «Орталық Азия зергер - шеберлерінің туындылары» иллюстрациялық альбомының авторы (1997), «Қазақстан мұнай-газ өндірісіне 100 жыл» (1999), Пекиннен Астанаға дейін: астаналардың ауысу тарихы» (2001), «Сарайшық» (2002 ж.), «Ұлы дала Кентавры» (2005ж.) кітаптарының авторы. Әлеуметтік-экономикалық даму және саясаттану проблемалары бойынша бірнеше ғылыми еңбектер мен мақалалардың авторы. «Әлеуметтік масылдық саясаты және мемлекеттілік дағдарысы», «Әлеуметтік саясаттың табиғаты мен типологиясы» (1997), «1996 жылғы әлеуметтік саладағы реформалаудың нәтижелері және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 1997 жылғы негізгі басымдықтары мен міндеттері» (1997), «Әлеуметтік саланың шектеулі ресурстар жағдайындағы даму стратегиясы» (1997), «Қазақстан саясаттану энциклопедиясы» (1998), «Мемлекеттің бірінші тұлғалары: тарих пен қазіргі заман тұрғысындағы саяси портреттер» жинағы авторлық ұжымының мүшесі, бас редакторы (1998), «Атырау облысындағы дамудың қаржылық проблемалары» (1999). «Парасат» ордені (1998), Қазақстан Республикасыньң бірінші Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ордені (2004), Орыс Православ Шіркеуінің «Мәскеулік Даниил қасиетті патшасының» ордені, Ресей Федерациясының «Достық» орденімен және II дәрежелі «Барыс» орденімен (2010) марапатталған.
Дереккөз: Қамшы