ШЫМКЕНТТІК 8 ҚЫЗДЫҢ ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ ЕРЛІГІ
2016 ж. 17 желтоқсан
8847
5
ЖЕЛТОҚСАННАН ЖЕТКЕН ХАТ
Балжан Әуелбаева, Халық ағарту қызметінің үздігі: «Мен осындай қыз тәрбиелеп өсіргенімді мақтан етемін!» Балжан апайдың сол сөзі сонау, осыдан отыз жыл бұрын Мәскеудің тоталитарлық билігіне қаймықпай қарсы шыққан қазақтың қаракөз қыздарының ерліктеріне берілген лайықты баға болды.
Батыр қыздар. 1986 жыл
Желтоқсан – ғасырлар бойы жыл сайын қайта айналып келетін қыс мезгілінің алғашқы айының аты. 1986 жылы желтоқсан бұрынғы мағынасынан асып, саяси суық мағынаға ие болды. Бұрын желтоқсанның ызғары тек адамның денесін жауратса, енді санасын қарыды. Ел астанасы Алматының басты алаңына бейбіт шеруге шыққан жастарды жазалаған операцияның да орысша «Метель» деп суық атаумен аталуы кездейсоқ болмаса керек... Мәскеудегі басшылықтың бұйрығымен басқа қалалардан шұғыл түрде жеткізілген жазалаушы әскерлер сапалы металдан жасалған саперлік өткір күректермен, сүйектен өтетін суық су бүркетін қондырғылары бар машиналармен, темір таяқтармен қолдарына бейбіт мазмұнды ұрандар алып шыққан қарусыз жастарға қол көтерген сол бір қанды қақтығыс туралы көп жазылды. Бірақ кейін жазылды. Ал сол күндері қазақ жастарына ең жоғарғы мемлекеттік деңгейде жауыздықпен жала жабылды. Сұрқия саясаттың ойыны тек бір жақты жүргізілді. Жоғарыдан түскен бұйрық бойынша қаралау барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы толассыз жүргізілді. Солардың бірі Мәскеу қаласында орыс тілінде баслылып кеңінен тарайтын «Литературной газета» (1 января 1987 года, №1(5119) атты басылымда былай деп жазылды: «...Все началось наутро после очередного пленума ЦК Компартии Казахстана. Можно с полным основанием утверждать, его решения были приняты подавляющим большинством коммунистов, трудящихся республики как обоснованные, правомерные. Тем не менее кое-кому уговорами, обманом и угрозами удалось вывести неопытных, политически неграмотных юнцов на улицы и площади. Появились националистические лозунги, извлеченные из самых мрачных глубин истории, отброшенные и перечеркнутые самой жизнью. К толпе примкнули хулиганы, пьяницы и другие антиобщественные лица. Разгулявшиеся дебоширы, вооружившись металлическими стержнями, палками, камнями избивали и оскорбляли граждан... Подогрели, толкнули несмышленных на безумство и попрятались. Ничего себе радетели нации, толкающие детей своих на разгул! ...Застой в экономике, взяточничество, служебные злоупотребления и другие негативные явления – все это также причина происшедшего». Қазақша аударып көрейік. «...Бәрі Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің кезекті пленумынан кейін таңертең басталды. Оның шешімін коммунистердің басым көпшілігі, республика еңбеккерлері заңды, негізделген деп қабылдады деген толыққанды тұжырым жасауға болады. Соған қарамастан кейбіреулер алдап-арбаумен тәжірибесіз, саяси білімсіз жастарды көшелермен алаңдарға шығара алды. Тарихтың ең бір қараңғы түкпірінен өмірдің өзі сызып тастаған ұлтшыл ұрандар пайда болды. Бұл топқа бұзақылар мен маскүнемдер және басқа да қоғамға қарсылар қосылды. Метал таяқтармен қаруланып алған жанжалқойлар, тастармен адамдарды ұрып намыстарына тиді... Ақыл тоқтата қоймағандарды қыздырып бассыздыққа итермелегендер тығылып қалды. Міне олар сондай, өз ұрпағын жүгенсіздікке итермелеген ұлт жанашырлары! ...Экономикадағы тоқырау, парақорлық, қызмет бабын пайдаланушылық және басқа да келеңсіз қиянат етушіліктер – болған оқиғаның орын алуының себептері осылар». (Аударған – Б.О.) Көпшілік бұрын да бүгінгі күні де желтоқсан көтерілісі тек Алматыда болды деп ойлайды. Жоқ, Ресей Федерациясының белгісіз бір обкомының хатшысының Қазақстанның басшысы болып тағайындалуы халықтың көпшілігіне ұнаған жоқ. Шымкент қаласының сегіз қызы бұған қарсылығын өздерінше білдірді. Оларды ұстап ұзақ тергеулермен шаршатты... Сол күндері олардың өздері, ата-аналары мен туыстарының бастан кешкендері туралы тек өздері ғана біледі. 1987 жылдың 28 ақпанында, сенбі күні облыстық «Южный Казахстан» №42(15.042) газетінде «Предостережение» атты үлкен көлемді мақала жарияланды. Мақаланың соңында «Паиз Кадеев, Жанна Тарасенко, спецкоры газет «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан» деп жазылған. Ұлты қазақ журналистің фамилиясы бірінші жазылуы тегін емес. Онысы "міне, бұларды қазақтардың өздері кінәлап жатыр" дегенді білдіру мақсатымен жасалған. Және мақаланың оқуға ыңғайлы сенбі күні жарияланғаны да кездейсоқ емес. Адамдар көбірек оқысын деген тәсіл. КСРО идеологиясын насихаттауда ештеңе бекер жасалынбайтын. Міне, мақалала үзіндісі: «...29 желтоқсан күні таңертең Шымкенттің орталық бөлігінің тұрғындары кейбір үйлер мен жеке гараждардың қабырғаларында ұлтшылдық және азғырынды жазбаларды (бірақ газетте жазбалардың мәтіндері келтірілмеген – О.Б.) көрді. Сол күні таңертеңнен бастап тәртіп сақтау және құзырлы орындардың телефондары тыным таппастан шылдырлады. Жазбалар туралы хабарлағандар осылай еткендерді тауып қатаң жазалауды талап етіп жатты. Бұл артықшылықтар мен жеңілдіктерінен айырылып қалғысы келмеген ұйымдасқан топтың ісі болуы керек деген тұжырымдар да айтылды. ...Бұл қыздар кімдер еді, оларды не жақындастырды, олардың әрқайсысының көзқарастық негізі қандай? Міне, олардың есімдері: Зейнеш Жадыраева, Гүлмира Тілеубаева, Гүлшат Әуезова, Гүлмира Керімбекова, Күлшат Тойлыбаева, Эльмира Бекпатшаева, Алма Арқабаева, Меруерт Әуелбаева. Мақала жалпылама жадағай сөзбен жазылған: «Олардың ешқайсысының нақты мамандықтық мақсаты, анық азаматтық ұстанымы жоқ. Оларды ортақтастырған тек саяси және әлеуметтік енжарлық. Нәтижесінде өте төмен жалпыбілімділік пен мәдени деңгей үйлесімділігі енжарлығы осы рухани әлсіздікке әкелген». Осындай негізсіз кінәлаулар осылай жалғаса береді. Журналистер көрінеу қателіктерге жол берген. Қыздардың бірі туралы олар былай деп жазады: «Кітаптар? Бұл топ кітаптарға онша көңіл бөлмейді. Қарама-қайшы болса да, айғағы осы: Меруерт Әуелбаева «Шамшырақ» кітап дүкенінде сатушы болып істесе де, кітап оқымайды десе де болады». Мүғалімдер отбасының перзенті бола тұра Меруертті кітап оқымайды дегенге кім сенеді?! Меруерттің әкесі Асан Әуелбаев Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан ардагер, тарих ғылымдарының кандидаты, Шымкент педагогикалық институтының белді ұстаздарының бірі еді. Анасы Балжан өмір бойы бастауыш сыныптарына білім берген мұғалім болып істейтін... Бес балалы отбасының төріндегі ең қымбат саналатын дүние-мүлкі – кітаптары болатын. Меруерттің кітап дүкеніне жұмысқа баруы да, сол кітаптарды сүйіп оқып өскенінің нәтижесі еді. Барлық қыздар туралы қараланып жазылған. Мақаладан бірде бір жақсы сөз таппайсыз! Журналистер кімнің алдында жақсы көрінгісі келді, әлде өз жазғандарына соншалықты сенімді ме еді? Мүмкін олардың мұнысы ақын Евгений Евтушенконың бір өлеңінде баяндалатындай: «Галилейдің замандасы Галилейден ақымақ болмаған. Ол да жердің айналатынын білді. Бірақ айтуға бата алмаған, себебі, ол бала-шағасына қарайлайтын», дегеннен шыққан әрекет пе еді? Бірақ қазір мәселе онда емес, журналистердің арасында бәрін түсінетін шыншыл тұлғалар бұрында да, қазірде болған және де бар. Мысалы, кезінде тоталитарлық биліктің басты қамалы Мәскеудің пәрменімен Қазақстанның біршама жерлері Өзбекстанға берілетіні туралы жазу керек деген тапсырмадан осы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бір журналисі бас тартқаны белгілі. Көп жылдардан соң сол журналист, ол кезде білікті ұстаз, Шымкент педагогикалық институтында өткен желтоқсаншыларды қаралау жиналысында Алматы алаңына шыққан жастарды бір өзі жақтап шықты. Сол үшін басшылық оны жұмыстан кетірді. Оңтүстік ақындарының шығармашылығын зерттеп, генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін 1972 жылы дәлелдеген ғалым Әсілхан Оспанұлының бұл ерлігі бөлек бір мақаланың жүгі. Жоғарыда аты аталған қыздарды қаралау мақсатымен жазылған мақаланы оқыған әр азамат мақала иелерінің өздеріне тапсырылған "міндетті" өте асыра орындауға тырысқанын байқайды. Турасында олардың жазғаны атақты жазушы, Нобель сыйлығының иегері Михаил Шолоховтың «Кейбір жазғыштар, әйтеуір тиын-тебен болсын деп жазады» деп айтқанына сайып кеп тұр. Мақала авторларының тырысқаны соншалық, жендетшілікпен айызы қанғандық байқалады: «Эльмира мен оның әкесі Ж.Бекпатшаев, қызын редакцияға шақырғанда ол: «Біз оны жібермейміз!» деп үзілді-кесілді дөрекі жауап қайтарды. ...Олардың ата-аналарының ақырын күтіп үнсіздік танытқанын айтпай кетуге болмайды. Кейбірі өз қыздарының қылмыстары туралы ресми орындарға шақырылғанға дейін білген. Білген, бірақ кінәсін мойындауы турасында қимыл-әрекет жасамаған. Ата-аналардың ешқайсысы бәрі белгілі болғаннан кейін тергеушіге келіп, өзінің болған жағдайға деген көзқарасын, бала тәрбиесіндегі жол берген олқылықтарына деген кінәсін мойнына алған жоқ» (аударған – Б.О.). Бұл мақалада жазылғанның бір шеті ғана. Қазақ қыздарының бұндай қадамға қалай барғаны, не күй кешкені өздеріне ғана мәлім. Олардың айтар уәжі бар ма еді? Әрине бар еді. Бірақ... ол кезде оларды жоғары жақта тыңдайтын кім бар еді?! Шымкенттік сегіз батыр қыздың бірі Елмира Бекпатша біраз уақыт өткен соң хат жазады. Бірақ оны ешқайда жолдамайды. Елмира хатты сақтап қояды. Ол өз хатына «Предостережение или опровержение» деп тақырып қойған. Бұл хат тек оның жеке өзінің ғана емес, Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың жан айқайы. Хат қазақ тіліне орыс тілінде жазылған күйінде аударылды: «Мен ұлтшыл емеспін, бірақ өз көзқарастарым үшін жапа шектім! Тек мен ғана емес – менің құбыларым да. Біз 8 қыз едік, 1986 жылы кешке көшеге «Долой Колбина!» деген т.б. жазумен шықтық, ...Біздің бейбіт өміріміз аяқталды. КГБ біздің басқан әр қадамымызды әрдайым аңдумен болды, телефонымыз да тыңдалды, хаттарымыз жолдан ұсталынды... Мен ол кезде үлкен мекемеде қызмет ететінмін. Мені алып кетуге «Волга» автокөлігімен келіп ештеңе түсіндірмей директордың орынбасары арқылы өздерімен бірге жүруге бұйырды. КГБ-ның ғимаратына енгенде барлық құрбыларымды көрдім, әрқайсысының жанында бөлек тергеушілер бар, сонда бәрін түсіндім. Мені тергейтін қызметкер басшылыққа мені алып келгенін баяндады да, жұмысына кірісті. Ол күні бізді қараңғы түскенше тергеуге алды. Біз ата-анамызға не дерімізді білмедік. Бірақ... ата-аналарымыз да біліпті. Содан аспан төңкеріліп жерге түскен күй басталды. Келесі күні жұмысқа барғанымда, әйелдер менімен амандаспады, кейбіреулері мысқылмен әжуалай күле құттықтап жатты, біреулер арқамнан түкірді, кабинеттен кабинетке шақыру басталды. Жиналысқа салды... Тек мені емес, сол мекемеде аттай 15 жыл қызмет еткен әкемді де барынша сынап бақты. Содан комсомол мүшелері мені ВЛКСМ (Бүкілодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы-Всесоюзный Ленинский Коммунистический Союз Молодежи – Б.О.) қатарынан шығару мәселесін дауысқа салды. ....Енді директор кабинетіне шақырып намысыма тиетін сөздер айтты, мені "қауіпті қылмыскерсің" деді. ...Жұмыстағылардың барлығы жұмыстан өз еркіммен шығуымды талап етті... Мен олай еткім келмеді, себебі жұмысымды жақсы көретінмін және жұмыстан шығып қалсам, енді ешқайда да орналаса алмайтынымды білдім. ...КГБ-дағы «жолдастардың» "ешкім сендерді жұмыстан шығаруға құқысы жоқ" дегені бос сөз еді, құрбыларымды да жұмыстан шығарды. Менің туыстарымды да жай қоймады, олардың да қызмет лауазымын төмендетті. Ата-анамның да, өзімнің де денсаулығым нашарлады. Бір айда 12 килограмға арықтап кеттім. Анам жүрек ауыруымен емханадан шықпайтын болды. 2 жылдан соң әкем инсультқа ұшырады. ...Ол кезде жариялылық деп айдай әлемге жарияланғанымен, біз сол жариялылық үшін зардап шектік. ...Біз ешқандай қылмыс жасаған жоқпыз. Содан соң «Оңтүстік Қазақстан», в «Комсомолка...», («Комсомольская правда» – Б.М.) «Южный Казахстан» газетінде «Предостережение» атты мақала жарық көрді. Біздің жақсы жақтарымыз жеткілікті еді, бірақ журналист Кәдеев, бізбен кездеспей, сыртымыздан біз туралы "білімсіздер, әбден азғандар" деп ойына келгенін жазды. Көзге түскісі келді ме, әлде қызметте жоғарылағысы келген болар? ...Сол бір қудалаулар болмағанда мен де және менің құрбыларымның да өмірлері жақсырақ болар ма еді». Елмира Алматыда тұрады. Ол әкесінің елдегі өзгерістердің болғанын көре алмай кеткеніне жүрегі қан жылай налиды... Оның отбасы, балалары мен немерелері бар. Бірақ сол хат сақтаулы. Себебі өткен жылдар арта қалғанмен жүрегі сыздап ауырады... Қазақтың сол бір сегіз қызының әрқайсысы бөлек мақала жазуға лайық батыр жандар. Алматыда Елмирамен сөйлескен соң, мен Шымкент қаласында тұрып жатқан желтоқсаншы қыздардың біразымен жолықтым.
Батыр қыздар. 2016 жыл, желтоқсан айы: солдан оңға қарай: Алма Арқабаева, Зейнеш Жадыраева, Гүлмира Тілеубаева, Меруерт Әуелбекова.
Зейнеш Жадыраева: «Халық шаруашылығы интитутында оқып жүрген кезім. Құрбыларыммен Мәскеудің шешіміне қарсылығымыздан кейін біраз күндерден соң институт басшысы кабинетіне шақырды, қасында КГБ-ның адамы отырды. «Волгамен» алып кетті. Әкем энерготехникумда қызмет ететін. Сол қатты ашуланды, атамнан қалған қосауыз мылтықты алып, КГБ-ның ғимаратына барып мені босатуды талап еткен. Оны әскерилер қоршап алған. Әкем оларға мылтығымен сес көрсетіп берілмеген соң бір генерал келіп жеке сөйлескен. Мені үйге қайтарамыз деп уәде еткен соң үйге қайтқан. Құрбыларымызбен қалай кездеспейміз? Көшеде жүргенде кейбірде аңдушыларды көріп, әдейі бір жаққа кілт бұрыламыз да күтіп тұрамыз. Олар жедел жүгіре жөнеледі. Біз болсақ олар жақындап қалғанда, бұрыштан шыға келеміз. Олар болса, апақ-сапақ сасып қалып, не істерін білмей қалады. Кейде бір үйге жиналамыз да терезені айқара ашып төмен қарап тұрамыз. Аңдушылар не істерлерін білмей тұрады. Кете алмайды ғой. АҚШ-та тұратын Салтанат есімді сіңлім Шымкент қаласының әкіміне біз туралы хат та жолдады. Айта берсем әңгіме көп». Гүлмира Тілеубаева: «Анамды партиядан шығарды, әкемді қызметінен төмендетті. Өзім «Гүлжан» деп аталатын Шымкент қаласының орталығындағы үлкен дүкеннің кадрлар бөлімінде жұмыс істейтінмін. Осипова деген директор "кабинетке жүр, сені күтіп отыр" деп шақырды. Барсам КГБ-ның адамы келіпті. «Киініңіз» деп бұйырды. Киініп шықтым, машинамен алып кетті. Содан күнде тергеу. Қызметтестерімнің де бет-пердесі қандай екені сол кезде көрінді. Көбісі «ұлы» деп айтылып жүрген ұлттың өкілдері болатын. Жиналыста маған қандай жаза қолдану керек екені қаралды. "Бір ай еден жуушы болып жұмыс істесін", деп басым дауыспен шешім қабылданды. Жұмыстан қорқатын мен емес және әке-шешем жастайымыздан жұмыстың жаманы болмайды деп үйреткен. Бір ай еден жудым. Жас болдық, тергеушілер түрлі сұрақ қояды. Қайталап сұрай береді. Небір жағдайлар өтті ғой басымыздан». Алма Арқабаева: «Олар әбден аңдыған екен, біздің бояуларымызбен қылқаламдарымызды, бояу болған шүберектерімізді тауып алыпты. Біздер саябақта және басқа жерлерде кездесіп жүрдік. Аңдып жүргенін анық көретінбіз, өздерінше тығылған болады. Жаспыз, қорқу деген қаперімізге кіріп шықпайды. Мәскеуге оқуға түскенмін, хат келген болу керек, тез арада шығарып жіберді. Содан Шымкентте жеміс-жидек сататын дүкенде қызмет еттім. Газеттегі мақалаларға байланысты болу керек, бізді көпшілік біліп қалды. Сол кездері кейбіреулер өздерінің бізге деген көқарасын көрсетіп бақты. Жұмысыма да келіп, саусағымен нұсқап, небір жаман сөздер айтқандары да болды. Айтпақшы дуалдарға «Долой Колбин" деп жазғанда киімімізге бояу жұғып қалған. Менің пальтомды КГБ-ның қызметкерлері алып кетті. Әкем барып қызымның пальтосын қайтарыңдар деген, бірақ олар бермеген. Басқа қыздардың да сырт киімдері КГБ-да қалды». Меруерт Әуелбаева: «Көшеде кітап сатып тұрған жерімнен алып кетті. Сұрайтындары, қалай болды, кім ұйымдастырды. Өзіміз солай етеміз деп шештік дегенге сенбейді. Кабинеттен шығарғанда құрбыларымды көріп қаламын. Қолдан келгенше бір-бірімізге айтарымызды айтып қаламыз. Тергеу арасында КГБ ғимаратының алдындағы асханаға тамақ ішуге апарады. Онда да тыныштық жоқ, айтпағандары қалмайды. Кейбірде жылы сөйлегенсиді, кейбірде қорқытады. Қайда жүрсек те, аңдуын қоймады. Соңымыздан жүреді де қояды. Алыстамайды, жақын келіп те ештеңе демейді. Бәрінен де анама қиын болды. Ол кісі мектепте қызмет істейтін». Меруерттің анасы қазір зейнеткер, Алматыда ұлы Мұхитпен бірге немерелерін өсіріп жатқан сүйікті ана әрі әже. Халық ағарту қызметінің үздігі, құрметті ұстаз Балжан апаймен жүздесіп, сол күндер туралы айтып беруін өтіндім. Ол кісі біраз ойланып қалды. Балжан апайды бала кезімнен танимын, өр кісі. Асан аға қайтыс болғаннан кейін, балаларын бір өзі өсірген жан. Балжан апайдың әңгімесі: «Ол санаға өте бір ауыр салмақ салған кез еді ғой. Қоғам үрпиісіп қорқып қалған. Алматыдағы алаңға шыққан жастардың бәрі маскүнем, есіркі қолданатындар, бұзақылар деп жарияланды. Нағыз себебін жүрегіммен сеземін. Отағасы өте ұлтжанды кісі болатын. Халқын шынайы жақсы көруші еді. Шымкентте қазақ мектептері аз болса да, балаларымызды қазақ мектебінде оқыттық. Қызымның құрбыларымен көшеге шығып қарсылық әрекеттер жасағаны туралы естігенде біртүрлі сезімде болдым. Қызымды КГБ алып кетеді, тергейді. Сондағы қоятын кінәлары - қыздарымыз өздерінің көзқарастарын білдіргендері. Ол кезде Шымкенттегі Мәншүк Мәметова атындағы мектепте бастауыш сыныптарына сабақ беретінмін. Бір күні мектепте жиналыс болатын болды. Сол күні көптеген жылдар бойы қызмет істеп бауыр басып кеткен мектебіме бару маған өте ауыр тиді. Күніге барып жүрген жол өте ұзақ көрінді. Жиналыс басталды. Директор мен орынбасары мен туралы небір ауыр айыптау сөздер айтты. Көпшілік, өзім көп жылдар бірге қызметтес болып жүрген ұстаздар қауымы үнсіз. Ауыр үнсіздік. Мұғалімдер суырылып сөйлеген жоқ. Тек басшылар сөйлеп жатты. Айтатыны менің қызым, менің оған қалай тәрбие бергенім. Бір уақытта маған сөз берілді. Жұрттың алдына шықтым. Сонда алдымда отырғандарға тіке қарап бір-ақ ауыз сөз айттым. «Мен осындай қыз өсіргенімді мақтаныш етемін» дедім де, залдан шығып кеттім. Балжан апайдың сол сөзі сонау, осыдан отыз жыл бұрын жас жүректерімен еліміздің Тәуелсіздігін жақындатып, Мәскеудің тоталитарлық билігіне қаймықпай қарсы шыққан қазақтың қаракөз қыздарының ерліктеріне берілген лайықты баға болды. Бердалы ОСПАН. Мәдениеттанушы. qazaquni.kz- колбин
- «Южный Казахстан»
- Гүлшат Әуезова
- Эльмира Бекпатшаева
- Гүлмира Керімбекова
- «Оңтүстік Қазақстан»
- Күлшат Тойлыбаева
- Алма Арқабаева
- Асильхан Оспанулы
- «Предостережение»
- Меруерт Ауельбаева
- Паиз Кадеев
- Жанна Тарасенко
- желтоқсан оқиғасы
- Асан Әуелбаев
- «Метель»
- Зейнеш Жадыраева
- Балжан Әуелбаева
- Гүлмира Тілеубаева