Бодандыққа қарсы жойқын бұлқыныс
2016 ж. 13 желтоқсан
4284
0
Әрбір Жаңа жыл басында соғатын самалды Алтынкүрек желі болмаса табиғат тозып, ескіріп, қоңырсып кетер еді. Жас Көктем есік ашып, Алтынкүрек қалай еседі – солай қасат қардың кебесі сөгіліп, суық тоң жібіп, топырақтың бауыры бусанып сала береді.
1986 жылдың желтоқсанының Қазақ халқы үшін қасіретті әрі қасиетті қос күні – Алматыда және Қазақстанның басқа да қалаларында 17-сі мен 18-і күндері болған бодандыққа қарсы жойқын бұлқыныс нақ осы табиғаттың Алтынкүрек желімен салыстырылса, артық емес. Өйткені, Қайта құрылу, әділеттілік пен теңдік сөз жүзінде жарияланғанмен, бұл кезде тоқыраудың тоңы құрсап, демократия әлі орныға қойған жоқ еді. Алайда М.Горбачевтің сұлу сөздеріне сеніп жүрген адал да аңғал қазақ жастары бейбіт шеруте шығып, беймәлім, ортақол жетекші Г.Колбиннің Қазақстан Қомпартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалуына келіспеушілік білдірді.Сөйтіп, олар «Орталықтың дәстүрлі әміршіл іс-әрекеттері мен қайта құрудың жарияланып жатқан демократиялық принциптері арасындағы айқын қайшылықтың» бетін тұңғыш рет айқара ашып, Мәскеудің екіжүзділігіне, Қеңес империясының зорлықшыл тас қамалына тайсалмай қарсы шықты. Әрине, күш мүлдем тең емес-тін. Бейбіт қарусыз жастар: темір таяқпен, саперлік күрекпен, адам аулайтын иттермен қаруланған, өрт сөндіру машиналары және бронетранспортерлермен жарақтанған әскерге қалай төтеп берсін. Империя дертімен уланған жазалаушылар мен Алматыдағы шовинистерден құрылған жасақшылар өрімдей жігіттер мен қыздарды аса қаталдықпен басып-жаншыды. Аналарға қол көтеріп, қазақ қыздарын шашынан сүйреп, итке талатып, сабағандарды басқаша қалай бағаларсың?! Сөйтіп, баршамызға белгілі Желтоқсан құрбандарын – қаһармандарын айтпағанда, 99 адам нахақ сотталды. Желтоқсан оқиғасы күндері ерекше «ерлік» көрсеткен МХК мен Ішкі істер министрлігі деректері, әрине, тым «қарапайым». Олар небәрі 2212 – 2336 аралығында ғана кінәлілерді кідірткен. Сабаздарың өз арттарын қалай ашсын?! Ал, Мұхтар Шаханов комиссиясының деректеріне сүйенсек, 8,5 мыңнан астам адам ұсталып, қамалған, 1,7 мыңдай адам дене жарақатын алған. Мұны былай қойғанда, М.Соломенцев, Е.Лигачев, т.б. «жартықұдайлар» кесапатымен тұтас қазақ халқына ұлтшылдық таңбасы басылған жоқ па? Таяу тарих М.Горбачев жолбасшылығы «арқасында», міне, осындай масқара интернационализм көрінісіне де куә болды.
Айрықша Алтынкүрек желі небәрі бірер күн соғып тыншығанмен, тозып-тоңған табиғатты әп-сәтте жаңғыртып, жасартып жібереді. Қанға бөктіріліп басылған бодандықка қарсы бұлқыныс – Желтоқсан оқиғасы да қалғып-мүлгіп жатқан күллі Кеңес Одағын оятты. Көп ұзамай Балтық бойы елдері бостандық жолындағы күресін бастады. Тбилиси, Баку толқулары тұтанды. Ақырында Желтоқсанның жойқын желі Қазақстанның барлық түкпір-түкпіріне жетіп, құлдық бұғауын үзіп, отаршылдықтан босаған жаңа егеменді мемлекеттерді дүниеге келтірді. Өзгелер білсін-білмесін, Желтоқсан оқиғасының жеміс-жалғасы – шып-шырғасыз шындық осындай.
Біз бүгінгі таңда жартылай мойындалғанмен, әлі толық мойындалмаған бұл ащы да асыл ақиқаттарды неге айтып отырмыз?
...біз Желтоқсан оқиғасын небәрі екі күннің еншісіне жатқызып, қателесіп жүрміз. Бәлкім, ақын Қадыр Мырза Әлидің:
Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы, – дегеніндей, оның бастауы қадым ғасырлар қойнауында жатқан шығар. Ал, өріс-өркені келер күндерге созылып, жалғасары анық. Ендеше оны түпкілікті танып, жан-жақты біліп, бағалау – борышымыз.
Үшіншіден, біздер Желтоқсан оқиғасының түбегейлі тарихын біліп қана қоймай, оның бүгінімізге бедер-бітім, келешек күндерімізге сабақ-арқау болатын тағылымдарын да тиянақтап, одан дұрыс қорытынды шығаруымыз шарт.
Міне, біз осындай салмақты себеп-салдарларды пайымдай келіп, ақиқатынан гөрі ақтаңдығы мол, МХК, ІІМ, сот-прокуратура органдары әлі көп жайларын жауып-бүркемелеп келе жатқан Желтоқсан шежіресінің қалың оқырмандарымыз толық хабардар емес кейбір шешуші де шерлі беттеріне қайта оралып, оны танып-таразылауымыздың тар да тайғақ жолын біршама көзге елестетуді жөн көрдік. Назарларыңызға ұсынылып отырған, атақты-атақты санаткерлеріміз бен қаламгерлеріміздің, күні кешегі кернекті «көсемдеріміз» бен партия-кеңес органдарын басқарған ірі «қайраткерлеріміздің» республикалық баспасөзіміз беттерінде жариялан- ған, Қазақстан Компартиясы Орталық Қомитеті Пленумдарында айтқан лебіздері өздерін-өздері жақсы әйгілеп тұрғандықтан, оларға қосымша түсініктің қажеті жоқ. Әрине, сіздер Г.В.Колбин мен З.К.Камалиденовтерге, В.М.Мирошник пен Э.Ө.Басаровтарға дауа жоқ, ал, танымал талантты ақындарымыз бен артистерімізге не болған дерсіздер. Әңгіме – айтылған сөздің атылған оқ екендігінде, оны қайтара алмайтындығымызда ғана емес. Желтоқсанның сол бір қиын-қыстау күндерінде кілкіндей жастарымызға жазушылардан – Жұбан Молдағалиевтен өзгесі, ғалымдардан – Салық Зимановтан өзгесі ашық айтып, араша түсуге жарамағанын көрген көзде жазық жоқ дейміз бе? Демек, гәп – тіпті де жекелеген қаламгерлеріміздің табансыздығында емес. Гәп – халқымыздың 250 жылға созылған құлдық қамытты мойнынан сыпырып тастай алмай келе жатқан құлығында: қайраткерлеріміз, қаламгерлеріміздің Кеңес өкіметі орнағалы бері империяның қайта-қайта бас кескен орағынан жүректері шайлығып қалғандығында. Құдайға шүкір, жүзден біреу десек те, қаһарман Жұбанымыз, жүректі Мұхтар Шахановымыз бар екен... Олар болмағанда ұлтпыз деп, ұлыспыз деп басқа елдің бетіне қарай алар ма едік, алмас па едік?! Ендеше қаламгерлеріміз бен қайраткерлеріміз енді құлдық мінез танытпасыншы; қайраткерлеріміз құлқын үшін, қызмет үшін алдағы кезде халқын сатпасыншы. Желтоқсанның оқиғасының ең басты тағылымы – біздіңше, нақ осында.
Құдайға шүкір, 1825 жылғы орыс декабристері тәрізді өлімнен қорықпаған, «түрі – адам да, жүрегі – шаян» «жауынгерлерден», жасақшылардан қайтпаған, қаймықпаған Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Жансая Сәбитова, Хасен Қожахметов, т.с.с. батылдарымыз, батырларымыз бар екен. Өздері құлағанмен, қамалғанмен, олар көтерген жалауларын құлатқан жоқ. Бұл бодандыққа қарсы жойқын бұлқыныс сарбаздары – желтоқсаншылар қатарына бүгінгі күндері де үстін-үстін қалың лек келіп қосылып жатқандықтан, Желтоқсан Жалауы желбірей түсеріне сеніміміз кәміл.
***
Г. В. КОЛБИН,
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары:
– Алматыдағы тәртіпсіздіктің негізі, былайша айтқанда, экстремистік пиғылдағы ұлтшыл элементтер қоздырған «жанғыш материал» болды; олар арандатушылык қауесеттерге, сыбыстарға қарсы тұра алмайтын, әлеумет жағынан пісіп-жетілмеген студент жастарының бір бөлігін соңдарынан ертіп әкетті. Ойбай, біздің адамдарды «жәбірлеп жатыр», топтасу керек, әйтпесе ешнәрсені шеше алмаймыз деп белгі беріп, көз қысулары мұң екен, жаңағы өрепкі жастар лап етіп, заңсыз әрекеттер жасауға және бірін-бірі қоздырып, бұзақылық пен жүгенсіздікке дейін баруға әзір болып шықты.
Өткен күндердің оқиғаларына талдау жасай келіп, бүгін мынаны айтуға болады: экстремистік пиғылдағы ұлтшыл элементтер оншалықты көп емес және ол ешқандай ұйым болып табылмайды. Олар жастардың құлағына сыбырлады, үгіттеді, азғырды, арсыздықпен олардың делебесін қоздырды; сөйтіп, қатты азғырындыға ұшыраған жастардың бір бөлігі арандатушылыққа ерді. Бірақ байсалды күштер оларға тойтарыс берді. Біздік тіршілігіміздің негізгі өзегіне – совет адамдарының интернационалдық бірлігіне сына қағуға тырысқан әрекет масқара болып сәтсіздікке ұшырады. Қазақтардың басым көпшілігі астанадағы көп ұлтты жұмысшы табымен бірге күшті жасақтар құрды. Жасақшылардың сан мың адамдық отрядтары тәртіп орнату, оны сақтау ісіне батыл кірісіп, бұл міндетті өте тез шешті; сөйтіп, ерік бірлігін, табандылық, ерлік, социалистік Отанымызға, партияның идеяларына берілгендік, пролетарлық, социалистік интернационализмге, халықтардың қасиетті достығы мен туысқандығына адалдық көрсете білді.
Наурыздың 14-і, 1987 ж.
В. М. МИРОШНИК,
Қазақ ССР Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің председателі:
– Бүгінгі әңгіменің маңыздылығы, оның аса қатаң ауаны мен бағыты бізді 1986 жылғы декабрь күндеріне, жастардың, Алматы тұрғындарының бір бөлігі ұлтшылдық өзімшілдік пен кеудемсоқтыққа бой алдырып, ол жүгенсіз тобырдың бұзақылығына ұласқан күндерге қайта-қайта оралтады. Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылардың ішінде студент жастар көп болды. Мұның мүмкін болған себебі сол: астаналық жоғары оқу орындарының бұрынғы көптеген басшыларының кінәсінен патриоттық және интернационалдық тәрбие мәселелері шын мәнінде ұмыт қалдырылды; бірақ оның есесіне мұнда тұрмыстық, рулық ескі әдет-ғұрыптар мен салттар ашық мадақталып, этникалық сарқыншақтар қалыптасты; революдияға дейінгі өткен уақыт дәріптелді. Әбден етек алған тамыр-таныстық, парақорлық және жершілдік жергілікті ұлт студенттері арасында астамшылық және басқалардан артықшылық сезімдерін жүйелі қоздырумен толықтырылды. Театр-көркемсурет институтын алайық. Осы жоғары оқу орны студенттерінің бестен біріне жуығы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты. Студенттердің бір тобы – Айтмырзаев, Қанетов және басқалар, барлығы он екі адам – декабрьдің 16-нан 17-не қараған түні қаладағы алты жоғары оқу орны мен Киров атындағы заводтың сегіз жатақханасында арандатушылық азғырынды жұмыстар жүргізген. Олар саяси жағынан тұрақсыз жастарды қоғамға жат әрекеттерге қатысуға итермеледі, арандатушылық ұрандар мен плакаттар әзірлеп, көшелерге алып шықты. Республика Прокуратурасының Қазақ ССР Жоғары және арнаулы орта білім министрлігіне табыс етілген хатында студенттердің қоғамға жат қимылынын себебі – тәрбие жұмысындағы елеулі олқылықтар, институттың жекелеген, өздері де ұлтшылдық және басқа жағымсыз көріністерге талай рет жол берген оқытушыларының саяси соқырлығы болғаны атап өтілген. Қазақ мемлекеттік университетінде де қолайсыз жағдай қалыптасты; ұлтшылдық дүмпу үшін онда да негіз көптен әзірленген еді. Кейбір лауазымды адамдар бұрынғы ректордың ерекше қамқорлығын, үнсіз келісімін пайдаланып, бірнеше жыл бойы студенттер контингентін әдейі сыңаржақ қалыптастырып келді. Мұның өзі әлеуметтік әділет принциптерінің негіздерін әлсіретіп қана қоймай, сонымен қатар жергілікті ұлт жастарының бір бөлігінің бойында шынайы қазыналар туралы теріс ұғымдар туғызды; олардың идеялық-адамгершілік және саяси қалыптасуына елеулі нұқсан келтірді.
Қазақстан Қомпартиясы Орталық Қомитетінің басшылығымен республиканың чекистік және право қорғау органдары ұлтшылдық бой көрсетулерді тыю мен олардың зардаптарын жою жөнінде зор жұмыс жүргізді. Тікелей ұйымдастырушылар, айдап салушылар мен оларға белсене қатысушылар анықталып, қылмысты жауапқа тартылды. Олардың ішінде архитектура-құрылыс институтының бұрынғы доценті Уақов, КазГУ-дің идеология-тәрбие жұмысы жөніндегі проректорының көмекшісі Қарабаев пен комсомол комитетінің секретары Рахметов, Қазақ телевизиясының редакторы Қожахметов, мұғалім Сәбитова және басқалар бар. Көптеген басқа қатысушыларға тежеуші ықпал жасалды. Түсіндіру жұмысы, тәрбиелік сипаттағы басқа да шаралар республиканың территориясында жаппай тәртіпсіздіктердің етек алуына жол бермеуге мүмкіндік туғызды...
Шілденің 7-сі, 1988 ж.
3.К.КАМАЛИДЕНОВ, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі:
– 1986 жылғы декабрь оқиғаларына бүгінгі таңда қайта-қайта талдау жасау барысында мынадай қорытындыға келесің. Республикадағы іс жүзінде ұлттық қатынастарды дамытудағы жетістіктер, – ал біз оны мақтаныш етуге праволымыз, – және осы саладағы келеңсіз құбылыстар бір-бірімен қарама-қайшылыққа ұшырасты да, адамдардың кейбір бөлігінің санасында теріс ұғым тудырып, социалистік ұлтаралық қатынастардағы интернационализм мұраттары мен қазыналарын аяққа басуға алып барып соқтырды. КПСС Орталық Қомитетінің қаулысында Қазақстанның ұлттық ерекшеліктері жөнінде біржақты бағыт ұстауға қыруар «үлес» қосқан қоғамдық ғылымдардың жағдайына қатал, бірақ әділ баға берілді.
Г.В.Колбин жолдастың баяндамасында мейлінше әділ атап керсетілгеніндей, негізінен, ұлтаралық қатынастардың өмірден алшақ, нормативтік моделін негізге алған объективті шындықтан қол үзген қоғамтанушылар шын мәнінде «әлеуметтік заказды» орындаумен ғана болды. Ал, мұның өзі іле-шала Д.А.Қонаевтың, оның інісінің және айнала төңірегіндегілердің әсіре мақтауға толы баяндамалары мен салтанатты сөздерінде кеңінен қолданылды.
Ұлттық мәселенің бастамасын бұрмалап түсінуді мадақтауға кейбір әдебиет қайраткерлері де өз үлестерін қосты. Олар ұлттық жалған намысты дәріптеуге тырысып, «Қазақстан – бейне бір өзіндік коммунистік Байқоңыр. Одан біздің партиямыз бен мемлекетіміздің көптеген қайраткерлері ұшып шықты», – деп жыртыла мақтанумен болды. Осы жолдардың авторы, қазір Бүкілодақтық XIX партия конференциясына делегат болып сайланып үлгерген Олжас Сүлейменов «Комсомольская правданың» кешегі нөміріндегі жариялаған сұхбатында «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранның қазіргі заманға сай екендігіне күмән келтіреді. Оның ойынша, бұл ұран ендігі жерде мәнді оқылмайды. толғандырмайды; бойға қуат, ойға нәр бермейді. Ал, қалай дегенде де бұл ұран КПСС Орталық Қомитетінің биылғы 1 Майға арналған Ұрандарында екінші болып тұр.
Олжас Омарұлы енді келіп, ғылыми социализм және оның құрамдас үш бөлігі діни сенімге айналды деп соғады. Шамасы, Олжас Омарұлының жақсы өлеңдер жазғаны және оны жиірек жазғаны жөн болар, сірә. Оның өз сөзіне қарағанда, 25 жыл бойы жазып келе жатқан бір шығарма бергенінен гөрі сол дұрыс болар еді...
Шілденің 7-сі, 1988 ж.
***
БІЗГЕ ӨКІНІШТІ-АҚ
Брежнев алаңында, оған жанасып жатқан Алматы көшелерінде бұзақы жастардың 17-18 желтоқсан күндері жасаған жөнсіз іс-әрекеттерін біз жүрегіміз ауыра отырып, ашына қабылдадық. Ұлтшыл пиғылдағы элементтердің арандатуымен алаңға шыққан студенттер тобы қоғамдық тәртіпті өрескел бұзды, өрт жіберіп, ойран салды, ешқандай кінәсі жоқ азаматтарды соққыға жықты. Мұның бәрі де «Қазақтардың ұлттық намысына қысым жасалынды» деген демогогиялық ұрандармен ұштастырылған еді.
Интернационализм мен халықтар достығы дәстүрлері негізінде кеңес мектептері, жоғары оқу орындары, комсомол тәрбиелеп отырған жастарымыздың мұндай бұзақылыққа жол бергендігін мойындау бізге өте ауыр тиіп отыр.
Жастардың әлі де қатая қоймаған жан дүниелерін ұлтшылдықпен уландырған, жастарымызды жаман қылықтарға итермелегендердің ниеттері жек көрінішті-ақ.
Көпшілігі арақ ішіп, есірткі тартқан бұл бұзықтардың партиямыздың дана лениндік ұлттық саясатының арқасында, туысқан Кеңес халықтарының, ең алдымен ұлы орыс халқының көмегі арқасында экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуында үлкен жетістіктерге қолы жеткен қазақ халқының атынан сөйлеуге қандай қақылары болды десеңізші!
Біз қазақтардың интернационалдық рухына кір келтіртпейміз, біздің ұрпақтарымыз орыс, украин және басқа да халықтармен бірлесе отырып Кеңес өкіметін нығайтқан, социализмді құрып, оның жетістіктерін қорғаған, тыңды игерген, бүтінгі күні де еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуына өз үлесін қосып отыр.
Біздің кеңестік өмір-салтымыз кез-келген ұлтшылдық, шовинистік, ұлттық шектеулік құбылыстарға қарсы. Болған жағдайдан түйген ащы сабақ барлығымызды – ата-аналар мен мұғалімдерді, коммунистер мен комсомолдарды, басшыларды, ардагерлер мен шығармашылық интеллигенцияны жастар арасында болып жатқан жағдайларға тереңірек үңілуге, оларды ағат қылықтар мен қателіктерден сақтандыруға, азаматтық жағынан жетілуіне және патриоттар мен интернационалистердің дұрыс өмірлік позициясын ұстануына көмек көрсетуге міндеттейді.
М.АХМЕДОВА, Алматы үй құрылысы комбинатының дәнекершісі, КОКП XXVII съезінің делегаты;
М.АЙТХОЖИН, Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті, Лениндік сыйлықтың лауреаты;
А.ӘШІМОВ, КСРО Халық артисі;
X.БЕКХОЖИН, Қазақстан Халық жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
Г.ДИҚАНБАЕВА, Гагарин атындағы өндірістік бірлестігінің тігінші-моторисі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты;
Г.ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
Е.СЕРКЕБАЕВ, КСРО Халық артисі, Социалистік Еңбек Ері.
(«Вечерняя Алма-Ата»,
20-желтоқсан, 1986 ж.)
ҚҰРАСТЫРУШЫЛАРДАН: Осыдан кейін кеудесінде намыс оты бар әрбір қазақтың жанын жегідей жеген азапты уақыт алға озып, Желтоқсан оқиғасы әлемдік әлеуметтен шынайы бағасын ала бастаған шақта, бір кездері «бұзақы қазақ жастары үшін қорланып, қиналған» азаматтарымыздың арасынан өздерін арашалауды сұраған үндер естіле бастады. Ел-жұрты сыйлайтын, халқы үшін қолынан келгенінше қызмет етіп жүрген зиялы қауымның қашан да мерейі үстем болғанына не жетсін! Сол себепті, сәл кешеңдеу болса да, ойын айтқан А.Әшімов пен Ғ.Қайырбеков ағаларымыздың жан шырылын халқына қайталап жеткізгенді жөн көрдік.
Асанәлі ӘШІМОВ:
«БІЗДІҢ АТЫМЫЗДЫ ЖАМЫЛЫП...»
(1990 жылы 12-қаңтарда Алматы жастарымен кездесуде сөйлеген сөзінен)
– Өздеріңізге мәлім, 1986-ның әйгілі желтоқсанынан кейін бірнеше күн өткен соң, республикалық баспасөздерде бір топ өнер қайраткерлерінің, творчество адамдарының алаңдағы жастардың іс-әрекетін айыптаған ашық хаты жарияланды. Демократияның Қазақстандағы тұңғыш көрінісі ретінде бой көрсеткен студенттер мен жұмысшы жастардың сол тарихи шеруіне «ұлтшылдардың» іс-әрекеті деп негізсіз жала жапқан бұл хаттың соңындағы қол қойғандардың ішінде менің де аты-жөнім жүр. Басқаларды қайдам, бұған менің еш қатысым жоқ. Ол кезде мен творчестволық сапармен Мәскеу қаласында жүргенмін. Жазушы Дулат Исабековтің «Жусан исі» фильмін аяқтау үшін режиссер Қадыр Жетпісбаев екеуміз қызу жұмыс үстінде едік. Хаттың жарияланғанын, оған қолымның сыртынан қойылғанын Алматыға келген соң ғана естіп-білдім. Бұл жайындағы наразылығымды Г.Колбинге, партияның Орталық Комитетіне білдірін, шұғыл хат жаздым. Бірақ, біздің атымызды жамылып халықты алдаған, кінәсіз жастарға тіл тигізген партократия өкілдері менің жария түрде кешірім сұрау жөніндегі талабымды көпшілікке жеткізуден бас тартты. Әрі, менің бұл мәселеге араласпауымды қатал қадағалап отырды...
(«Қазақ әдебиеті»,
13-желтоқсан, 1991 ж.).
МӘСЕЛЕНІҢ БАЙЫБЫНА БАРУ КЕРЕК ЕДІ...
Құрметті редакция! Осы екі-үш күн шамасында, денсаулықтың кемдігіне қарамай, әрі қыстың көзі қырауда, адамгершілік-сауаптық бір сапармен Торғайдан оралған бетімде Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған газет материалдарының арасынан сонша жыл жаныма жара салған қырсық бір үндеу-хаттың тексін тағы да оқыдым. Бұған үндемей қалуға дәтім шыдамай, бұрын да айтқан едім, енді оны тағы да қайталауыма тура келіп тұр. Мен білетін жағдай мынау: сол күндерде мен ештемеден хабарсыз, алыс таудағы бір демалыс үйінде кітабымды баспаға дайындап жаттым. Онда телефон болмайтын, болса да істемейтін. Желтоқсанның 19-ы күні түстен кейін қалаға түстім. Ешқандай көлік жүрмейді. Әйтеуір, әрең деп жетіп, болып жатқан жағдайды үй адамдарынан естіп, шешінбестен Жазушылар одағына жаяу жеттім. Келсем, одақтың есігі жабық. Мен екенімді білген соң өңдері қашқан, әбден зәрелері кеткен есікшілер әрең ашты. Дереу кеңсеме, журнал редакциясына көтерілсем, хатшы қыз «Сізді кешеден бері үлкен үйден іздеп жатыр», – деді. Кабинетке кіргенім сол еді, телефон шылдыр ете қалды. Сөйлескен адам орысша: «Ертең сағат оннан қалмай радиокомитетке келіңіз», – деді. Бұл екі арада күн батуға тақаған. Біраз есеңгіреп қалып, жарты сағаттан соң сыртқа шықтым. Қеңсе адамдары тарап кеткен. Жаяулап үйіме келдім. Ертеңгі күні айтылған уақытта радиокомитетке келдім, бастықтың кабинетіне кірсем, адамдар толып отыр екен. Басқарып отырған жігіттер мән-жайды түсіндіріп, қолыма екі қағаз ұстатты. Бірі қазақша, бірі орысша, көлемі бір-бір жарым беттей. Мұнда қазақтың белгілі ғылым, өнер, әдебиет қайраткерлерінің мынау көтерілген қазақ жастарына үндеу-хаты екен. Және бір қағазда қол қоюға тиісті адамдардың тізімі тұр. Мен: «Жағдайдың не болып, не қойғанынан мүлде хабарсызбын, көрмеген-білмеген жайға қалай келісемін?» – дедім. Оның үстіне менің ашуымды қатты келтіргені «осы тексті, сіздің дауысыңыз зор, қалаға, алаңға үлкен репродукторлармен оқисыз» дегені. Айтып отырған жігіттерге «мен ондай қолжаулық адам емеспін, дауыс керек болса дикторларың, артистерің бар, соларға оқытыңдар!» деп айқай салдым. Не керек, ерсіл-қарсылы сөзбен бір сағаттай отырып қалдық. Тізімде жиырмадан астам адам бар екен. Солардың қазір келмегендерімен телефондасып жатты. Кімі көніп, кімі көнбегендерін білгем жоқ. Сондай бір қарбаласта айналайын Сағат Әшімбаев мені бөлменің бір шетіне алып шығып: «Ағатай, көнбеңіз, сізді ел жақсы көреді, ренжіп қалмасын», – деп айтып үлгерді. Ол екі арада 5 минөт сайын Орталық Комитеттен біресе Көрік Дүйсеев, біресе Альберт Устинов сөйлесіп отырды. Қысымның кереметтігі сондай, жігіттер саса бастады. Мені телефонға шақырған Көрікке: «Айналайын, немене, сен маған қадала бересің? Қалай қол қоямын? Өзіңді бала күніңнен білуші едім, жаның ашымауы қалай?» – дедім. Одан әрі ол үндеген жоқ. Мұндағы жігіттерге не кінә, оларға не кінә, жоғарыдан қамшы үйіріп отырса. Қысқасы, «егер осы отыз адам қол қойса түгелімен, көрерміз, жеке-жеке қыстауды қойыңдар» дедік те, біз тарап кеттік. Қол қойған ешкімді көргем жоқ, қол қоятын қағазын берген де жоқ. Бұл жәй, формальды нәрсе екені сонда-ақ белгілі еді. Қайтып бізді ешкім жинаған жоқ. Ертесінде, 20-сы күнгі «Вечерняя Алма-Атадан» мен атымды бір-ақ көрдім. Небәрі жеті-ақ адам. Таңдануда және ашуда шек жоқ. Қалижан-аға Бекхожинге телефон соқтым. Ол да қатты ашуланып отыр екен. Маған ол: «Өзің бала екенсің ғой, көрмейсің бе кімдерді алғанын, жұмысшыдан екеу, ғалымнан біреу, әдебиеттен екеу, өнерден екеу – бәрі де қолдан жасалып тұр ғой. Бұл, шырағым, ескі әдіс, атыңды қосып жібереді, сосын ойбайла мейлің, өл мейлің, шаруа жоқ, мен олармен жаңа сөйлесіп отырмын. Ешкім тыңдамайды», – деп телефонды қоя салды. Міне, бар жағдай осы. Мықты болсаң көр, шынында да, іріктеп алуда, енді ойласаң – көп мәселе жатыр. Ал енді сол адамдардан, жеті адамнан бүгінде екеуі дүниеде жоқ. Асанәлінің сөзі анау, Ермек пен екеуміз ғана қалған. Керек болса Ермек те айтар. Менің толығырақ жазып отырғаным – бізде жақсылықты бадырайып тұрса да айтпай, көрмей, жамандықты іздеп шұқып жүретін әдет бар. Осы әдетпен талай жақсымызды қолдан қаралап құртқанбыз. Әлі де осы дерт басым болғандықтан жазып отырмын. Желтоқсан комиссиясы мәселенің байыбына жету үшін ол үндеудің түпнұсқасын іздеп тауып, онда қол қойылған ба, жоқ па, тексеруі керек еді. Өкінішке қарай, ол істелмеген. Менің қорқақ, сатқын еместігім сол – туған ел, жер үшін шырылдап жазған мақалаларымды өздеріңіз үздіксіз басып келесіздер. Осы анықтама сөзімді қауымға жеткізулеріңізді өтінемін. Құрметпен, Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ. 1991 жылғы желтоқсанның 20-сы. («Егеменді Қазақстан», 26-желтоқсан. 1991 ж.). Құрастырушылардан бір ауыз қосымша: Ғ.Қайырбековтің жазғанынан аңғарғанымыздай, қадірлі қарт ақынымыз Қалижан Бекхожин де ол үндеуге қол қоймаған. Партия Орталық Қомитетінің «идеологтары» оны да сыртынан сатқан ғой... «Материалдар Т.Айтбайұлы мен Т.Зейнәбін құрастырған «Алматы. 1986. Желтоқсан» жинағынан алынды) qazauni.kz