Аманғазы КӘРІПЖАНӘУЛЕТІ: ЖЕЛТОҚСАН - МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ
2016 ж. 14 желтоқсан
6439
0
Әділетсіздікті бала шақтан сезіндім
Қоғамдық әділетсіздікке қарсылық адамдар арасындағы әлеуметтік алалаушылықтан да басталады. Қарсылық білдіретін адам әуелі қарсылықтың себебін сезіне білуі тиіс. Мұндай сезім кіршіксіз сәбидің бойына әуелі табиғаттан, сосын алғашқы дүниетанымынан қалыптасатын сияқты.Шоқан Уәлихановтың үш жаста көргендерінен есінде қалғаны бар деуші еді. Оған таңғалмайтыным – сол 3-4- жаста көрген-білгендерімнен менің де еміс-еміс есімде қалғаны бар. 1967-68 жылдары жаңа үйімізге қора салып жатқанда өгізбен айдаған батпаққа батып шыға алмай жылағаным, шешем мені шабақты арбамен апарып әйелдердің моншасына түсіргені, сол жылдары Серікбай, Қозан аталарымыз ауылға көшіп келіп үй салып жатқанда бидай көже тарататын үлкен ожауды құшақтап жүретінім, өзімнен 4 жас кіші қарындасым – Сайраш туғанда Қауан, Бишман деген апаларымыздың шашуға шақпақ қант алып келгені, тағы-тағылар анық есімде.Бала күнде көршілердің ересек балалары күнде соқтығып, үйге күнде жылап қайтатынмын. Жуастау, көңілі тез босайтын әлсіздеу болған сияқтымын.Айқайға басып, таяқпен қуалап, есемді қайтаратын бар тірегім – атам Кәріпжан еді. Кейін «Ленин жолы» кеңшарына біріктірілген 15 колхоздың бірі болған Егінді бұлақ ауылына қыдырып барып, сырғауылмен жабылған жертөле үйлерді, шөп шабатын ат мәшинелерді көріп қайттық. Келген бетте көршінің ересектеу қызы мені «кәмпит берем» деп, газетке оралған бірдеңені көрсетіп, алдап шақырып алды. Барсам қолындағысын үстіме жаға салды да қонақтан киіп келген жібек көйлегімді біреудің дәретімен былғады. Ашуға басқан атамсөз арасында көршіге: – Мен білетін туысың – Мақыбай бандының мойынында жазықсыз адамның қаны бар, – депті. Бұл 1969 жылдар еді. Кейінгі кезде біздің жақта осы аттас адамды «топ құрып, Кеңес үкіметіне қарсы шыққан тарихи тұлға» ретінде көтерушілер бар. Бәлкім, атамның айтқаны басқа Мақыбай шығар. Банды деген сөзді бастауыш сыныпта да естідім. Сабақ үстінде арт жаққа отырып алып, басқа балаларды өзіне қаратып әңгіме соғып отырған Әбділдәбек деген құрбымамұғалім: – Банды әкеңнің әңгімесін айтып отырсың ба? – дегені есімде. Сол кездегі көзқараспен банды атанған оның әкесі Көкен және әкесінің ағасы Бейсенбай менің атаммен бірге 1931 жылы Алақ көтерілісіне қатысқан ұлтжанды азаматтар еді.Атам он жылдық үндемеске кесіліп, түрмені бұзып қашып, Қытайға өтіп құтылады. Ол күйші, композитор, балуан және үлкен молда болған. Оның інісі Серікбай Итжеккенге айдалып, 18 жыл сергелдең көреді. Тағы бір інісі Садырбайату жазасына бұйырылып, түрмеде айуандықпен өлтіріледі. Кенже інісі Бікен соғыста оққа ұшады. Бір әкеден бірнеше ағайынды болғандықтан үлкен ағасы Ахметжан старшын кенет сырқаттан жастай мерт болады. Екінші ағасы – Шодай аштан өледі. Кәріпжанның бір қызы мен Шодайдың бір ұлы балалар үйінен жоғалады. Мен Кәріпжан атамның алдында отырып өстім. Ол кісі 1931 жылы ағайынның 80 пайызы Қытай асып бара жатқанда «Кезең асқанда» деген күй шығарыпты. Айтысқа да, дауға да көп қатысқан екен. Қытайдағы дүнген соғысына және Сібе көтерілісіне қатысып, онда да ату жазасынан амалын тауып құтылады. 1969 жылы біздің ауыл түгілі ауданымызды дүрліктіріп, қалың танктер мен басқа да әскери соғыс техникаларының жүріп өтіп, шекара жаққа бет алғаны көз алдымызда. Мен бес жастамын. Елді алаңдатқан бұл оқиғаның себебін анықтау үшін аупартком хатшысының өзі Орта Азия әскери округіне хабарласып мардымды жауап ала алмаған екен. Мен сан білетін болғандықтан әуедегі әскери ұшақтарды санай бастадым. Бір мезетте үйдің іргесіндегі таудан бір танк төмен қарай ағып келеді. Біз үйге қашып үлгіргенше әлгі алапат қорамыздың іргесін қағып өтті. Ел қорқып отырса, атам таяғын алып айғайлап, қалың әскерилердің ішіне кіріп кетті. Еуропалық ұлт өкілдері атамның қазақша айғайынан ештеңе түсінер емес. Өзге ұлт кездеспейтін ауылдан менің де орыс көруім біріші рет. Танкистердің арасынан бір қазақ жігіті табылып, атамның сөзін командирге аударып берді. Ақыры соның бұйрығымен екі солдат келіп, қорамыздың бүлінген жерін ретке келтірді. Қарсы алдымызда қажы атамыздың үйі бар еді. Отарба сияқты ұзынынан сұлап жатқан жертөле үй. Абайдың әкесі Құнанбай қажымен бірге Меккеге аттанып, бір шекарада Құнанбайдың құжаты жарамсыз болғандықтан өз құжатын беріп жолдан қалған бесінші атамыз – Сатыбалдымен бірге туған Шал қажы Дондағұлұлы осы үйден шыққан екен. Ал, өзі қажыға бір жылдан соң 1878 жылы барады. Ол Өскенбайдың қарындасы Марқадан туғандықтан Абай біздің нағашымыз болып саналады.Ұрпақтарынан кеңестік дәуір қарсаңына дейін 9 адам қажы атаныпты. Атама қарап мен де намысын жібермейтін батыр болғым келді. Бірақ, 28 жасында Зайсан көліне суға кеткен әкемнен кейін атам, кенже қарындасым бәрі бір жылдың ішінде бақилық болды. Балалардың үлкені мен болсам да бәріміз балабақша жасында әкеден қалдық. Әкем бойшаң, Арқа және Шығыс Түркістан әндерін айтатын әнші, ақын еді. Өзгелермен салыстырмалы түрде болашақ тағдырыма ертерек мән берген сияқтымын.Ана тілі оқулығындағы Абай атамызды көріп ақын да болғым келді. Сол кезде Сәбит Мұқановтың қайтыс болғанын естіп, қалған жазушыларды көру үшін, шешемді көндіріп Алматыға да барып қайтыппыз. Жазушылардан онша хабары жоқ шешем көшедегі жұрттан Қонаевты сұрап, мені күлдіргені бар. Жеті жасымда тақпақ шығаруды бастадым. Мектептегі көбіне бастықтар мен мұғалімдердің балалары ғана қатыса алатын жаңа жылдық шыршаға аңдардың ролі жетпей қалғандығын сылтауратып мені қатыстырмады.Мен шешеме жолбарыстың маскасын сатып алдырып, оған лайықты «Жолбарыс» деген тақпақты өзім шығардым. Өйткені, аңдар арасында жолбарыс қана жоқ екен. Сонда да қатыстырмады. Ақыры маскамды ересек балалар тартып алды. Сол жеті жасымда менің де бағыт берер адамым болса, жас ақын Жамбыл Дүйсенов сияқты тоқтамай мен де біраз жерге барып қалар ма едім. Оқушы кезде суық география кабинетіне арнап жазған өлеңімнің соңы: ...О, бауырлар, ағалар, Мен айтайын жорамал, Кіргендердің есіне Антарктида оралар. Бізді үсіріп қорлауға Түбі ұқсас салғанға. Мұз дәуірі қайтадан Әлде тақап қалған ба? – деп, аяқталады екен. Бұл өлеңді ұстазым Қ. Егізбаев 80-ге жеткенше қойын дәптерінде сақтап, ауылда менімен өткен кездесу кешінде өзіме көрсетті. Менің әркімге бір өлеңшығарып, елді күлдіріп жүргенімді естіген мектеп директоры мені шақырып алып, «Кірпі» қабырға газетін шығаруды тапсырды. Мен бар кемшілікті қолданкелгенше тізіп шығып, соңында: – Бұл былыққа мән беретін мұғалімдер болса ғой, Үкімет пен партияның есіне де салса ғой, – деп аяқтаппын. Директор «үкімет пен партияда нең бар?» деп, газетті басқаларға қайта шығартты. Мектептің әдебиет сабағында мұғалім А.Байтұрсынов бастаған ұлтшыл-алашордашылар жаңалықтың бәрін ескішіл көзқараспен қабылдап, революцияның өзін «төңкеріс» деп аударып алды дегенде: – Бұл сөздің не кемшілігі бар? – деп сұрақ қойдым. Ол маған әзіл-шыны аралас: – Өмірдің көлеңкелі жағын іздемей күнгей жағымен жүруге тырыссаңшы, – деп жауап қатты. Бұл мұғалім әрнеге түсіністікпен қарайтын еді. Осындай қарсылықтарымды «білгіш» деп жақтырмайтын, бір жағы жазғандарымның аудандық газетке шығып жатқанын да көре алмайтын кейбір мұғалімдер менімен ерегесіп, бағамды да төмендетті. Химиядан сабақ түсіндіре алмайтын бір апайымын ең төменгі бағаны қойып, 8-ден соң трактордың учелищесіне де қуаламақ болды. Кейінширақтау мұғалім келіп, сол химия пәнін мақтау грамотасымен бітірдім. Мектеп бітіру қарсаңында шұбартаулықтардың бастамасымен құрылған комсомол-жастар бригадасына үгіт-насихат жұмыстары басталды. Біздің сыныптағы барлық оқушыдан бригадаға қалу ниетіндегі өтініш жаздырып алды. Және өтініш жазғандарға бір баға артық қойылатынын ескертті. Мен сонда да жазбадым. Жағдайымды ескеріп қыстамады да. Бірақ, мектеп бітіргесін бәрі де оқуға, қала-далаға қашып, бригада жұмысына біздің сыныптан мен ғана қалыппын.Мектептен соң...
Өскенбайдың қарындасы Марқадан туған Шал қажы бабам өзімен сапарлас болған Абайдың әкесі Құнанбай шекара қиындығына ұрынғанда өз құжатын кепілдікке беріп өткізген деген дерек бар. Оның бауыры Сатыбалдыұлы Тәкібай қажы ұрпақтары түгелдей қажының ұрпақтары ретінде Сталин нәубетіне ұшырады. Бірі ату жазасына , қалғаны түрмеге кесілді. Соның бірі – он жылдық үндеместің абақтысын бұзып – Қытайға қашқан менің өз атам Кәріпжан молда еді. 28 жасында Зайсан көліне суға кеткен әкем де, атам да, тағы бір қарындасым бәрі жыл ішінде дүниеден өткесін үйдегі балалар – бәріміз мектеп жасына жетпей қалдық. Бала шақта көргеніміз өзінше бір хикая болса, қоғамдық әділетсіздіктің жалғасын мектептен соң қой өсіруші комсомол-жастар бригадасына келгенде көрдім. Мектептегі СССР тарихынан «жұмысшы және шаруа табы 8 сағаттық жұмыс күні мен заңды демалыстарын жеңіп алып, бақытты өмір сүріп жатыр» дегенге сеніп келген едім. 8 сағат түгілі 10-12 сағаттық жұмыспен таңды атырып, күнді батырып, аяздан үйге кіретін біздер үшін айына беретін 4 күндік демалысты да бермейді. Құл болудың не екенін осында түсінесің. Қаптаған комсомол- жастар да жоқ. Сол жылы мектеп бітіргендерден 2 оқушы ғана келіппіз. 10 «в» сыныбынан келген Айгүл Мейірханова Айман деген қызбен бірге аспаз болып орналасты. Оларда дем алатын уақыт көп.Бірақ, мардымсыз жалақы бәріне бірдей. Қыздар инабатты, тәрбиелі, ашық еді. Оның бірі жастай бақилық болып, екіншісі із-түссіз жоғалып кетті.Бригаданың ең ауыр жұмыстары «барып кел, шауып келге» үйренген Қабдеш аға екеуміздің мойынымызда. Кеңшардың мұндай жұмыстарына мектепте жазғы демалыс сайын араласып, бойым үйренген. Науқанды жұмыстардан жалақысыз оралған кезім де болған. Бір күні жұмысшылар комитеті төрағасы мені қыздармен бірге аудандық шопандар слетіне апарды. «Ух!»деп дем алған бір күніміз осы болды. Әйтсе де, марапаттау кезінде төс белгіні үйде отырған қыздарға тағып, мені құр алақан қайтарды. Болгарияның жолдамасы да соларға бұйырды. Қорлаған намыстан басымыз салбырап қайттық. Суықта киетін тонды да суықта жүрген маған бермей, қалған бәріне де жеткізді. 18 жыл Сталин қуғынын көрген Серікбай атам мұны естігенде кеңшар бастықтарын бүрістіріп отырып, «Жетім баланы неге қорлайсыңдар!» деп, маған бастықтар ғана киетін тонның бірін алып берді. Ұзақ жыл киген осы тонмен 1986 жылы алаңда түсіп қалған 3 суретім мұрағаттан табылды. Осыдан соң жүрген жерімде «заңқой» атана бастадым.Осылайша мен үшін ауылдан басталған басқа да әлеуметтік күрестер қоғамдық күрестің бастамасы болды. 1983-1986 жылдары Забайкал өлкесінде әскерде жүргенде ұлтаралық қақтығыстың лаулаған тұсына куә болдық. Қақтығыста мерт болған әр ұлттың ішінде оралдық Ақболатов Бақытжан да бар еді. Әскер санын шамадан тыс көбейтпек болған Ю.Андропов басшылығы сапқа ілесе алмайтын ауру жігіттерге дейін армияға алыпты. 1984 жылы 13 желтоқсанда біздің ротадағы 60-тай қазақтың ұйымдастыруымен аз ұлттардың өктем ұлтқа қарсы ереуілі басталды. Бір түнде 27 адам жараланды. Гарнизон басшысы - Имладзе грузин, орынбасары Маркарян деген армян ұлтының өкілі болғандықтан ба, көбіне өктем ұлт өкілдері сотталды. Әйтсе де кейінгі бір жазадан Қайролла мен Қайырбек деген қазақ жігіттері де құр қалмай, 4 жылдан арқалап кетті.Бұл жөнінде «Жас алаш» газетінде айқара беттік мақала шыққан. Қысқартып айтқанда, ҚазҰУ-дің журфагына 1982-жылы түсіп, 1992-ші жылы аяқтадым. Арасында 5-6 жыл уақытым қала және әскери құрылыс саласында бетоншы, ағаш шебері, тас қалаушы, т.б. мамандықтары бойынша өтті.Құрылыстағы үй кезегіне 1982-ші жылы тұрып, 2012 жылы 30 жылда арендалық баспанаға қолым жетті. Оған Прокуратураның 25 жылдан соң ақтаған анықтамасы, Желтоқсанның 4 ұйымының, Жазушылар Одағының, М.Шахановтың хаттары мен қалада тұрып 7 бала дүниеге әкелген жолдасымның Алтын алқасы көмектесті. Тіл үшін орыс-қазақпен құрылыс саласында да аз шайқаспадым. Бірақ құрылысшылардың 1985 жылдары демократиялық жағынан экономикалық талаптар деңгейінде болса да жұмысты тоқтатуға дейін барып, қайта жаңғырғанын көріп қуанғанмын.Бағаланбаудың салдары.
Социалистік орданы бұзған Желтоқсан көтерілісінің уақыты да ордабұзар жасқа келді. Ордабұзар жаста тағы бір орданы бұзып кетпесін деп, тәртіп сақшылары да аңдумен әлек. Құзырлы орындардың да мерейтойлық құрметі әзірше осындай. Адамзат тарихының қаңқасына айналған бес қоғамдық-экономикалық формацияның бірін төңкерген көтерілістен кім қорықпайды? Бәзбіреулер үшін Желтоқсанға арнап заң шығару да, ғаламдық деңгейде бағалау да, көтерілісшілерге соғыс ардагерлеріне тән құқықтық мәртебе, бедел беру де қауіпті. Мұндай мүмкіндік саяси элитаның мысын басып, желтоқсаншылардың жан айқайын айдай әлемге жеткізуі мүмкін. Оның бір ұшы кешегі тонын теріс аударып киіп, әлі де пәрмені жүріп тұрған «хамелеондар» мен оның ұрпақтарына тиеді. Болмағанда қызғанышы мен ашуын шақырады. Отаршылдыққа бойы әбден үйреніп, санасы коммунистік эволюцияның өзгерісіне ұшыраған олар, сондай-ақ, ұлтаралық текетірестің тұтанып кетуінен де қорқады. «Ұлы халықтан» қорықпаудың бір жолы бар. Ол – отаршылдар ұрпақтарына өткен ғасырдағы Азия, Африка мемлекеттерінің азаттық тарихын, қасіретті жолы мен ащы сабақтарын оқыту. Қысқасы, оларға азаттықтың не екенін түсіндіру. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегендей, бізге сенімсіздік танытса, өз тағдырымызды өзге арқылы ұқтырумен ғана өктем ұлттың да пейілін жібітіп, Желтоқсан мен басқа да азаттық тарихын кеңірек ұлықтауға мүмкіндік алар едік.Түсіндіру жұмысы саналы жүрсе, өзге ұлттардан да біздің патриоттарымыз шығуы ғажап емес. Қазақ ұлты да тәуелсіздігінен айырылған тайпалық мемлекеттер мен басқыншылардың ұрпақтарынан құралып, жүйелі мемлекетке айналды емес пе?Кейбір магнаттар мен мемлекеттік шенеуіктер ақшаны тағы да шетелге асырмай тұрғанда, «КазСадты» жоғалтқандай аузымызды ашып отырмай, осындай тарихтың «тәуелсіздігіне» жұмсайық. Бұрын «Октябрь революциясына «бәлен» жыл!» деген жазу бүкіл ақпараттың маңдайшасында жыл бойы жүретін еді. Біздің ұлттық басылымдар Желтоқсанға ондай жылдық құрмет көрсетпек түгілі, қиса – жылына бір бетті зорға қияды. Оның өзінде Желтоқсан туралы бір материал берсе, қалғанына Желтоқсанға қатысы жоқ танымал адамдардың пікірін беруді бедел санайды. Желтоқсан мен саяси дағдарыстардың әділетін, шындығын насихаттаудан қорқатын ұлттық басылымдарымыз ұлттық тарихты, тілді, дінді, түркілікті, этнографияны және ұлттық экономиканы мемлекеттік ұстаным деңгейінде ғана айтуға мүмкіндігі бар. Басылымның қалған беттерін «жұлдыздармен» көркемдеп, жарнамалайды. Ал, билікке Желтоқсанның дербес ақпарат құралын ашу жөніндегі ұсынысымды өткізе алмағаныма да аз жыл өтпеді. Республикалық «Желтоқсан ақиқаты» газетінің бір жылдық санын шығаруға жалақы алмай, керісінше, қалтамнан тиын-тебенімді қосып, журналист ретінде де, бас редактор ретінде де ат салыстым.Оған қоса Желтоқсанның 25 жылдығы қарсаңында банктен несие алып, «Желтоқсан сүргіні», «Желтоқсан жыры», «Батыр Қайраттың балалық шағы» атты кітаптарды шығарып, кездесулерде оқу орындары мен кітапханаларға тегін тараттым. Үйінде шырылдаған ұсақ жеті баласы бар, жәрдемақыға қарап отырған мен сияқты қай «коммунист» ел үшін сондай «бассыздыққа» барады екен?... Мұны кейінгі «тимуршыларға» үлгі болу үшін айтып отырмын. Өткен жолы Ұлттық кітапханада өткен ғылыми конференцияда Желтоқсанды бағалау ісі де сөз болды. Мұны бір Халық жазушысы, ақын ағамыз «Кеңестер Одағындағы алғашқы бетбұрыс» деп бағаласа, 1953-56 жылдардағы еуропалық көтерілістердің бірнешеуін тізбектей келген ғалым бір профессордың бағалауы – Желтоқсанның Азиядағы үлкен қозғалыс екенін білдірді. Желтоқсаншылар атынан сөз алған мен оның бағасын ғаламдық деңгейге шығардым. Өйткені, көтеріліске дәуірлер бойы жиі шыныққан еуропалық ереуілдердің көбі – экономикалық талаптармен шектелген мемлекеттік саяси төңкерістер деңгейінен аспады. Оның көбі стихиялы, утопиялы түрде жүрді. Және ешбірі де формацияға бетбұрыс жасай алмады. Кеңестер одағында дербестігін алған 15 республика болса, сыртында тағы да 25 социалистік мемлекеттер бар екен. 40 елдің кейінгілері – Камбоджа, Иемен, Ангола, Бенин, Конго, Эфиопия, Мозамбик Халық Республикалары. Адамзат тарихының бесінші қоғамдық-экономикалық формациясына (марксизм бойынша) ұлт-азаттық мазмұндағы бірінші саяси бетбұрыс жасаған да осы Желтоқсан көтерілісі екенін айттым. Айтып келе жатқаныма да ширек ғасырдан асты. Бірақ, бұл деңгейде баға берген бір де бір зиялы тұлғаны көрмеппін. Желтоқсан – өзге түгілі өзіміз танып бола алмай жатқан ғажайып құбылыс. Желтоқсан бағаланбаса желтоқсаншы да бағаланбайды. Желтоқсан бағаланбаса – оның шындығы да өз арнасын таппай, жұмбақ күйде құмға сіңеді.Олай дейтінім – бұлыңғыр сараптама негізінде ақиқат аяққа тапталды. Таяқ жегендер қалқада қалып, жегізгендер «қаһарман» атанды....Адамзаттық тарихқа кім сенеді?
Көз алдыңда түсетін өзгеріске?(«Желтоқсандық екіжүзділер») – деп, менің өлеңімде айтылғандай, тарихтың көз алдыңда өзгеріске түсуі – жалпы тарихқа деген сенімді жоғалтады. Желтоқсанға қатысы бар пендені мен үш топқа бөлдім: 1.Көтерілісшілер. Олар – студенттер, оқушылар, жұмысшы жастар және кейбір ұлтжанды азаматтар.- Қарсы топ – тәртіп сақшылары, әскерилер, ерікті және еріксіз жіберілген жасақшылар, билік өкілдері, жансыздар, үйретілген иттер, т.б.
- Бейтарап топ – өрт сөндірушілер, дәрігерлер, суретке, киноға әуесқой түсірушілер, терезеден, балконнан қарап тұрған тұрғындар, коллекционерлер, өтіп бара жатып аңдаусыз таяқ жеген көліктегілер,басқа да қызықтаушылар мен жем іздеген ит, мысық, құзғын, торғайлар, т.б.
Елді алаңға кім жинады?
Қазіргі дақпыртқа сенсек, бұл тұрғыда көтерілісті әрқайсысы өзі бастағандай «батырлар» көбейіп кетті.Т.Жүргенов атындағы театр және өнер институтынан сотталған жігіттердің бірі маған берген сұхбатында: – «Бейтаныс бір сақалды адам қара волгамен келіп, бізді алаңға баруға үгіттеді» деп, тергеушіге өтірік айттық, – дейді. Олардың кейіпкері ойдан шығарылған күнде де билік тарапынан осындай «қаба сақалдылардың» болуы да ғажап емес. Енді бір орыс тілді әріптестерім 16-шы желтоқсанда алаңда болғандықтарын айтады. Бірақ, қандай мәселемен келгендіктерін қазіргі көзқарасқа лайықтағысы келе ме, әйтеуір, өздерінше сараптап, ойларын бұлдыр жеткізеді. Соның кесірінен аса қажетті тағы бір тарихи шындық тасада қалып отыр. Бірнеше пікірдің нәтижесінде маған тағы бір ой келді. СОКП саяси бюросы шешімі қарсаңында Алматыдағы билік төңірегінде де әжептәуір аласапыран болғанға ұқсайды. Біреулер әлдеқандай төңкеріс жасағысы келсе, екінші біреулері жаңа басшыға Д.А.Қонаевтың «кемшіліктерін» айтып, жаңа экономикалық реформаны талап етпек болған. Алаңға алғашқы болып келгендер де экономика тарапынан ояна бастаған демократияға дем беруші орыс тілділердің тобы болуы мүмкін. Соларды тыңдап, оқиғадан хабардар болуға жиналған жақын маңдағы оқу орындарының студенттері ереуілді ұлттық мүддеге бұрып жіберген көрінеді. Елдің алаңға келуіне түрткі болған оқиғаның куәгерлері әлі де шындықты жасырады. Шындықты айқызу үшін Желтоқсан толыққанды бағаланып, тоқсаныншы жылдары жарқ еткен беделі қайта қайтарылып, бөгетсіз тақырыпқа айналуы керек. Әйтпесе, шындық бұлдыр тұманды күйінде алыстай беріп, тарихтан өшіп кетуі де ғажап емес. Ал,бізді ешкім зорлап апарған жоқ. Мені қауіпсіздік комитеті 40 адамды жинаған ұйымдастырушы ретінде кінәлады. Менімен бірге барған студенттедің саны 11-ақ адам еді. Біз әуелде телеарна шақыруы бойынша «Құрдастар» бағдарламасына бет алғанбыз. Бірақ, мен топ старостасы Қ. Сақовтан көтеріліс болып жатқанын естігесін, ойымыз да өзгере бастады. Әрине, кейін журфакта жүріп ұйымдастырушылықтан да ұтылған емеспін. М.Сералин атындығы бірлестік жетекшісі ретінде журфакта бұрын болмаған республикаға танымал ақындар айтысы мен өнер додаларын ұйымдастырып жүргізгенімді мақтан тұтамын. Бұл дәстүрді жұмысшы кезімде де, Ұлттық арнадағы ток-шоудың редакторы кезімде де өзгеше формалармен жалғастырғанмын. Сонымен арасында қоңырулы серке болмаса қой да қауіпті шағылдарға беттемейтінін білсек те, алаңға алғашқы болып кімнің келгенін және қандай ықпалмен келгенін біле алмадық. Білетініміз – «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайтыны». Бұл мақалды мен 17 желтоқсанда алаңдағы мінбе маңында да тіл үшін шырылдаған Шона ағамызды мысалға келтіре отырып айтқанмын. Бұл мәселе төңірегінде журфактық әріптесім Гүлнар Әшімова екеуміз оншақты ректор және бір қауіпсіздік комитеті генералы алдында бір-бірімізді қостаумен болдық. Ол жерде ереуілшілердің «Қазақ басшы!» деп ұрандауы басым болды. Әйтсе де маған «республика съездерінде қазақша сөйлеген бір де бір министр көрмеппін. Қазақ басшы – Мәскеу саясатындағы орыс тілді басшы болса одан не пайда? Сондықтан қазақтанудың тамыры да – ана тілімізде» деген ой келді.Ол кезде мемлекеттік тіл туралы тұжырым болмаса да, «Балықтың бастан шіритінін білсек, Қазақ ССР-і ішінде жұмысты қазақша жүргізуді басшылықтан бастайық. Бас тіліміз – қазақ тілі болсын!» дегенді қайталай бердім. Топтала қалған жерде суырып салмалық өнерім: – Ұрыста бұл қанқұйлы, Талай адам жан қиды. Колбинді алса, әкелер Тағы да бір Колбинді, – деп жыр шумақтарын шығаруға да мүмкіндік берді. Бүгін де кең танымал тұлғаларымыз: «тіл мәселесін біз бастадық» деп, 90-шы жылдардың әңгімесін айтады. Алаңда тілді айтқан бізден басқа да жастар болуы мүмкін. Құжат жүзіндегі нақты нәтижесіндежурфактан Гүлнар екеуміз ғана комсомолдан да, оқудан да қуылдық. Ал, қалған қамауда болған бір топ қыз-жігіттеріміз комсомолдық қатаң сөгіспен оқуда қалдырылды. МҚК тергеуінен соң екі жылдай уақытым сергелдеңмен өтті. Бұл да бір кітап. Кейін қудалаушылар тарапынан ақпараттық айқасқа ұласқан Желтоқсан тоқпағы отыз жылда да төбемнен арылмады. Қудалаушыларды қостаған бір әріптесімнің жаласы бойынша мен оны «ол Желтоқсанға мүлде қатыспаған, оқудан әскери даярлық пәніне қатысты шығарылған» деп айтыппын. Оның нақ шындығы төмендегідей. Мен «Қазақстан» телеарнасында жұмыс істеп жүргенде таныс бір журналист келіп, әлдеқандай шындықты білгісі келді ме, менен сұхбат алды. Сөз арасында « Қудалаушыларды қолхат арқылы қолдап отырған әлгі жігітті де Желтоқсанға қатысты оқудан шығарылып, бірақ, комсомол қатарында қалдырылыпты, – деді. Ол кезде менің комсомол жетекшілерімен алысатын мүмкіндігім де, ойым да болмаған еді. Бірақ, құжатта белгілі болған жайды ақпарат құралдары өздері-ақ біліп жазып жатыр. Ақпаратты түзетуге әрекет жасасам, тарихты жасырған екі жүздінің өзі болар едім. Сондықтан бейресми күйде қалуға мәжбүр болдым. Ал, журналистің оған қатысты сауалына Желтоқсан саяси оқиға болғандықтан оқудан шығару мәселесімен әуелі комсомол айналысатындығын айттым. Комсомолдан шыққан жағдайда ғана оны ректорат автоматты түрде оқудан шығарады. Желтоқсанға қатысты оқудан шығарылғандар желтоқсан айында шығарылып, қаңтар айында тергеу ісі жүріп жатты. Ал, оның шыққан уақыты – наурыз айы. Желтоқсанға қатысты зардап шеккендігі айтылып жүрген басқа да талантты жастарымыздың мұрағаттық құжатын анықтап көрдім. Оның бірі Желтоқсанға дейін денсаулығына нұқсан келсе, екіншісі Желтоқсан кезінде Алматыда болмаған. Ұмытпасам, 1987 жылдың басы болуы керек, мен ҚазМУ-ден құжатымды алуға келгенмін. №3 залдың маңынан әлгі жігітті кездестірдім. Ол сөз арасында әскери даярлық пәні оқытушыларының кесірінен жағдайы қиындағанын өз аузымен айтты. Оқудан шығуына бұл пәннің қатысы бар-жоғын өзім де білмеймін. Журналистің сауалына қатысы бар болғандықтан осы әңгімені оған айтып, нақтысын өзінен, болмаса оқу бөлімінен анықтап алуды сұрадым. Және оны оқудан шығарғандағы ректор бұйрығының Желтоқсанмен ешқандай байланысы жоқ екендігін де айттым. Күдігімді осылай жеткізуіме тілшінің сұхбаты мен сол жігіттің қудалаушыларды өз қолхатымен моралдық қолдауы себепкер болды. Мұндай бұлдыр әңгіме комсомол бюросының шешімін бұрмалауға психологиялық ықпал жасайды. Тіпті күні кеше саяси ықпалдан шыға алмаған комсомол жетекшісінің өзі де бүгін ұлтжандылық танытып, тарихи шындықты жасырмайтын жағдайға жетті емес пе? Ал, «ол алаңда мүлде болмаған» деген сөзді мен айтқан емеспін. Өйткені, мыңдаған көтерілісшілердің ішінде кімнің бар, кімнің жоғын ажыратып болу да мүмкін емес. Қатысса қатысқанына қуаныштымын. Ереуілге естігендердің ішіндегі намысы бардың бәрі қатысты емес пе? Кейде оқиға толық бағаланбағандықтан Желтоқсан тарихының көзбояушылығына белшеден батасың. Кейбір заңгерлеріміз де ол кездегі қудалу ісінен бейхабар болуы мүмкін. Прокуратураның зардап шегушіні ақтау жөніндегі анықтамасын алғандардың ішінде «оқудан шығарылып, комсомолда қалғандар» да бар деседі. Сотталғандардың бәрі бірдей саяси баппен сотталды ма, оны да зерттеп жатқан ешкім жоқ. Бәлкім кейбіріне Желтоқсанды төменсіту үшін Қылмыстық кодекстің саясатқа қатысты бабын да қимаған шығар. Енді бірі басқаша... Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығымен Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы күн санап жақындап келеді. Құзырлы орындарды Тәуелсіздіктің қандай жолмен келгенін білуден гөрі Тәуелсіздіктің арқасында әлемге қанат жайған алдағы спорттық шаралар көбірек алаңдататын сияқты. Желтоқсан шарасын жаңа жылдық шыршамен шатастырып жүретін жауапты орындардың сиқы белгілі болса, үмітсіз жағдайда өзіміз не бітіріп жатырмыз? Желтоқсанда зардап шеккенін көлденең қойып, кейін бір де бір халықтық шараға араласпай кеткендердің патриоттығын дәлелдеу де қиын. Зардап шегушінің бірі ретінде мен не бітірдім? Бітіргенім – нәтижесіз болса да жиын сайын Желтоқсанның құқы мен бағасын даулап, 30 жыл айқайладым. Газеті жоқ Желтоқсанға жалақы алмай газет, марапаты жоқ Желтоқсанға медаль шығаруға түрткі болдым. Тарихтан сусып бара жатқан Желтоқсанға несие алып, 3 кітап шығарып, кітапханаларға тегін тараттым. Жеке кітап болып шыққан көркем шығармасы жоқ Желтоқсанның көшін 1995 жылы «Жаралы Желтоқсан» жыр жинағымен бастадым. Қаншама халықтық ереуілдерге қатысып, қол қоятын жерде қол қойып, жазықсыз қамалған да кезім болды. Ақындар айтысында да, баспасөзде де, эфирде де, экранда да, сахнада да, жиындарда да барынша Желтоқсанның туын желбіреттім. Ән де, жыр да шығардым. Денсаулығыма да көп әсер етті. Әйтседе, басқа әріптестеріме бұдан да ауқымды белсенділік тілеймін. Аманғазы Кәріпжанәулеті, ақын, сазгер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.