ӘДЕБИЕТ ТҮЗЕЛМЕЙ, ӘЛЕУМЕТ ТҮЗЕЛМЕЙДІ. Иманғали Тасмағамбетовке Ашық хат
2016 ж. 08 желтоқсан
7375
14
ҚР Премьер Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов ертең асқаралы алпысқа толады. Бірақ, "Тәуелсіздіңтің 25 жылдық мерекесінен артық қандай той болуы мүмкін"- деген Иманғали Нұрғалиұлы өзінің туған күніне арналып ағылар мақалалардың алдын кесіп, бәріне тыйым салып отыр. Тек ұлтқа ұтымды іс, кемел кеңес пен терең ой керек деп, асулы алпысын да ат үстінде өткізуде.
Сондықтан, Алаштың ардақтысына айналған ағамызды асулы алпысымен құттықтай отырып, Ұлт мерекесін ұлықтауда ұлағат көрсеткен ұлығымыздың талабынан шығуға тырыстық. Ел тағдырында ерекше маңызы бар Ұлттық әдебиетіміздегі кезек күттірмес ең маңызды мәселелерді тереңнен талдап, сарабдал сараптаған саңлақ сыншымыз, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Бақыт Сарбалаұлының Ашық хатын жариялап отырмыз.
"Қазақ үні" газеті
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары
Иманғали Нұрғалиұлы ТАСМАҒАМБЕТОВ мырзаға Ашық хат
Жаһандану апатынан аман қалудың негізгі емі – қазақ болып қалу
Аса құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Үстіміздегі 2016 жылдың қараша айының ортасынан қолыма қалам алып Сізге арнайы хат жазуды жөн көріп отырмын. Бүгінгі қазақ әдебиетінің белгілі қалам қайраткерлерінің бірі болсам да, гәп тіпті де менің жеке басыма қатысты емес. Мәселе – қазіргі әдебиетіміздің хал-күйі қанағаттанарлық болғанмен, ол алдағы кездері қалай дамиды, жаңа шыңдарға беттеп алға баса бере ме, жоқ құлдырап кері кете ме, нақ осында. Өйткені туған сөз өнеріміз 1990 жылдардағы ауыр дағдарысты, Тәуелсіздік алғанымызбен, оны сақтап қалу қалт-құлт таразы басына түскен, Хан қатты қиналған, Халық базар басына жиналған сын, өтпелі, жазыс түгіл жан қайғы, намыс түгіл нан қайғы кезеңде де құрып кеткен жоқ-тын деген уәж-жауап болашақтың бодауына жарамайды. Рас, ол кезеңмен салыстырсақ, бүгінгі ахуалымыз қай-қай тұрғыдан да жер мен көктей екені дәлел тілемейді. Аракідік халықаралық экономикалық торнадо-дауылдар соғып қойса да (бүгін де сондайдың біреуін бастан кешіп жатырмыз), еліміз тұрмысы түбегейлі түзелді. Ең бастысы: тірлігінің тізгіні – халықтың өз қолында. Өз басы осал, жалқау болмаса, жұмыс істесе, ешкімнің де күнкөрісі күйзелмейді. Мен бұл жерде біздің әлемнің еңселі 50 елінің қатарына қосылғанымызды, қысқа мерзімде төрт жағымыз түгел таңданарлықтай ару қала – Астанамызды салып, жайнатып үлгергенімізді, төрткүл дүниеде теңдесі жоқ «Мәдени мұра» атты бірегей бағдарлама түзіп, сәтті жүзеге асырғанымызды атай кеткенмен, тарқата тоқталып, белгілі жайларды – жас та жаңа мемлекетіміз асқан асқар асулар, басып өткен биік бел-белестерді, ширек ғасырға да толмайтын уақытта қол жеткізген ұлы да, ұлағатты жеңістерімізді айтып жатқым келмейді. Бұл – бүгінгі нақты Өміріміз, шүкірлік көңіліміз. Дау жоқ, мұның бәрі – Тәуелсіздігіміздің арқасы, ерек Елбасымыздың кемел көшбасшылығының жемісі. Біз алайда мұраты – биік, мол мүмкіндігіне сай өсіп жатқан, өсе түсер Ел болсақ, осы жетістігіміз қанағат па? Қанағат емес, әрине. Әсіресе жоққа салауат дей алмасақ керек. ХVІІІ ғасырда бағыныштылықты мойындамай, бодандыққа батырлықпен қарсыласып өткен бабамыз Сырым Датұлы: Азамат жетім болмайды, Халықтан болса панасы, Халық жетім болмайды, Басшы болса Данасы, – деп, неге айтып кеткен дейсіз. Бүгінгі күні, ақиқатқа жүгінсек, ел бастаған Азаматымыздың да осал, оны қостаған Алашымыздың да олқы еместігі ақиқат қой. Бұған 1991 жылдан бері бейбіт те, берекелі өткен 25 жылымыз ғұмырбаяны бір дәлел болса, Елбасының түрлі ұлттарды таластырмаған, ақ жолдан адастырмаған сара саясаты, ілгері бастырған мың бір істері мен маржан сөздері – екі дәлел емес пе?! «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Бұл – әлем кеңістігіндегі ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама?! Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ алуға тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу өз қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек». Ұлт Көшбасшысы бұдан артық қалай айтады? Бұл сөздер – қатал да қайырымды заманымыз дерт-тынысын тап басқан диагноз десеңіз – диагноз; тапсырма десеңіз – тапсырма; биліктегілерге – келелі кеңес, жас ұрпаққа – өсиет. Ал бүгінгі баршамызға: жасамыстарымыз бен жас ұрпаққа – Аманат. Аманатты ақтамау, орындамау – қиянат. Дәлірегі: келешекке – қиянат. Ендеше бабалардың қанымен келген, ХХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүргендердің жанынан өрген, қайратынан өнген Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғауымыз қажет. Қалай қорғаймыз? Немен сақтаймыз? Болашаққа кім, не арқылы береміз? Бұл жерде, рас, әскер де керек, оқ та артық болмайды. Бірақ бұлар тәуелсіздікті түбегейлі қамтамасыз етуде қауқарсыз. Демек, негізгі күш-қайнар – адамзаттың сана-сезімін баурап, жүрегін жаулап билейтін рухани қазынада. Президентіміздің жоғарыдағы сөзінің жалғасындай, Елбасының тәуелсіздігімізді қалай сақтауды көрсетіп берген жолындай сөзіне жүгінсек: «Мәдениет – ұлттың бет бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Ендігі мәселе – барымызды бағалап, өнер мен мәдениеттің заман талабының биігінен көрінуіне жұмыс жасайық. Елдігімізді әлемге танытатын – ұлтымыздың мәдениеті». Иә, материалдық байлық – өткінші, мұнай жанады, сүт – ағады, жоқ болады; алтын-темірдің түбі – тас; арақтың, құлқын қарақтың құлы – мас; бәрінен де ең қадірлі – ас; алайда ол да жеп-ішілген соң, жоқ болады. Сонда мынау жарық дүниенің бүгінге бітім болары, болашаққа мәңгілікке қалары, жер бетіндегі барша адамзаттың жүрегінде шырақ боп жанары – ұлттық әдебиеті мен өнері, интернационалистік білім-ғылымы мен индивидуалдық-жеке адамдық сана-сезімі. Міне, сондықтан да қадым ғасырлардан бері Хеопс пирамидасы, Шумер жазуы ғажап болып келе жатыр да, Аттилла сырлы, «Алпамыс» жырлы қазақ қазақ болып келе жатыр. Бұдан туындайтыны: тарихын білмеген халықтың бүгіні – бұлыңғыр, әдебиетін сүймеген ұлттың келешегі – күмәнді, тұманды. Осы себептен де күллі қазақстандықтар, қазақтар үшін ең мәртебелі, ең көкейкесті міндет те – Елбасымыз айтқандай, «барымызды бағалап, әдебиетіміз бен өнеріміздің, мәдениетіміздің заман талабының биігінен көрінуі үшін жұмыс жасау»? Қажет десеңіз, Білге қаған мен Жүсіп Баласағұниды, Асан Қайғы мен Абайларды алдымен өзіміз жақсы біліп, содан соң әлемге таныту... Бұл тұрғыда әуелі міндетті түрде бір ескеретін жәйт – мәдениеттің әдебиеттен басталатыны. Бұл үшін Алла тағала жерге түсірген қасиетті кітаптарда «Алдымен – сөз...» дегенді алға тартып, мәдениеттің анасы – сөз екенін айтсақ та жеткілікті. Атамыз қазақ «Өнер алды – қызыл тіл», – десе, Абай: «Туғанда дүние есігін ашады өлең; Өлеңмен жер қойнына кірер денең...», – дейді. Тал бесік пен тас табыттың арасы – сөз, өлең. Яғни, бабамыз қазақ сөзбен сурет салып, сезімін өлеңмен (әнмен) жеткізіп, тас мүсін қашап, ағаш үй құрып, қасымен соғысатынын немесе досымен бейбіт табысатынын сөзбен (шешендік өнер) жеткізген. Сегізінші ғасырда Ер Күлтегіннің ескерткіш тасына түскен де – осы өлең. «Қорқыт Ата». «Қыз Жібек». «Түркі сөздерінің жинағы». Асан Қайғы Сәбитұлы. Бұқар жырау Қалқаманұлы. Абай. Махамбет. Мағжан Жұмабаев. Мұқағали Мақатаев. Шаһизада Әбдікәрімов. Он бес ғасырдың әр жерінен бір жыр өкілін атап, қадау-қадау ақындарды ғана келтіргендігі мақсатым – бұлардың әрқайсысының жеке-жеке сөз патшалары, жеке-жеке бір әлем – Орда екендіктерін құлаққағыс етіп қана қалмай, ұлы Қазақ әдебиетінің (оның ежелгі жанрлары: ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, эпостық жырларды есептемегенде) тұтас 15 ғасыр асулары мен белдерін басып жатқан, асқарына көз салсақ ақ бұлттарға араласып кеткен, тереңіне көңіл қойсақ, түбі жоқ; алқабына көз салсаң: Балқан тау мен Алтайдың, Сібір мен Сарыөзеннің (Хуанхэ) арасын алып шалқып-тасып жатқан Алып Сөз империясы, (қазақша айтсақ) Қазақ әдебиеті Қағанаты екенін әйгілеу. Шыққан күндей бұл шындықты Өзіңіз де білетініңізге күмәнім жоқ. Бұған бұлтартпас дәлел – «Мәдени мұра» аясында аман-есен жарық көрген, жер жүзінде сыңары жоқ 100 томдық «Бабалар сөзі» – Асыл Қазынамыз. Бұған бұлтартқызбас екінші бір дәлел – 2014 жыл соңында жарық көрген шоң 10 томдық «Жыр маржаны» атты «Қазақ поэзиясының антологиясы». 100 томдықпен танысқанымызға біраз жыл өтті, ал мына шоң еңбекті сәл таныстыра кетсем, ол – туған сөз өнеріміздегі асыл қазыналы, бірінші рет осындай көлемде жүздескен, келісті безендірілген, 500 баспатабаққа жетеқабыл, 667 тамаша туынды мен ақынды қамтыған Алып кітап. Мәдени өміріміздегі құны түспес Құбылысқа баланса да артық емес. Алтай тауым Бесік болып тербеткен, Жарқылдаған от пен Сарқыраған судың ішінде ержеткен – Көк Тәңірінің оғландары Бүкіл түрік жұртының Арландары мен қабыландары Бумын қаған мен Істемі қаған таққа қонды. Елімді ел етемін деп, Жерімді көгертемін деп, Оттай асау, Оқтай ұшқыр Атқа қонды... Паһ, шіркін! Шығыс түрік қағанатын құрушылардың бірі, дана да дара қаһарман Күлтегін 731 жылы көз жұмғанда қабіріне қойылған Ескерткіш тасқа қашалған бақұлсөз – батырлық дастаннан алынған жолдар бұл. Атақоныс жер үшін, анабесік ел үшін атқа қонып, «күндіз жайғасып отырмаған, түндіз ұйықтамаған» қайран бабалар Елін Ел еткен, Жерін көгерткен. Айналасын жеңген, қарсыласқан жауына Қыран болып төнген, арқасы бардың арқатерін үктірген, тізесі бардың тізесін бүктірген, басы барлардың басын идірген, аузы барларға қолын сүйдірген Бумын, Істемі, Күлтегін, Білге, Қапаған қағандардың ерлігі, олар құрған қағанаттың елдігі мәңгілік емес пе?! Ізбасарлары – ұлтымыз бар да, жаңа ұрпақтары аманда мұндай ерлік, елдік ұмытылмайды. Бұл айтылғандардан шығатын алғашқы түйін, бірақ ең Басты қорытынды қандай? Ол – маңдайымызға туған жеріміз бағзы заманнан бері тудырып, аялап, Тарих берген, Тағдыр (тек-талантымыз) сыйлаған ұлы бақты, айрықша бақытты – Қазақ әдебиеті Қағанатын жаһандануға құртқызып, жеңгізіп, яғни қыштарын биліктегі мәңгүрттерге қиратқызып, қабырғасына қазіргі уақытта қаптай түскен надандарымызға сызат түсіртіп, құлатып алмау. «Іштен шыққан жау жаман» екені өз алдына, қазіргі уақытта сыртқы «жау» сұмдық қауіпті. Бұлай болатын себебі – жау бұрынғы замандардағыдай айқайлап, көзге көрініп келіп жатқан жоқ. Бейбіт келіп, бірте-бірте іріте бастаған бұлардың бүкіл қам-қарекеті түбінде мерт етпей тынбайтын Бейдауа (рак) дерті тәрізді. Бүгінгі күні ол аспаныңды (ақпарат әлеміңді) басып алды, отбасыңа ентелеп енді (көксандығың ішінен сағат сайын қылтияды), басыңның ішін – қауашағыңды аралап жүр. Мұның жария (жабық) аты – жаһандандыру, шын аты – батыстандыру, адамгершілігіңді азғындату. Кімнің қаражаты көп болса, ақпаратты сол билейтіні растығын мойындасақ, онда миымыз көп ұзамай-ақ миллиардтаған долларлар иесінің меншігіне айналады. Санамыз бағынып, Алла жолынан аулақ сайтани «озық өркениет» жолына түскен соң, діліміздің діңі опырылып түсіп, дәстүрлі дініміз ойсырап, бір жыныстық неке салтқа енеді, отбасы институты күйрейді. Бұл – әрине, қазаққа жеке келген нәубет емес, Адамзатқа жасалып жатқан шабуыл – алапат Ақпараттық Апат. Сонда еркектер еркектен бала туады деп кімді сендіреміз?! Әлде біз мұндай таз кепешті кимейтіндей бір кездері ұлы әдебиеті болған, төл мәдениеті тасып толған француздардан артықпыз ба?! Қазіргі күні Франция мемлекеті бар, бірақ ұлық француз ұлты жоқ. Ортамыздан «Қазақ тілі мемлекеттік тіл міндетін атқара алмайды» дейтін опасыздар (сұмдық сатқындық) шығып, КТК телеарнасында қызтекелер (қас масқара) ойнақ салса, қазақ қызы жетекшілік ететін жарнамашылар Александр Пушкин мен Құрманғазы бабамызды сүйістіріп (Құдай жолына қарсы шығып) қойып, беттері бүлк етпей ұлттық менталитетімізді мазақ етіп жатса, бұлар – Батыс бізге болашақта тарту ететін тамаша «бақыт» пен жасампаз «демократияның» көріністері. Мұндай жаһандық «мәдениет», тобырлық сана, имансыз демократия көк тиынға керек пе?! Мен бұдан әрі Батыстың қазаққа дайындап, ұсынып жатқан сыбағасы – мыңдаған «ғажабы» мен азабын тізіп, қауіпті қоюлата беріп қайтейін... Тірі болсақ, көрерміз дейміз бе? Жоқ әлде әрбір қазақ тектілік, салиқалылық танытып, Батыстың сырттай әлеуметшіл тәтті сөзі мен «іштей» әділетшіл демократиясының қақпанына түсіп қалмай, қаржылай батпанқұйрығына алданып қалмай, дүние-байлыққа құл болмаған, атадан тумай ұл болмаған тек-табиғатымызға тартып, сақталып қаламыз ба, ХХІІ ғасыр төрінен де «Біз – қазақпыз!» деп жар саламыз ба?! Әрине, өзінен-өзі бітетін іс жоқ. Әрекет түбі – берекет. Атырауымыз бен Алтайымызды, терістік даламыз бен Түркістан қаламызды ешкім сыйға тартпағанындай, тағы да өзімізді сақтау, арыстық – Алаштық атымызды ақтау үшін күресіп, арпалысуымыз керек шығар. Ендеше Елбасымыз айтқандай, біз «өзгенің қателігінен» – озық Батыстың тозық «мәдениетінен» сабақ, өткеннің өкінішінен (орыстың отаршылдығынан) тағылым ала білсек, Мәңгілік Ел болу – бүгін ғана емес, болашақта да өз қолымызда. Өзімізге бекем болмасақ, дәмегөй басқаларға – жем, қаржылы бақалшыға – кен боларымыз бесенеден белгілі емес пе?! Айтпақшы, өзіміз болудың басты жолы (басқа жолы жоқ) – адамзаттық жаһандану апат-ауруының негізгі және бірден-бір емі – қазақ болып қалу, тарихта кеткен есеңді қайтарып алу; төл ұлттық мәдениетіңді сақтап, дамыту, Қазақ әдебиеті қағанатының қабырғасын биіктете түсіп, шаңырағын Күнге қарай көтере түсу. Ал, бұл үшін не істеу керек?! Жаңалық іздеудің қажеті шамалы, тағы да Елбасы айтқандай, ол – «барымызды бағалап», «өзімізді қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз», Тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, жапырағын жайқалта беруіміз. Сонда бұл әдебиет саласында, мәдениет қаласында жаңа қай шара, қандай шаруаларды атқаруға саяды. Нақты түстеп, таңбаласақ – халқымызды кока-кола ішкізіп, фастфуд жегізумен шектелмей, қымыз-қымыран ішкізіп, қазы-қарта шайнатып қана қоймай, ең негізгісі – ұлттық рухани асқа жарыту. Қазірдің өзінде бағланның етін қойды баққан жейді, қымыз бен қымыранды тапқан ішетінін білсек, қазақстандықтарды қазақ әдебиетіне, халықтық әсем әніне, ұлттық салдық сәніне қарық қылайықшы; нақ солай етсек қазақстандықтардың американдықтардың «тобырлық мәдениетіне», еуропалықтардың жылтырақ сәніне, әулекі әніне (жақсыларының жөні бөлек, әрине) түкіргені бар?! Міне, осындай қолдау, жақсымызды басқа елдерге жарқыратып, көрсету әдебиет саласына әсіресе керек екені өзінен-өзі түсінікті. Айталық, Шыңғыс Айтматовты төрткүл дүние өте жақсы біледі. Бұған қырғыз жазушысының аса таланттылығы себепкер екені белгілі. Бірақ бізде осы Шықаңнан аспаса, осал түспейтін суреткерлер жоқ емес, бар. Демек, мәселе – озық шығармаларымызды әдемі аудартып қана қоймай, таныстыра білуімізде. Осыған орай жұмыс жүргізе алсақ, шет жұртты «Абай» (Мұхтар Әуезов) – арманға балайтын кітап», «Абай жолы» – қазақтың «Иллиадасы» деп тағы да тамсандыра бастайтынымыз анық. Кейінгі уақыттарда дара драматургіміз Дулат Исабековтің пьесалары Санкт-Петербургте сахналанып, Лондон көрермендерін баурап жатуы-ақ осы сөзімізді дәлелдемей ме? Мұны бір делік. Екіншіден, туған әдебиетімізге бүгінгі күні қатты керегі – әділеттілік. «Өлі разы болмай, тірі байымайды». Баяғы заманда-ақ Конфуций айтыпты: «Талант – мемлекеттің меншігі». Олай болса тіріміз бар, мәңгі тірілеріміз бар, қайсысын қалай құрметтесек те, сол құрмет – есімін, еңбегін есте қалдыруымыз олардың өмірдегі орнына, өнердегі бітірген еңбегіне, келесі ұрпақтарға жасай берер ықпалына сай болуы керек-ақ. Баласының әкімдігі, туысқанының байлығы тәрізді факторлар – рухани сала қайраткерлерін бағалап, қадірлеуде жарамсыз өлшемдер. Тұғырлар да бірдеңе тындырғанына келісуге болады, ал оны тұлпарлармен теңестіру, тіпті сүйрелеп, билікпен демеп, байлықпен жебеп, алдына түсіріп жіберу – ұят қана емес. Қиянат. Ұлағатсыздық! Бәрі де тарихи тұрғыдан таразылап, өзара салыстырғанда анықталады, ақиқат қалпына келеді деп білсек, әділеттіліктің жөні бөлек. Әділеттілікті жеңіліске ұшырату – әлеуметті адастыру, тураби Төлебилерді мазақ ету; елді ілгері бастырмай, мәдени тұрғыдан кері кетіру. Мысалға жүгінсем, қазір нақ осы жәйт қарымды қаламгер, қажырлы қайраткер Қалдарбек Найманбаевтың басынан өтіп жатыр деуге болады. Көзі тірісінде одан абыройлы, еліне ерен еңбек еткен, Тәуелсіздіктің нығаюына толағай үлес қосқан адам, жазушы аз еді десем, сәл де асыра айтпаймын. Қырық жыл ат үстінде жүрді. Журнал-газеттердің Бас редакторы, кітап баспаларының директоры. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары. Бүгінгі заманның тыныс-бедерін әрқашан зерек те, зерделі тап басқан Суреткер ретінде-ақ ел есінде мәңгі қалуға хұқылы Қалдарбек Найманбаевтың қызық кезде жетекшілік етсе де жетелі, қиын кездерде басқарса да, қиналмай атқарған осы қызметтерінің біреуі-ақ оның тарихта қалуына көместесе алар еді. Сөйтіп, жылдар бойы Атымтай жомарттай жұртқа жақсылық жасай жүріп, әсіресе ақын-жазушыларға ат-атақ, орден-медальдар беру қолында тұрып, Ол өзіне бір атақ, не бір орден алмапты. Қожанасырлық адалдық, Қайраткерлік азаматтық дейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Өмірден 66 жасында қапыда өтіп кеткен сол Қалдарбектің 70 жылдығы жөнді аталмады. Оның 75 жылдығы және елеусіз қалды. Ол туған өңірдегі не Шымкентте, не Жетісайда Қалдарбек Найманбаев атында бір мектеп жоқ, бір көше жоқ. Сонда бұл – не қаперсіздік? Әлде әдейі алалау ма, жоқ қадірлеп қарамау ма? Арамыздан кеткеніне 12 жыл толып отырған Қалдарбек Найманбаевты бұлай ұмыту қандай мәдениетке жатады? Әйтпесе әйдік суреткер, ұлы жазушы Тәкен Әлімқұлов пен зипа заты түгіл Асқар Сүлейменов деген атының өзі алашты танытуға жетіп жатқан сом сыншы, саңлақ прозашымыздың туған облысы орталығында төбесі көрінбеуі қалай?! Жалпы, ақылы шолақ, заң әрпін жаттап қатып қалған молақ адамдардың: «Ау, 75 жылдық – ресми тойлануға жатпайтын мерзім, сондықтан Қалдарбек Найманбаевтың 75 жылдығы аталмауында тұрған не бар?!», – деуі әбден мүмкін. Сәл келісеміз. Алайда Абай, Махамбет, Мағжан, Бейімбет Майлин, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов пен Қалдарбек Найманбаевтар мүшелтойы кезінде ескеріліп, қалған уақытта ұмытсақ бола беретін ақын-жазушылар ма?! Ол – ұлттық сезімімізді, қазақпын деген өзімізді ұмытумен бірдей, тең емес пе?! Шындығына көшкенде Тахауи Ахтановқа да, Қалдарбек Найманбаевқа да енді ештеңенің керегі жоқ. Әдебиет алыптарына құрмет те, қызмет те мына бізге – тірілерге керек. Надан емес, Адам болуымыз үшін. Әсіресе жас ұрпақтың адам болуы үшін. Ендеше есі кірген, егемендігін алған, ел боламын деген жұртқа – тіпті ашығын айтсақ – Әбділда Тәжібаев Сыр бойының сүлейі, оны Қызылорда облысының халқы ғана ардақтасын; Мұқағали Мақатаев Алматы облысының ақыны, тек Талдықорған мен Қарасаз ғана тойласын; Қадыр Мырза Әлі – Ақжайықтың ақиық Азаматы, Батыс Қазақстан облысы құрметтесін деу жараспайды. Аталған мекендер – тек туған жерлері, олар қыпшақтың, албанның, беріштің ұлдары болып өмір сүрген жоқ. Олар – Алаштың ұлы Ақындары; қай-қайсысы да Алматының, Астананың, Атыраудың Арыстары.Біз Қазақ Әдебиетінің қағанатын сақтай алмасақ, бәрі бекер...
Аса құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Өзіңізге айтылып жатқан осынау қадау-қадау мысал-жәйттер-ақ ұлы әдебиетіміз бен ұлық мәдениетіміздің қазіргі хал-күйі қаншалықты қанағаттанарлық дегенімізбен, басты мәселе – болашағымызда екенін және бір аңғартары, егер 2020 жылдары, одан кейінгі уақыттарда Біз Қазақ Әдебиетінің қағанатын сақтай алмасақ, бәрі бекерлігі, Тәуелсіздігіміздің жеңіс-жемістерін қаймана елдер иемденіп, аймана күштер пайдаланып кетері еш дәлел тілемесе керек. Бұл бағыттағы жержүзілік майдан – бізді жаһандандыру майданы әлдеқашан басталып кеткенін жоғарыда шетжағалатып айтып та өттік. Шахматов деген біреудің КТК телеарнасында қызтекелерді әлпештеп көрсетуі, ортамыздан «Орыс бодандығы – қандай керемет» деп тамсанатын опасыздар (әрине, рубль алғандықтан солай сайрайтын сатқындар), т.т. Мұның өзі біздің келешегіміздің кілті де, кілтипаны да – озық Отыз ел қатарына кіріп, материалдық байлық-берекеге жетуіміз қаншалықты ғанибет болса да – төл қазақы бітіміміз тек (сыртқы емес, ішкі) сақталып, шынайы ұлттық рухымыз асқақтауында жатқанын айғақтайды. Ал оны жақтайтын емес, бірден-бір сақтайтын, баптап-өсіретін қуат-топырақ – тек ұлттық ұстаным (тәрбие), ұлттық мәдениет (әдебиет, өнер). Енді нақ осыны бастарынан өткеріп, қолдарымен жасаған ұлы қайраткерлердің даналық ой-пайымдауларымен тұздықтай түссем, әйгілі Шығыстың екінші ұстазы Әбунәсір әл-Фараби бабамыз: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек; тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы; бұл келешекте адамзат өміріне апат әкеледі», – десе, ХХ ғасыр басында орысты өркендетіп, қазақ жеріне қара шекпенділерді қаптатқан Николай Столыпин: «Народ, не имеющий национального самосознания, навоз; на котором произрастают другие народы», – дейді. Ал КСРО-ны құлатып, жерлеу идеологиясының бас тізгіншісі болған Збигнев Бжезинскийдің не дегеніне құлақ түрейік: «Если ваша элита хранит деньги в наших банках, это еще вопрос ваша элита она или наша». Біздің бүгінгі жағдайымызда бұдан артық не айту керек және қалай айту керек; биліктегілер байқап көрсін, қазақстандықтар қауашағыңа салып шайқай берсін. Енді осы айтылғандардан қандай қорытынды шығады? Ол халқымыз бағзыдан бері айтып келе жатқан түйінді пікір: «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Демек, бүгінгі таңда біздің өміріміздің барлық саласында ең бірінші керегі және басты керегі – Сын. Әрине, әділ де шын сын. Бұл әдебиетке де өте-мөте қатысты және менің Сізге хатымның өзегі де әдебиет болғандықтан алдымыздан көлденеңдер қастерлі ақиқат: Әдебиет түзелмей, Әлеумет түзелмейді. Бір ғажабы – бізде биліктегі өздерін зиялы, сауаттымыз дейтіндердің бәрі әр қадамында әдебиетті (сөзді) қолданады, сұлу сөйлейді (тырысады); бірақ өздері Қазақ Елінде қазақ болғандықтан да министр болып, мұнайгазшы болып байып, алшаң басып жүргендіктерінде шаруалары жоқ; талайы мемлекеттік тілде сөйлемейді, ай сайынғы таралымы 40 мыңға жеткен «Дала мен қала» сияқты газеттерімізді жауып тастай салады. Сонда бұл ағайындар – кімдікі, біздікі ме, жоқ Батыстікі ме?! Екінші пародокс – жұрттың қай-қайсысы да сөз жүзінде сын керек дейді, ал іс жүзінде... Елдік деңгейде менің таңданатыным: барлығы Президенттің сынын күтіп тұратындай. Елбасы сын айтады, мін анықталады, бір бастық қызметінен кеткен соң, қалғанымыз сынауға кірісеміз. (Кейде – «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайдының» кері). Тіпті, әдебиетіміз саласында да жағдай солай десек жаңылыспаймыз. Сөзімді мысалмен тірілтейін. Әрқашан өзін туған елінің тәуелсіздігі мен тағдырына қоса әлеуметтік жағдайы, әдебиеті мәселелері де қатты толғандыратын Елбасымыз 2007 жылыдың 1 маусымы күні Қазақстан Жазушыларының кезекті ХІІІ құрылтайы қарсаңында бір топ қалам қайраткерлерін қабылдағанда, қазақ әдебиетінің қазіргі ахуалынан жақсы хабардар екенін аңғартып, сондықтан әдеби-көркем сын түзелмей, сөз өнеріміздегі өрескел міндер де түзелмейтінін қадап айтқан еді. Соған орай төл әдебиетіміздің тарихында тұңғыш рет 2007 жылдың соңында «Сын» журналы тұсау кескен болатын. Басылым 2008 жылдан бастап әр тоқсан сайын Жазушылар одағының қаржылық қолдауымен жарық көріп келді. Алайда қоғамдық ұйымның ақшасы жетіспегендіктен 2010 жылдың соңынан бері журналдың жарық көруі тоқтап қалды. Осы үш жылдың ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігі небәрі бір-ақ рет 2 миллион теңге бөліп жәрдемдесті. Сонда мұны қалай ұғамыз? Президент тапсырмасын елемеу ме? Жоқ әлде өмір шындығын – өмірді өнер түзетіп, жақсартып, өрге бастыратынын түсінбеу ме? Біз, жазушылар, мұны әдеби-көркем сын түзелмеуіне деген ниет жоқтық, әдебиетке – жас ұрпаққа, әлеуметке жаны ашымастық, еліміз тәуелсіздігі нығаюына үлес қоспау деп түсінеміз. Әйтпесе 2012 жылы Қазақстан жазушыларының кезекті ХІV құрылтайында осы ұлық жиынымызға қатысып сөз сөйлеген сол кездегі ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед «Сын» журналының қайта шығуына көмектесеміз деп уәде берді. Содан кейін де үкімет (министрлік) тарапынан бірде-бір рет көк тиын бөлінбеуін қалай бағалауға болады?! Мақұл, былтыр 2015 жылы қаржы тапшылығы орын алды, үнемдеу жүріп жатты делік. Ал 2013 жылы ше?! 2014 жылы ше?! Ашығын айтсақ, өз басым әдеби-көркем сын үшін үкімет, министрлік тарапынан 10 миллион теңге табылмай қалды дегенге сенбеймін. Онда суда балық жоқ демей-ақ қояйын, жыл сайын миллиардтаған теңгелердің артылып. игерілмей қалуы неліктен?! Екіншіден, біздің журналға бөлінетін қаржы – көп болса көп ұлттық компаниялардың белді бір қызметкерінің жарты-ақ жылдық жалақысы. Әйтпесе «Банк Хоум кредит» АҚ директорының екі айлық жалақысынан сәл ғана асады (орташа жалақысы – 4,5 миллион теңге) Асылы мұны – жеке жағдайды қазымырланып айтпағанда, өнерсіз – өмір тұл екеніне, жаһандануға жем болмау үшін әлеуметімізге әдебиетіміз ем болуы қажеттігіне келіссек, сол әдебиеттің ішінде де алдымен нені, қай саланы дамыту керек деген сауал туады. Әрине, поэзияның жөні басқа. Ол – керек десеңіз, қалған жанрлардың анасы. Адамзаттың саналы тарихында әуелі поэзия – өлең тууы да сондықтан болса керек. Өлеңді тыңдап, оқып қана қоймай, айтқанымыз да (ән етіп, мақамға салып) сол себептен. Қазіргі уақытта қара сөзсіз – прозасыз да әдебиетті елестете алмаймыз. Ахуал нақ солай болса да өз басымыз алдымен сынды түзеу, сын жанрын дамыту керек деп есептейміз. Мұның себебі неде?! Себебі – сол: прозаны былай қойып, поэзиядан бұрын да сын туған. Ертедегі эпос-ертектердің де, бүгінгі дастан, эпопеялардың да авторлары – алдымен сыншылар. Талап-талғамсыз (сыншылықсыз) жақсы жыр тумайды, «Оқжетпестің қиясында», «Бақытсыз Жамал», «Құлагер», «Ботагөз», «Қан мен терлер» дүниеге келмес еді. Өйткені талант дегеніміз де – алдымен сыншылық. Бұл – біріншіден. Екіншіден, осыны білумен қанағаттанып қалмай, әдеби-көркем сынды жеке жанр ретінде дамытпасақ, биіктей өсу, ілгері өркендеу және жоқ. Өйткені, «әдеби-көркем сынның деңгейі әдебиеттің даму деңгейін танытатынын» (А.С.Пушкин) айтпағанда, сын көрмеген, сын көңіл бөлмеген әдебиет тоқырайды. Авторлардың бәрі – Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев емес, ірі таланттарға қоса ортақол ақын-жазушылар да жетіп жатыр. Тіпті кейінгі кездері әлін білмейтін Әбулақаптарға Бай, Бастық болғандар да жиі қосылып, кереқарыс қалың кітап шығарып, таза әдебиет айдынын батпаққа айналдыра бастады. Лай суды ішесіз бе? Шалап-сусынды сораптайсыз ба? Әсіресе «білмеген у ішетінін» ойласақ, жас ұрпаққа обал емес пе? Бұлай кете берсек, келешегіміз қандай болмақшы?! Бұдан шығарып айтатын және бір ақиқат – анық ақындар аз; Құдай қолына қалам ұстатқан, ұлт ұстазына айналған ақындар қандай жағдайда да жыр жаза береді. Парасатты прозашылар да солай. Ал, сыншылардың жағдайы мүлдем бөлек. Әріптестеріміз қанша мақтасаң да артық деместен сіңіре береді, ал кемшілігін айтсаң, жау болып шыға келеді. Шынында да ақиқатты айту оңай емес және жұрттың бәріне дерлік жақпайды. Сондықтан да Қадыр Мырза Әлі ақынымыз: «Әділетті болудан асқан батырлық жоқ», – деген болса керек. Ендеше ақиқатты айтып – бір, авторының шабуылына ұшырап – екі зиян-зардап шегетін сыншыларға ең кемі екі есе қамқорлық, ақын-жазушылардан да артық қаламақы төленуі керек. Екінші кезекте қатты көңіл бөліп, дамытатын сала – балалар әдебиеті. Бала – болашақ жазушы болмай-ақ қойсын, маманнан да бұрын Адам болуы керек. Ал әдебиетсіз адам да, қоғам қайраткері де жоқ. Бала – келешек Оқырман. Оқылмаса әдебиетіміз кімге керек?! Бұдан кейін – әрине, мәртебелі өлең өнерімізге, қара сөзімізге, драматургия мен сықақ, деректі проза мен фантастика жанрларына көңіл бөлінсе жарасады. Жан-жақты өсіп, көркейе түсеміз. Сонымен, әдеби-көркем сынымызды түзеудің бірінші шарты – дау жоқ, мерзімдік журналын қайта шығару. Екінші шарасы – академик-сыншымыз, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығымыздың иегері Мұқаметжан Қаратаев атындағы республикалық «Қазіргі қазақ әдебиеті және көркем сын» бәйгесін жылма-жыл жариялап, жүзеге асырып отыру. Үшіншіден, «Қазақ әдеби-көркем сынының 20 томдық таңдамалысын» басып шығару... Оған Ахмет Байтұрсынұлының сын үлгілерінен, Жүсіпбек Аймауытовтың Мағжан ақын шығармашылығын тамаша талдап-таразылаған әйігілі мақаласынан бастап, Смағұл Садуақасұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Ғаббас Тоғжанов, Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, т.б. қаламгерлерімізді қамтып бүгінгі жас сыншыларымыз Алмас Нүсіп, Бағашар Тұрсынбайұлының тәуір мақалаларына дейін қоссақ игі. 100 томдық «Бабалар сөзін», «Жүз қазақ романы», 10 томдық «Қазақ поэзиясы антологиясы», тіпті ұлттық философиямыздың 10 томдықтары жарияланып жатқанда әдеби-көркем сынымызға мұндай есе тиюі – олқылығымыздың орнын толықтыру ғана. Бұған қоса Зейнолла Серікқалиұлы әйтпесе Сағат Әшімбаевтың есім-еңбегін ескере отырып Жас сыншылар конкурсын өткізуді дәстүрге айналдырсақ өте орынды болар еді. Мәселен, белгілі бір нысаналы. Айталық, «Менің Ақан сері – Ақтоқтым», «Бүгінгі күннің Бейімбеті – кім», «Жас ақындарымыз арасында Мұқағали бар ма?», тағысын тағы тақырыптарда. Қысқасы, бұл тұрғыда да жол көп, жеңіске жетуімізге мүмкіндік жеткілікті. Тек үкімет тарапынан шынайы ниет-пейіл білдіріліп, әдебиетті түзейміз десек. Өнерді түзейміз десек те, бірден-бір және бірінші кезекте тығырықтан шығар жол осы. Әйгілі Әшірбек Сығай өмірден өтті. Театр өнері жетім қалған жоқ па осы?! Ермек Тұрсыновтың «Келіні» шын мәнінде өнер үлгісі ме, жоқ жаһанданудың бір тапсырысын орындаған – жақсы бола тұра (жаман болса, бірден қоқысқа тасталады ғой) қазақтың жан дүниесін «жарақаттар» дүние ме? Оның төрелігін Ермек Тұрсынов емес, біздің «артта қалғанымызды» (Тұрсыновша) айғақтамайтын арлы, ақиқатшыл, әділ киносыншы айтуы керек. Демек, барлық жерде де сын түзелмей, мін түзелмейді. Сын-әдебиеттің де, оның өзегі – әлеуметтің де, адамның да, қоғамның да ақ-қарасын жасырмай, асырмай, дәл көрсететін айна. Қоғамда жариялылық болса (ұры-қарылар күндіз жымқыра алмайды), сын-жарық түссе, халық жаны тобырлық мәдениетке алданып, субмәдениет соңында кетпейді, былғаныш әдебиетке жалданып, сайтандар лагеріне өтпейді. Шіркін-ай дейсің, осындайда Шал ақынның: Айдынды жақсы Аймен тең, Жомарт жігіт баймен тең. Шешен жігіт дүрмен тең. Имансыз көңіл кірмен тең. Ақылы жоқ надандар, Іс бітірмес адамдар 100 болса да 1-мен тең, – деген жеті жолын-ақ балаларымызға жетелі оытып, сүйегіне сіңірсек қой, жас ұрпағымыз азғындамас еді, жаһандану жемісіне жем болмас еді. Қадірлі Иманғали Нұрғалиұлы! Осымен ұзарып кеткен сөзімді шиырып, оны өзім емес, қазақтың Тура биі – Білгірі атанған Герольд Бельгердің мына бір сөзімен түйсем деймін: «Бүгінгі таңда еліміздегі қай мәселені алсақ та, бұл нәрсе қазаққа керек пе, жоқ па, пайдалы ма, зиян ба, осы тұрғыдан қарастыруымыз қажет. Олай етпеген жағдайда, қазақтың жағдайы жақсармайды; оның жағдайы жақсармаса, Қазақстанның да жағдайы жақсаруы мүмкін емес». Бұлай болса, рухани ұлттық бесігіміз – әдебиеттің жағдайы түзелмей, әлеуметтің – халқымыздың жағдайы түзелуі де мүмкін емес. Қазақ халқы аман болып, Тәуелсіздігіміз мәңгілікке ұласқан заман бола беруі үшін ұлысымыздың жас ұрпағын жат жүйе, жабырқататын идеология табанына түсіріп жылатпай, Қазақ әдебиеті қағанатының туын құлатпай, Ел болып жасай беруіміз үшін әрқайсымыз Білге қаған өсиетін ұмытпай, Абай сөзін аялап, байсын жеріміздің Бәйтерегін жайқалта беру жолында еңбек етіп, болашақ жолындағы ортақ қасиетті бұл іске өз үлесімізді қоса берейік! Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, сыншы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты "ҚАЗАҚ ҮНІ" газетіБарлық құқық сақталған! Мақаланы көшіріп басу үшін міндетті түрде qazaquni.kz порталына гиперсілтеме берілуі қажет.