Назарбаев Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына арналған жаңа монументті ашты (фото)
2016 ж. 16 желтоқсан
4207
15
16 желтоқсанда Қазақстанның Тәуелсiздiгi күнi Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесi аумағында Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына арналған монументті ашты деп хабарлайды Baq.kz.
«Бүгiн, 16 желтоқсан – Тәуелсiздiк күнi. Осыдан 25 жыл бұрын бiз Қазақстанды тәуелсiз ел деп жарияладық. Мiнеки, бүгiн 25 жыл болды. Бүгiнгi суыққа қарамай, кездесуіміздің себебі – Астанамызда тағы бiр монумент ашайын деп отырмыз. Астананы Ақмолаға көшiрген кезде ең алдымен қаланың ортасы деп ескi қаладағы алаңды игердiк. Одан кейiн сол жағалауда, тақыр жерде жаңа қала салғанымызда «Бәйтерек» орнаттық. Ол әлi күнге дейiн қаланың символы болып келе жатыр. Халықтың барлығы сол жерге барғанды, жүргендi жақсы көредi. Одан кейiн Қазақ елi деген монумент орнаттық», - дедi Назарбаев.
Президент Тәуелсiздiктiң 20 жылдығында Қазақстанның Мәңгiлiк ел триумфалдық аркасы, ал Тәуелсiздiкке 5 жыл толған кезде Алматыдағы алаңда Тәуелсiздiк монументi ашылғанын еске салып өтті.
«Ендi 25 жылдықта елдiң есiнде қалсын деп, мына монументтi орнаттық. Бұл монументтiң 25 қыры бар. Әр қырында әр жылда iстелген шаруа жазылған. Басты мәселе – бұл монументтiң ЭКСПО жанында болуы. Биылғы жылы ЭКСПО-ны ашқан кезде дүниежүзiнен миллиондаған турист келеді. Сонда мына монументке қарап, Қазақстанның 25 жасқа толғанын есiне түсiреді деген ойлаймыз», - деп толықтырды елбасы.