Ахмет Байтұрсынұлының үйі мемлекет қарауынсыз қалды (ФОТО)
2016 ж. 13 желтоқсан
8778
2
12 желтоқсан Алашорда үкіметінің қазақтың алғашқы республикасы Алашорданы жариялағанына 99 жыл толды. Осыған орай, Алматыда бір топ ұлтшыл жастар Алаштың алыбы Ахмет Байтұрсынұлының музей үйіне барып, Ахмет Байтұрсынұлының, Алаш интеллигенциясының рухына құран бағыштап қайтты, - деп жазады Қамшы.
Алматыдағы Ахаң мұражай-үйінің директоры Райхан Сахыбекқызы Имахамбет жастарды қарсы алып, ыстық ықыласын көрсетті. Ол кісі Саин Мұратбековтің жіберуімен сұхбат аламын деп келіп, бүкіл ғұмырын мұражайға арнаған. Райхан Сахыбекқызы жастармен Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлік өнегесін бөлісіп, жұрт біле бермейтін Музей үйінің қиындықтарын да әңгімеледі:
Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй
– Ахмет Байтұрсынұлы саяси қуғын-сүргінге ұшырап айдаудан келгеннен кейін, көпшілік оны «халық жауы» деп, қол созып, көмек көрсетуден қорқақтаған еді. Сол кезде оның қызы Шолпан мен күйеу баласы осы үйге қамқорлыққа алады.
Ахмет Байтұрсынұлы мен Бадрисафа апаның (Бадрисафа - А. Байтұрсынұлының әйелі Александра Ивановнаға қойған аты. Бұл есім арабшадан аударғанада «Бадрун» — толық ай, «сафа» — кіршіксіз таза деген мағынаны білдіреді) туған балалары болмаған. Олардың бауырларына салып, асырап алған Аумат, Қазихан және Шолпан деген үш балалары болған. Аумат пен Қазихан ертеректе қайтыс болып кеткен. Ал Шолпан халық жауының қызы ретінде Бадрисафа апамен бірге айдауда болған. Ахмет Байтұрсынұлының атылып кеткені туралы куәлік 52 жылдан кейін қызы Шолпанның қолына тиген. Құжатта өлу себебі «атылған» деп көрсетіліпті.
Ахмет Байтұрсынұлының Алматы қаласындағы мұражай үйі 1993 жылы ұйымдастырылған. Бұл музейдің ашылуының ерекше тарихы бар. 1988 жылы 4 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы соты 51 жыл «халық жауы» деп қара күйе жағылып келген Ахмет Байтұрсынұлының іс-қимылынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан тергеу барысы тоқтатылсын деген шешім шығарып, тарихи тұлғаның есімі ресми түрде ақталды.
1998 жылдың 19 қыркүйегінде музей-үйдің қайта жөндеуден соң салтанатты түрде ашылды. 1993 жылы 18 ақпанда қала әкімінің «Алматы қаласындағы Космонавтар көшесінің атын өзгерту туралы» №78 шешімімен 1962 жылдың 15 тамызынан бастап Космонавтар көшесі деп аталып келген, ұзындығы 4450 метр болатын орталық көшеге қазақ халқының рухани ағартушысы болған Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Осы жылдың 9 қыркүйегінде «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйін ұйымдастыру туралы» қала әкімі аппаратының №360 шешімі шықты. Шешім негізінде А.Байтұрсынұлы көшесіндегі 60-үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Аталмыш шараға А.Байтұрсынұлының інісі Мәшеннің ұлы Самырат Кәкішев жетекшілік жасаған болатын. Самырат Мәшенұлы 1994 жылы 5 тамызда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қор құрды. Қоғамдық қор 1994 жылы 25 қарашада ҚР-ның Әділет министрлігі Алматы қалалық Әділет басқармасында заңды тіркелген.
Ахметтің қызы Шолпан бұл үйдің ашылғандығын көрген жоқ. Бүгінде мұражайға Байтұрсынов Серік Самыратұлы төрағалық етіп отыр. Самырат Байтұрсынов, Байтұрсынның кенже баласы Мәшен қажының ұлы. Мәшен – Шолпанның туған әкесі. Самырат Қонаевпен замандас болған. Қазақстан қонақ үйі мен Арасан моншасының құрылысының жүруіне себепші болған сәулетші, архитектор. Самырат Мәшенұлы Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қорды 1994 жылы құрды. Ол да орыс қызын алды. Ал, ол кісінің ұлы Серік Самрартұлы Байтұрсынов спортта танылған. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектептің ұзақ жылдар бойы директоры болды.
Қазақ тәуелсіздігі Ахметтердің қайраткерлігінен бастау алады
– Ахметтердің өмірі бәрімізге өнеге. Өздерінің жеке басынан гөрі ұлттық мүддені жоғары қойды. Ұлтқа керек дүниенің қасынан табыла білді. «Тәуелсіздігімізді 25 жыл деп қалай айтамыз? Қазақ газетін шығарып, ұлт рухын оятқан, 1920 жылы қырғыз деп тұрған автономияға қазақ деген атау әперген осы кісі ғой. Автономияның атауы ол кезде Қазақстан емес Қазақ автономиясы еді. Біздің тәуелсіздігіміз сол Алашорда тұсынан басталса керек-ті», дейді Райхан Сахыбекқызы.
– Тікелей ұрпағы болмаса да Ахаңның рухы мәңгі өшпейді. Ахметтің ұрпағы тікелей өзінің қанынан болуы шарт емес. Біз бір ғана саланың өзін алып жата алмасақ, ол кісі ұлттық руханиятқа аянбай қызмет етті. Қалам тартпаған саласы жоқ. Алаш арыстарына жөн көрсетті, ақылшысы болды. Дегенмен, қазіргі мұражай үйде Әлихан Бөкейханұлының тоқтап-тоқтамағаны белгісіз. Анықтамада Ахмет Байтұрсынұлының туған жылын 1873 деп береді, шын мәнінде олай емес. Өзінің жазған қолтаңбасы бойынша 1872 жылдың бесінші қыркүйегі. Мұражайда Ахмет Байтұрсынұлының өмір дерегінің өз қолымен жазған жазбасының көшірмесі сақталған. Өз қолымен орысша жазылған өмірдерегінің көшірмесінде: «Менің туған жылым мешін, 1872 жыл…» деп көрсетілген.
Ахмет Байтұрсынұлы Торғайдағы учелишеде 5 жыл, Орынборда 4 жыл оқыған. Ауыл молдасынан сауат ашқанымен қосқанда оның бар оқығаны он жыл ғана. Орысша оқыған оған Орынбор мектебін бітіріп кетіп бара жатқанда «Мінезі жуас, физикалық тұрғыдан әлсіз, бірақ орыс ғылымын, ілімін қазақ жеріне таратуға жарамды» деп мінездеме жазылған. Ахмет керісінше, қазағына қызмет етті. Орыстар ойлағандай болған жоқ.
Орыстар Торғайға бекініс салып, аулына ойран салған кезде Ахмет 13 жастағы бала болған. Әлі күнге дейін қазақтың жерінің шұрайлысы жат қолында. Ахмет Байтұрсынұлы «Мемлекет қамқорлығында жер болуы керек, мәдени ошақтар болуы керек» деп бекер айтпаған. Біз оны әлі күнге дейін жасай алмай отырмыз.
Ахметтің қай кітабын ашып қарасаңыз да, сөзі бісмілләмен басталады. Ахметтің еңбектері ұлттық ғылым-білімінің негізі болды. Байтұрсынұлы Ыбрай Алтынсарин салдырған мектептен шығып, 9 жыл бойы орысша оқып, кириллицамен хат таныған болса да осы жазуға мойынсұнбай араб әліпбиінен ықшамдап төте жазуды қалыптастырды. Әбіш Кекілбаев Ахмет Байтұрсынұлын Абайдан да, әл-Фарабиден де жоғары қояды. Себебі Ахмет халқын ғылым-білімге жетелей білді, артынан ерте білді дейді. 1912 жылы шыққан төте жазу әліппесімен Ахмет «Қазақ газетін» шығарып, ұлтын тәрбиелей білді. Ол бұл әліпби туралы «бұл жазу исламмен бірге кірген, әрі оңынан жазылатын жазу. Жазбаша да, баспаша да өзгермейтін бұл жазу баланың жадында тез жатталып қалады» деген.
Қазақ газетінің эмблемасы іспеттес киіз үйге олар үлкен мән берген. Онда жазылған «Қазақ» деген жазудың екі «қ»-сындағы нүкте үйдің қос терезесі. «з»-сы босаға. «Қазақтың жерін гүлдендіруге, мәдениетін алға сүйреймін деген кісіге есік ашық, бірақ дінге, тілге, жерге тимесін» деген талап қояды олар. Орыс патшалығының үкім жарлығын қазақ жеріне жаятын басылым ретінде санағанымен бұл кісілер «Қазақ газетін» қару ретінде ұстады. Бұл газетті үкімет, патша қаржыландырмады. Төрт бірдей санын Ахмет Байтұрсынұлы өз қаражатымен шығарды. Қазақ байлары, қазақ буржуаздары қаржыландырды. Газеттің шығуына мұрындық болды. Газет 8000 тиражбен тарады. Ыстамбұлдан, Нью-Йорктан арнаулы алдырып оқығандар болған.
Ахметке адал жар болған орыс қызы Александра
– Өмірі, өскен ортасы айдауда жүрді. Айдауда жүрген адамға қазақтың бай-бақуаттысы қызын берер ме еді. Алаштың зиялылары негізінен орыс қыздарын жар етті. «Бұл кісілер күн көру үшін орыстан қыз алды» деген күңкіл бар. Бұл кісі ƏУЛИЕКӨЛДЕ мұғалім болып жүргенінде АЛЕКСАНДРАСЫН кезіктірді, орман қорықшысы болып жүрген кісінің қызы Александра Ивановнаны жар етті. Екеуі де бастауыш мектепте сабақ берген. Екеуі де бірін-бірі ұнатқан. Біреуі христиан, біреуі ислам дінінде болғандығы үшін, үйленуіне рұқсат берілмейтіндіктен Ахмет оны Қостанайдың Татар мешітіне әкеледі, ол жерде рұқсат етпегендіктен Троицкке барып, үш ай мұсылмандықтан өткізеді. Ауылына әкелген кезде, «13 жасыңда әке-шешеңді анау Сібірге жер аударып жіберген адамдардың қызын не бетіңмен әкеліп тұрсың?» деп ауылдастары сөккенде Ахмет атамыз:
«Сұрасаңыз есімі – Александр Ивановна,
Ризамын құдайдың оны маған қиғанына.
Бір кәпірді мұсылман қып, сауаптансам,
Тұрмай ма он молданың иманына», - деп айтқан екен.
Ахметтің жарын анықтамада Бадрисафа Мұхамед-Садыққызы деп береді. Негізі ол Ахметтің ғашық болған қызы болған. Балиғат жасына жаңа толған татар көпесінің қызы қайтыс болып, Александр Ивановнаға сол кісінің атын беріп, мұсылмандықты қабылдатып алған. Шолпан апамыз болса Ахметтің туған інісі Мәшен деген қажылыққа барған кісінің қызы. Шолпан Мәшеннің 13 баласының кенжесінің алдындағы, 12-інші бала. Түрі ақсары болғаннан кейін Ахаңның әйелі осы кісіні қалап бауырына салған. Сондай-ақ, Ахметтің Кәкіш деген ерте қайтыс болып кеткен ағасы болған. Сол кісінің Аумат, Қазихан деген екі баласын да бауырына салған. Бірақ, өкінішке орай, 1929 жылы Ахмет «халық жауы» ретінде ұсталған кезде «халық жауының баласы» деп екі азаматты аттың құйрығына байлап сүйреп өлтірген. Олар мұғалімдер семинариясын бітіріп сол ауылға мұғалім болып келген. Шолпан апаның тірі қалған себебі Ахметтің әйелі Александра Ивановнамен бірге бұл кісі Томскке жер аударылады. Ал, Ахмет Архангельскке жер аударылды.
5 рет түрмеге түскен кезінде де, 2 рет жер аударылған кезінде де соңында жүрген сол жары еді. Соның өзі неге тұрады?! Ол мұсылман дініне кірген болатын. Бір күйеуі ұсталғанда екіншісіне, екіншісі ұсталғанда үшісіне тигендер де бар ғой... Ондайлардың тұқымы жақсы болғанынан кейін, артында ұрпағы болғанынан кейін тіпті тағдырын драмалық қойылымға айналдырып жатыр. Ахмет Байтұрсынұлының артында ұрпағы болмағаннан кейін оны ешкім елемейді. Маңғыстауда Ахаңның «азаппен өткен өмір-айын», Қостанайлықтар «Ақ келін» деген спектакльді қойды.
Әйелі Александра Ивановна газет шығаруда Ахмет Байтұрсынұлына үлкен демеу болған. Бастауыш мектепте мұғалім болып жүрген ол газет шығару барысында Ахметтің бойындағы дара талантты, ауыр жүкті сезінгендіктен бар жұмысын қойып, Ахметтің жағдайын жасаған. «Біздің белгілі ғалымдар Ахметтің әйелі туралы «артынан тамақ тасып, кір-қоңын жуғаннан кейін аяушылықпен үйленген» деген үстірт пікірді айтады. Шындығында, олар түрмеден кейін емес, Ахмет түрмеге түскенге дейін 1897 жылы отбасын құрған. Алғашында олар Омбыда тұрған. Бұл кісілердің тұтынған дүниесінен қалғаны чемоданы мен қара сандығы, Сталинге хат жазған мәшіңкесі.
Өз заманында-ақ бақастықтың құрбаны болған Байтұрсынұлы
– 1929 жылы Ахмет Қызылордада ұсталып, Алматыға әкеліне жатқан кезде Сайрам түрмесінде Мұхтар Әуезов екеуі бірге отырады. Сол кезде Мұхтарға бұл кісі «Мұхтар, біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Біз сияқты қарсыласа беретін болсаңдар қазақтан тұқым қалмайды. Сендер Советке өтіңдер, біз осы қалпымызбен қаламыз» деп айтқан екен. Осы түрмеден кейін атау жазасына бұйырылып, кейін он жылға жер аударылғанында, Мәскеуде 1930 жылы «Литературный энциклопедия» деген кітап шыққан. Ол кітапқа Ахмет Байтұрсынұлының да аты кіреді. Қаламгерлігіне баға беріліп, қазақтан шыққан дара тұлға екені атап айтылады. Сол кезде Ораз Исаев, Ораз Жандосов, Ізмұқан Құрамысов, Сәбит Мұқанов, Ғаббас Тоғжановтар сияқты жеті адам үш рет Сталинге «Ахмет Байтұрсынұлының ол орынға лайық еместігін» айтып, жазалауын сұрап хат жазады. «Ұлы орыс халқын мойындамаған, Алашорданың қалдығы» деп қаралап айыптайды.
Ахмет Байтұрсынұлының бұл жайлы: «Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес, дарға асқаны, атқаны. Маған қиын осылардың бəрінен, Өз аулыңның иттері үріп-қапқаны...», - деген.
Сүріліп кетуден бірнеше рет аман қалған үй
Мұражай Ахаңның ұрпақтарының еңбегінің арқасында бүгінге жеткен. Музей үй боп тұрғанына жиырма жылға жуықтаған үйге бүгінге дейін мемлекеттен қамқорлық болмағаны өз алдына, түрлі табыстық мақсаттағы нысандар салғысы келіп көз тіккендер аз болмаған.
– Саналы ғұмырында бес рет түрмеге түсіп, екі рет жер аударылып, қудаланған жанның артында қандай дүние-мүлік қалсын?! Шынында да, Ахмет Байтұрсынұлының 1934 жылдан 1937 жылға дейін тұрған үйінде тұлға тұтынған заттардан бірлі-екісі ғана сақталған. Осы үйді сүреді, қонақ үй салады деген әңгіме шыққанда бір-екі академик қарсы шығып, үй сүріліп кетуден аман қалды.
«Сандалтып жіберемін» деп айтқан Серік Сейдуманов
– Серік Сейдуманов деген қазір депутат болып отырған адам 2005 жылы маған: «Сен музей болып тұра алмайсың, Ахмет Байтұрсынұлының %70 заты жоқ, бұл музей жабылуы керек. Болмаса филиал болып орталық музейге барасың. Орталық музейде кезінде кеңесші болып істеген» деген еді. Мен: «кешіріңіз, Ахмет Байтұрсынұлының оншалық заты қайдан болады, 5 рет түрмеге түсіп, 2 рет жер аударылған адамның барлық жеке мүлкі кәмпескеге кеткен болса?! Сізді бір рет түрмеге түсірсінші, неңіз қалады?» деп айтып салғанмын. Маған «Сандалтып жіберемін» деп айтқан еді. Сандалған жоқпыз, керісінше Алланың салған сәтімен кандидат болдым. Ахмет атамыздың арқасында қазір нанымызды жеп жүрміз. Музей шама-шарқынша халыққа қызмет етіп келеді.
Бірде Мұхтар Құл-Мұхаммедтен Ахмет Байтұрсынұлының музей үйіне деп көмек сұрасам «Кім көрінгенге бөлгенге ақшам жоқ» деді маған. "Ахмет Байтұрсынұлы" деп сұрап тұрмын ғой. Сонда маған «кім көрінгенге» деп сөйлеп тұр.
Биліктен біреу-міреу келсе ғана еске түсетін Байтұрсынұлы музей үйі
Биыл тамыздың 15-інде сол кездегі Премьер-министр Кәрім Мәсімов келіп кетті. Ол келердің алдында адамдар келіп музейдің жан-жағын тазалап, кем-кетігін түзеп, шала байып қалдық. Мәсімов Байтұрсынұлы музейіне оң көзбен қарайды. Ол кісінің жеке тұлғасын, саяси қызметін әркім әр түрлі сынайды. Бірақ, мен 2010 жылы Орынбордағы қазақ съезі өткен үйге ескерткіш тақта орнатып бергені үшін, Алаш арыстарына бас иетіні үшін ризалық білдірем. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова келіп кетерде де музейге аз кем «жәрдем» жасалды. Ал, басқа кезде биліктен бас сұққан жан жоқ.
Музейді «тастай қып» жасап беріп кеткен Тасмағамбетов
– Мұражай үйдің жаңаруына үлесін қосқан, үлкен азаматтық жасаған Иманғали Тасмағамбетов болатын. Ол басқа әкімдер сияқты «Хат жазыңыз ресми, қазынада ақша қарастырылмаған» деп құтылған жоқ. 2005 жылы музей жабылады, сүріледі деп жүргенде келіп, жақсылап бір аралап шығып, далада тұрды да «бұны ұстап тұру үшін сізге не керек?» деп сұрады. Сосын бір уақытта телефон шалды. Көп өтпей жетіп келген құрылысшыларға «мына кісі не айтады соны істеңдер, өзім бақылаймын» деген бір-ақ ауыз сөз айтты да кетті. Сол сөзінде тұрды, ол құрылысшылар осы үйді 8 ай бойы жөндесе, Иманғали екі-үш аптада бір келіп, тексеріп кетіп тұрды. Бұны неге айтып жатырмын. 1998 жылы осы үй Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойы құрметіне музей ретінде ашылды. Сол кезде үкіметтен 12 миллион ақша бөлінген. Сол кездегі соншама ақшаға бұл үйдің не жылуы, не ауыз суы қосылмай қалған. Не сырты қоршалмаған. Содан кейін қаланың ортасында тұрып, азып-тозған Ахаңның мұражайы деп айқайлаумен жүрдік. Туыстарымен де ұрсысып қалған кезім болды. Бұлар тіпті мені көргісі де келмейтін кезі болды. Қиын күндер өтті, жаның ауырғасын айтасың. Мен Шолпан апаның аманатын арқалап қалғандықтан осы үйді тастап кете алмадым. Тозып тұрған музейді ашылған соң 7 жылдан кейін Иманғали жасатып берді. Қатып қалған канализациясын да қостырып берді. Ауыз суды да берді. Жылуды да берді. Сыртын қоршатып берді. Мен одан кейін келген әкімдерге де мұражайға қамқорлық жасауын сұрап жиі хат жазам. Бауыржан Байбек бір келгенде «апай сіз неге хат жазғаныңызды қоймайсыз сайтқа» дейді. Мен «жұрттың бәрі Тасмағамбетов емес қой, тастай қыла алмайды, сосын жының ұстап жазасың» дедім. Өйткені біз сырттағы жылу келетін труба шіріп кетіп, үш жыл жылусыз қалдық.
Бұл жерге көруге келгендерден ақша аламыз. Сол түскен ақша коммуналдық төлемге жетсе жетті. Жетпесе өзімнің мұғалімдік қызметімнен алған жалақымнан қосып төлеймін.
Үйі түгілі өзі де бағаланбаған Байтұрсынұлы
– Өздерің сияқты жастарды көргенде қуанам. Бірнеше күн бұрын, 8-желтоқсан... Ахмет Байтұрсынұлының атылған күнінде... Мұражайға арнайы ат басын бұратындар болар деген үмітте едім. Ертеректе Алаш Арыстарының шейіт болған күнін еске алып БАҚ құралдары, зиялы тарихшылар мен деректанушы ғалымдар, тіпті мектеп оқушыларына естелік-сабақ жүргізіңізші деп мұғалімдері бас сұғушы еді. Бұл жолы тіпті тым-тырыс болды! Тек астаналық əріптесім Бекжан Əбдуəліұлы мен эдвайзерлік тобымның белсендісі Жансая Сман келді. Дастархан жайдым, Ахаңның жəне оның шейіт болған замандастарының рухына арнап Бекжан мырза Құран бағыштады! Артынша қалбалақтап 22-мектептің 9-сыныбының 6 оқушысы жетекшісіз жетіп келді. Оларға экскурсия сабағын жүргіздім, балаларға «бүгінгі мұражайға келулеріңіз сауапты іс болды» деп, келер жылы Алаш Арыстарының құрбан болғанына – 80 жыл толатынын ескерттім. Олардың көздерінен ұшқын көргендей болдым. Ылайым, солай болғай!
Ахмет сыйлығын тағайындасам деп армандайды
Райхан Сахыбекқызы Нобель сыйлығы деген сияқты «Ахмет» сыйлығын тағайындасам деп арман етеді. Жұмысы «таза», сенімді банктен Байтұрсынұлы атына шот ашылса, сол шотқа түскен ақша депозит ретінде өзімен-өзі көбейіп өсіп отырса, Нобель сыйлығы сияқты ұлтқа қызмет етіп жүргендерге сыйлық сол шоттан берілсе деп армандайды. – Қазіргі кезде Ахметтің атын пайдаланып нан тауып жүргендер аз емес. Олардың ішінде дұрыс пайдаланып жүрген жалғыз Рахман Алшанов. Ол Ахмет Байтұрсынұлы атында алтын, күміс, қола медальдар шығарып, саяси жұмыстан гөрі ағарту саласындағы адамдарға беріп келеді. Музей үйге көмектеспесе де, әйтеуір Ахметтің атын шығарып жүр. Сол үшін де алғыс айтамын.
Байтұрсынұлы туралы Америкадан 1967 жылы шыққан кітап
– «Asia a Century of Russian Rule(Орта Азия Ресей билеуінде)» деген Edward Allworth-тің Америкадан 1967 жылы шыққан кітабы бар. Ол кітапта Шоқан Уәлихановтан басталып, Ыбырай Алтынсарин, Абай, Әлихандарды, Алаш зиялыларын Тұрар Рысқұловқа дейін түгел қамтыған. Бізде жоқ суреттер жүр. Амандықов Олжас Мейрамұлы деген Гумилев университетінің магистранті сонау Америкадан тауып әкеліп берді. Олройдың кітабы 1967 жылы ағылшын тілінде жазылған. Сканерлеп, қазақшаға аудартқымыз келіп отыр. Бұл кітапта автор ең көп Ахмет Байтұрсынұлына тоқталған.
***
Сөз соңында, Ахаңның 140 жылдығы да жұпыны өтті. Ахмет Байтұрсынұлындай қазақ халқының ар-ожданына айналған тарихи тұлғаның қолымен жазған қандай да қағазды назардан тыс қалдыруға, есімін естен шығаруға құқымыз жоқ екенін айтқымыз келеді.
Нұрғали Нұртай
"Қамшы"