Майлыбаев мемлекеттік құпияларды жариялады деген күдікпен екі айға қамауға алынды
2017 ж. 16 қаңтар
2170
0
Қазақстан президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев қамауға алынды деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап NUR.KZ.
"2017 жылғы 12 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қылмыстық кодекстің 185-бабы 1, 3-бөлігінде көзделген («Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету») қылмыстарды жасады деген күдікпен президент әкімшілігінің қызметкерлері болған Бағлан Майлыбаев және Николай Галихинді ұстады. 14 қаңтарда Астана қаласы, Есіл аудандық соты 2 ай мерзімге қамауға алу санкциясын берді", - делінген хабарламада.
Аталған тұлғалар Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабына сәйкес ҰҚК Тергеу изоляторына қамауға алынды.
Күдіктілердің және олардың туыстарының тұрғылықты жерлері бойынша тінту жүргізілді, заттай дәлелдемелер алынды.
Тергеп-тексеру жалғасуда, оның барысы және нәтижелері жөнінде қосымша хабарланады.