ҮКІМЕТТЕГІ  ШОШҚА ЛОББИСТЕРІ  КІМДЕР?!.

 

Мемлекеттік бағдарламада субсидия шошқа өсіруге 20 еседей  өсіп, жылқы мен ірі қараға күрт төмендесе, ал қой мен түйе мүлде аталмаса, бұл   кімдерге қарсы жасалып жатқан шара?

   shoshka   Парламентте тағы бір  ел үшін, әсіресе, ауыл тағдырына байланысты   аса маңызды мәселе көтерілді. Талқылауға түскен Қазақстан Республикасы  агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына баса назар аударған Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" фракциясы мүшесі Берік Дүйсембиев үлкен бұрмалаушылықтарды көріп, жанайқайын жариялады.   ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалынан мысал келтірейік: «Құс етін өндіруді субсидиялау 9 млрд. теңгеден 13,5 млрд. теңгеге, яғни 1,5 есе өссе, сонымен қатар ірі қараның етін өндіруге берілетін субсидия 10 млрд. теңгеден 7 млрд. теңгеге, яғни дәл сол 1,5 есеге кеміген. Асыл тұқымды шошқа сатып алуды субсидиялау 16,5 миллионнан 315 миллион теңгеге, яғни 19 есеге артып отыр, ал асыл тұқымды жылқы сатып алуды субсидиялау 387 миллионнан 126 миллион теңгеге дейін, яғни 3 есе кеміген. siyr-kopiya   Сонымен қатар, ірі қара бағытындағы асыл тұқымды малды импорттау, сүт бағытындағы ірі қараның бұқаларын жеке шаруашылықта ұстау, бірінші деңгейлі мал бордақысына өгіздерді өткізу, мал азығын арзандату үшін мемлекеттік қолдау көрсетуден, яғни субсидиялаудан мүлдем бас тарту жоспарланып отыр. Бұл қалай? Бұл кімге қарсы жасалған шара? Ауылдағы қарапайым халыққа ма? Күні кеше ғана Индустрияландыру күнінде Елбасымыз шет елден асыл тұқымды қара малды алып келудің аса қажеттігін атап өтті" - дейді  депутат. «Оның үстіне, жеріміздің 70 пайызы жайылым бола тұра, халкымыздын 43 пайызы ауылда тұрса да, тауық қора мен шошқа қораны неге айналып шыга алмай журміз, онын артында кім тұр?  Мүмкін бұл саланы да қолдау керек шығар.  Бірақ атадан қалған кәсіпті – дәстүрлі мал шаруашылығын одан кем қоймауымыз керек.  Қашаннан бері қазақтың дастарханы үшін тауықтың еті қазы- қартадан артық болып еді?»  zhylky-sh Шынымен де, төрт түлік малды бағудан, өсіруден қазақтан асқан маман жоқ. Қазақ ауылдарындағы бүгінгі күн көрістің көзі болып отырған, төрт түліктің негізі – жылқы мен ірі қараға бөлінетін субсидияның күрт төмендеуін қалай түсінуге болады? –Облыс орталықтарында шоғырланған ірі құс өндіретін фабрикалар, ірі шошқа фермалары, астық шаруашылығы қанша маңызды болса, шалғай ауылдарды, еліміздің асырап отырған мал шаруашылықтарының да әлеуметтік-экономикалық, керек десеңіз саяси маңызы өте үлкен деп санаймыз.- деп, мәселені төтесінен қояды депутат Берік Дүйсембинов. Ал бұл агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында   ауылдың негізгі күн көрісі болып отырған қой  етін өндіру мүлде жоқ  екен. Мал шаруашылығында майталман қазақ халқы "Мал өсірсең - қой өсір, табысы оның көл-көсір" деп бекер айтпаған  болар. Ендеше, неге 5 жылдық мемлекеттік бағдарламадан қой шаруашылығын дамыту koy-1 ұмыт қалған? Қойдың өзі осылай құр қалғанда, жыл атауына да кірмей қалған түйе байғұсты  үкіметтегілер мемлекеттік бағдарламаға кіргізе қояды деп ойламай-ақ қойыңыз.... "Жесең -ет, ішсең-қымыз, мінсең - пырақ"  жылқының  қымызы қандай  денсаулыққа пайдалы екенін қазір әлем біледі.  Ал "жылқының етін жесең, тісіңе кіреді, жемесең, түсіңе кіреді"-дегендей, аз болғандықтан, қымбаттай беріп, қолы жетпегесін қазір ел тісін  шұқып емес,  тісін қайрап жүр... Сонда қалай, ірі қараның етін өндіру 1,5 есе, жылқы өсіруді 3 есе азайтып, қой мен түйені мүлде атамай,  ал шошқа етін өндіруді ...  20 есеге жуық өсірсе, онда ауылдықтар  шошқа бағып кетуі керек болды ғой...  Жылдағыдан  20 есе асырған соншама шошқа етін кімдерге дайындап жатырмыз?!. Осы біздің үкіметте дайындалған ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында бұл бұл шошқа өсірудің  лоббистері кім болды екен? Қарқындарына қарағанда, оңай-оспақтар болмаса керек. Әрине, шонжарлар болмаса, шошқа етіне ашылған алапат аран  осылай 19 есеге (!) бір-ақ шырқамас еді... Керісінше, қазақ ауылдарындағы бүгінгі күн көрістің көзі болып отырған жылқы мен ірі қараға бөлінетін субсидияның күрт төмендеуін, ал мемлекеттік бағдарламада қой мен түйенің мүлде аталмауын  қалай түсінуге болады? Шынында да, бұл кімдерге қарсы жасалып жатқан шара? Біздің үкімет кімдерге жұмыс жасайды? Неге мемлекеттік бағдарлама  жергілікті жағдайдың бүгінгі күнгі талабы мен нақты  сұранысына лайықталып жасалмайды? Енді мемлекеттік бағдарлама қолдарына түскен депутаттар бұл әділетсіздікті қалпына келтіре ала ма?  Әлде, шошқа лоббистерінен шошып, қайратсыз қарап отыра бере ме?   Қазыбек ИСА qazaquni.kz