БІЗДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЛАМАҒАН САЛА БАР МА?
2017 ж. 10 қаңтар
5174
1
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығын тойлап, былтырғы жылды үлкен өрлеу үстінде қорытындылап жатқанда ел үлкен сенім артып отырған республикалық бюджеттің орындалуын бақылайтын Есеп комитеті атты беделді де құзыретті орган ойламаған жерден «тосын сый» жасап берді. Мерейімізді үстем еткен мешін жылының меселін қайтарып, тауық жылына теріс тарту жасаған екі есепші «Қазақавтожол» деп аталатын алып мекеменің басшыларынан пара алып жатқан жерінен ұсталып, Есеп комитетінің еңсесін езіп, ел алдындағы беделін бес тиын етті.
Алдын ала айтайық, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін республикалық бюджеттің атқарылуына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады. Әділін айтсақ, аталмыш комитеттің ел алдындағы беделі осыған дейін жоғары, күмәнді істерден кіршіксіз, қолы таза мекеме ретінде танылған-ды. Комитет төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин бір жылдың ішінде Елбасының қабылдауында бірнеше рет болып есеп беріп, нақты ұсыныстар алып жүргеніне жұрт куә. Халық қаржысын көздің қарашығындай сақтау керектігі жөніндегі Елбасының берген тапсырмаларын Жаңбыршин тақпақтай етіп жаттап алған секілді көрінгенімен, өкінішке орай, елге танымал, білікті маман тізгінін ұстаған бұл мекеме жыл соңында оңбай сүрінді. Жылдар бойы жинаған ұпайын жоғалтып, бір-ақ күнде беделден де жұрдай болды.
Астанада «Қазақавтожолдың» бірнеше басшысы мен Есеп комитетінің қызметкерлерінің қолына кісен салынғаны туралы жаңалық тез тарады. Былығын жасыру үшін пара берген «Қазақавтожолдың» директоры бұрынғы атышулы депутат Серікжан Мұқашев болып шықты. Мұқашев өзі басқаратын мемлекеттік компанияны тексеруге келген қос аудиторға 16 миллион теңге пара берген. Жаңа жыл қарсаңындағы көңіл күйлері әсер етті ме, әлде сайтан азғырды ма есепшілер есебінен жаңылып, қылмыскер берген қаржыны қалтаға басқан екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бюросының мәліметінше, Мұқашев республикалық жолдарды жөндеп, күтіп ұстауға деп бюджеттен бөлінген ақшаны талан-таражға салған. Сөйтіп, бұл қылмысына көз жұма қарау үшін Есеп комитетінен тексеруге келген екі аудиторға пара ұсынған. Осы қомақты қаржыны «Қазақавтожолдың» аймақтардағы филиалдардың басшылары жабылып жинап бергенге ұқсайды. Ұлттық бюро қызметкерлері Серікжан Мұқашевпен қоса оның орынбасарын, өңірлердегі бөлімше директорлары мен бас бухгалтерлерді және ауызбастырық алған Есеп комитетінің қос қызметкерін қамауға алды. Естеріңізге сала кетейік, Серікжан Мұқашев бұған дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, тіпті Мәжіліс депутаты да болған. Экс-депутат «Эйр Астана» компаниясының ұшағында стюардессаны бас-аяғынан шығарып балағаттағаны үшін Мәжілістен кеткенін білесіздер. О бастан жағымсыз жағынан көрініп, мемлекеттік қызметкер деген атқа кір келтірген адам қалай ғана қайтадан жауапкершілігі жоғары ірі мекеменің басшысы болып алғаны таңғалдырады. Енді міне өзгелерді де қылмысқа тартып, дұп-дұрыс жүрген адамдардың обалына қалып отыр. Беделден жұрдай болған адамды қайтадан басшы етіп қойған кімдер? Алдымен соларды жауапқа тарту керек шығар. Мүмкін осы орынды алу үшін біреулерге пара берген болар? Біліксіз, ниеті бұрыс маманды бір орыннан екінші орынға ауыстырып, қолпаштаудың соңы тағы да кезекті қылмысқа әкеліп соқты. Қазір күдіктілердің барлығы тергеу орнында жауап беруде.
Шынында, бұл ешкім күтпеген жағдай болды. Міне бірнеше жылдар бойы Жаңбыршин басқарған комитет көптеген қаржылық қылмыстардың бетін ашып, халық қаражатына қырағы көз қарауыл болып келгенін жұрт мақтанышпен айтып жүретін-ді. Қай саланың болсын, оның басшыларының беделі мен лауазымына қарамастан тексеру жұмыстарын таза, әділ өткізіп, барды – бар, жоқты – жоқ деп көрсетіп, әділдігімен көзге түскені де белгілі. Басқасын былай қойғанда, түрлі министрліктердің былығын бетіне басып, тіпті пәрменді Парламентіміздің Шаруашылық басқарамасы мен Президенттің Іс басқармасының қыруар қаржыны мақсатсыз жұмсағанын жалпақ жұрт алдында жария еткені де аян. Осыған қарап, қарапайым халық бізде жемқорлыққа салынбаған саланың әлі де бар екеніне сеніп, елдегі жағдай енді түзеледі деп үміт етіп жүретін. Бұдан кейін сол соңғы үміттің де үзілгенін көріп отырмыз.
Жаңа жылды қарсы алу қамымен жүрген жұрт бұл оқиғаны елеусіздеу қалдырған секілді көрінген-ді. Бірақ қоғамдағы келеңсіз көріністерге бей-жай қарай алмайтын азаматтар бізде әлі де баршылық екен. Оларды жеке басының қамынан бұрын еліміздің тағдыры көбірек толғандыратыны да түсінікті. Солардың бірі, біздің оқырманымыз бұл хабарды жаңалықтардан ести сала бірден редакцияға хабарласқан-ды.
– Мықты болсаңыздар, біздің елде жемқорлыққа жеңі былғанбаған тым болмаса бір саланы айтып беріңіздерші. Сол туралы жазып, өзгелерге неге үлгі етпейсіздер? – деп сұрақты тікесінен қойды.
Ия, оқырманымыз оңай сұрақ қойған жоқ. Әрі-ойлап, бері ойлап, ондай саланы еске түсіре алмадық. Қай саланы, қай аймақты алсақ та әйтеуір бір былық болғаны айғайлап шыға келеді. Жемқорлыққа жоламаған, пара деген пәледен алпыс шақырым алыс жүретін жібі түзу мамандары бар аймақ пен саланы қайдан тапсақ екен? Бәлкім, сіздер білетін шығарсыздар, құрметті біздің оқырмандарымыз?!.
Газетіміз беттеліп, бір қолымызды екі ете алмай жатқанда жаңағы оқырман ағамыз тағы хабарласты.
– Жұтқыншағы жыбырламайтын, жемқорлыққа жоламайтындарды таптыңыздар ма? – деді ескі сұрағын одан әрі сыналай қағып. Біздің үнсіз қалғанымыздан-ақ тұйыққа тірелгенімізді түсінген болуы керек, шырғалаңнан шығар тың жолды ақыры өзі сілтеп жіберді.
– Байқаймын салдарыңыз суға кетіп отырған секілді, бүгінгі күні жемқорлықтан ада, таза мекемені ит қосып іздеп табу қиын. Олай болса мен бір тегін кеңес берейін, «Жемқорлықсыз жаңа өмір!» атты байқау жариялаңыздар. Әрине, ондайлар табылып, жеңімпаз анықталып жатса үлкен көлемдегі ақшалай сыйақы тағайындап, газет бетінде кеңінен орын беріңіздер, – деген ағамыз «Бұған не дейді екенсіңдер?» дегендей телефонын өшіре салды.
Қап, мына оқырманның қорлығын ай! Шынын айтсақ, бізді қайта-қайта тақымдаған адамның алдында миллиардтаған қаржыны жемқорлар емес, тап бір өзіміз ұрлап жатқандай ыңғайсыз жағдайда қалдық. Дегенмен ағамыздың сөзінің жаны бар. Бірақ қомақты сыйақы тағайындайтын біз бай емеспіз ғой. Қаржы боп тұрса еліміздің даму жолына садақа деп жеңімізді түріп-ақ кірісіп кетер едік. Газетімізді оннан-мұннан қағыстырып әзер шығарып, қалт-құлт етіп отырғанда соншама ақшаны қайдан аламыз?
О, таптық! Оқырманның ұтымды ұсынысын тура Үкіметке жолдау керек! Миллиардтаған қаржыны ұрлатқанша милиондаған сыйақыны өз қолымызбен қошеметтеп ұсынбаймыз ба?! «Алтын сапа» деген сияқты еліміз бойынша байқау өткізіп тұрсақ ұтылмайтын сияқтымыз. «Жемқорсыз сала», «Жемқорсыз аймақ», «Жемқорсыз қала» деген сияқты номинациялар арқылы жеңімпаздарды анықтап, абыройларын асырып, жемқорлардың жігерін құм қылмаймыз ба? Біріншіден, ақша жағынан үлкен үнем болады. Екіншіден, өзгелерді ұрлықсыз, таза жүруіне ынталандырмай ма? Мың алғыс саған, ойшыл оқырман ағамыз! Бірақ бұған Үкімет не дер екен?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz