Дипломатия дүлділі мерейлі жаста
2017 ж. 24 қаңтар
6230
2
20 қаңтар. Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде белгілі қоғам қайраткері, дипломат Сайлау Батыршаұлының дипломатиядағы 50 жылдығына және ардагер тұлғаның 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстан Республикасының дипломатиясы: қалыптасуы, дамуы және келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынды беташар сөзбен ашқан Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мерейтой иесін құттықтап, дипломаттың тұлғалық және күрескерлік жолы жайлы жүрекжарды пікірімен бөлісті. Сондай-ақ, университет профессоры ретінде, халықаралық қатынас мамандығында оқитын студенттерге ұстаздық етіп жүрген дипломатқа, оқу орны атынан сый-сияпаттарын табыстады. Дипломатия дүлдүлінің кеудесіне оқу орны екі жылда бір тағайындайтын "Күлтегін" төсбелгісін тақты. Сонымен қатар, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Нұр-Отан партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің және Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың, Президенттің көмекшісі Нұрлан Онжановтың, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың және басқа да ресми мекеме басшыларының құттықтаулары оқылды. Ал, облыс, қала басшыларынан К.Көкірекбаев, Қ.Көшербаев, Б.Сапарбаев, Алматы әкімі Б.Байбек құттықтау хаттарын жіберді.
Конференцияға қатысушылар Қазақстан дипломатиясының түрлі кезеңдегі қызметін, мемлекеттің қалыптасуы барысындағы атқарған рөлін кең көлемде атап өтті. Конференцияға мерейтой иесін құттықтау үшін көптеген қонақтар жиналды. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі болған Төлеутай Сүлейменов, дипломатияға еңбегі сіңген қызметкер Қайыр Омаров, академик Жабайхан Әбділдин, қазақтың тұңғыш ғарышкері, қоғам қайраткері Тоқтар Әубәкіров, академик Ғарифолла Есім, экс-депутаттар, қоғам қайраткерлері Оразкүл Асанғазы, Ерасыл Әбілқасым, сондай-ақ, ғалым Дихан Қамзабекұлы, Амангелді Қашқымбаев, ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Ғадылбек Шаяхметов, тағы басқа көптеген танымал тұлғалар мен Қазақстандағы шетел елшіліктерінің дипломаттары қатысып, ғылыми баяндамалар мен құттықтауларын жеткізді.
Ал, Сыртқы істер министрлігі тарапынан министрдің орныбасары Роман Василенко және министрліктегі Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Асқар Абдрахманов құттықтау сөздерін арнады.
Сонымен бірге, алқалы жиынға келген қауым дипломаттың өмірі мен дипломатия жолын, Тәуелсіздік кезеңіндегі күрескерлігін, қажыр-қайратын арқау еткен «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты эссе-диалог кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың авторы - жазушы-журналист, "The Qazaq Times" порталының шеф редакторы Мұрат Алмасбекұлы. 7 бөлімнен тұратын еңбекте дипломаттың өмірі, қызметі суреттеле отырып, қазақ дипломатиясы тарихы, дипломатияда және Тәуелсіздік жолында қызмет еткен басқа да тұлғалар сөз болады. Шығармада ұлт тағдыры, тіл, дін, шеттегі қандастар жайы да кеңінен баяндалған.
Еңбектің шығуы – дипломат Сайлау Батыршаұлының 75 жылдық мерейтойы мен дипломатиялық қызметінің 50 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр.
Қазақ дипломатиясында абыз ақсақалдың бірі әрі бірегейі саналатын Сайлау Батыршаұлы әлі де ұлт мүддесі үшін қызмет етуде. Ол қазір Сыртқы істер министрінің штаттан тыс кеңесшісі және ЕҰУ-да профессор.
Көрнекті қазақ дипломаты, қоғам қайраткері, халықаралық деңгейдегі ғалым Сайлау Батыршаұлы атқарған айтулы істер нәтижесінің зор абыройымен жетпіс бестің асқарына көтеріліп отыр.
Мерейтойыңыз құтты болсын, дипломатия дүлділі!
qazaquni.kz