Мен сізді ешқашан ұмытпаймын...
2016 ж. 03 желтоқсан
3152
2
Бүгін мені фейсбук өте жақсы жаңалығымен қарсы алды. Марқұм Әмірхан аға мен Мархабат жеңгейдің қыздары құтты орнын тауып жатыр екен (Мархабат жеңгейді «әпке» деп атасам да болады, себебі мен де қызылордалықпын. Алайда, жеңгей, ренжімеңізші, Әмірхан ағаны «аға» деп жаныма жақын тұтқым келеді). Лайым, Қасиет қызымыз барған жеріне тастай батып, судай сіңсін! Бағы ашылсын!
Ағамен көзі тірісінде мен де аз-кем таныс-біліс болған едім. Ол кісінің бұл дүниемен қоштасқандығын жеткізген қаралы хабар төбемізден жай түсіргендей болды. Көзімнен ыстық жас ақты. Бірақ аға туралы шағын да болса естелігімді жазуға батылым бармады. Өзімнің шимай-шатпағыма ол кісіні қимадым. Биік болмысын аласартып алатындай көрдім. Ағаның азаматтық бейнесін аша алатын нағыз естеліктерді өзім талай жыл қызметтес болған, тәлімін алған Сәкен Сыбанбай ағадан, аузы дуалы ақындардан күттім. Әсіресе Сәкен ағадан. Өйткені екеуі дос болып қана қоймай, көрші де тұрған еді. Тосыннан келген ажал бәрімізді есеңгіретіп тастағаны рас. Сәкен аға көпке дейін үнсіз жүрді. Өз-өзіне келіп, ойларын жинақтап алғаннан кейін болар деп ойлаймын, жүрегімді шымырлатқан сыршыл естелігі бір күні жарқ ете қалды. Бүгінгі қуанышты хабардан кейін менің де үнсіз қала алмаған жайым бар. Аға рухына деген құрметпен... ...«Аңыз адам» журналында жұмыс істеп жүрген кезімде, 2010 жылдың мамыр айының басында Әмірхан аға бізге бас редактордың орынбасары болып келді. Сонда байқағаным: ол кісі қашанда жұмысқа күліп келетін. Қабақ шытқанын бір көрмеппін. Аңқылдаған ақкөңіл ағамыз келе сала бәрімізге «Қасқыр Құдай болған кез» атты кітабын өз қолтаңбасымен сыйға тартқан еді. Маған берген, бүгінде кітап сөремнің төрінен орын алып тұрған кітабына «Мәдина қарындасыма әрдайым жұлдызың жарқырай берсін деген тілекпен ұсынамын. 17.05. 2010» деп жазыпты. Орынбасар болғандықтан материалдарымыз ағаның қолынан өтті. Ол кісіге жазғанымды көрсетпес бұрын «сойып салатын шығар» деген қорқыныштың болғанын жасырмаймын. Не дегенмен білімді адамның мысы баспай қоймайды ғой. Алайда аға ешқайсымызға қатты сөз айтпады. Әр журналистің материалын қағаздан тексеріп, өңдеп, онысын өз қолына тапсырып, ескертпелерін жеке-дара айтқан еді. Сол екі аптаның ішінде аға бәрімізге ат қойып үлгерді. Мақтанғаным емес, өз сөзі болғасын келтіріп отырмын, ол кісі мені «ақылды қыз» деп таныпты. Өкініштісі, бізде бар болғаны екі-ақ апта істеді. Өз сөзімен айтқанда, «таңертең сағат 9-да келіп, кешкі 6-да қайтатын жұмыс тәртібіне үйренісе алмады». Не дегенмен ақын ғой. Дегенмен сол екі аптаның ішінде бәріміз ағаны жақсы көріп үлгерген едік. Арада бірнеше ай өткен соң, Сәкен ағайдың тапсырмасы бойынша ағадан сұхбат алатын болдым. Шыны керек, жүрексініп толқыдым. Сұхбат үйде өтетін болып, Сәкен ағадан мекен-жайын сұрадым. Сонда бәрін түсіндіріп жатып ағай сөз арасында «Құлагерде» екі-ақ адамда машина жоқ: бірі – мен, екіншісі – Әмірхан» деп күлдіріп те алған еді. Сонымен жексенбі күні келісілген уақытта ағаның үйіне бардым. Жадырай қарсы алған ол кісі алдымен «мынау – Мархабат жеңгең», «мынау – қызым Қасиет» деп отбасымен таныстырды. Сөйтіп, сұхбаттасу үшін ағаның жұмыс кабинетіне кірдік. Алайда ол кісі қатты толқып, қызарақтап: «Осы менің сұхбат бергенім қалай болады? Шынымды айтсам, ұялып отырмын. Бұл деңгейге әлі жете қойған жоқпын ғой. Сәкен айтып қоймағасын қалай келіскенімді білмей қалыппын. Бермей-ақ қойсам қайтеді?» – демесі бар ма? «Ақын» деген қасиетті атқа лайық болмаса да, өздерін «ұлы ақын» санайтын кей ақынсымақтар «Мені журналдарыңа қашан шығарасыңдар? Мұқабаға жарайтын жақсы суретім бар» деп кеуде қағады. Ал қазақ әдебиетінің Әмірханының айтып отырған сөзі мынау! Ағаның қарапайымдылығына тағы бір мәрте риза болған мен сол кезде не дегенім есімде жоқ, әйтеуір, сұхбатқа көндірдім-ау. Сөзімді «Қайратты шашыңыз бен шегір көзіңізге қарап «мінезді кісі» деп қабылдауға болады» деп бастағанымда, шашын бір сипап өтіп: «Мінезімнің бары рас. Бірақ көзім шегір емес қой. Мен өзімді әдемі жігітпін деп санап жүрсем... Қыздар адамды енді осылай ұялтады ғой», – деп, әдемі әзілімен сұхбатымызды ажарландырып сала берген еді (Бүгінде суретіне қарап отырсам, ағаның көзі ешқандай да шегір емес екен қой. Парасаттылық пен мейірім тұнған ақын жанары...). Осыдан кейін аға ашылып сала берді. Қанша уақыт отырғанымыз есімде жоқ, менің де сұрақтарым таусылатын емес, ол кісі де еркін көсілуде. Әлден уақытта сыртқа темекі шегіп келуге шығып кетті. Сол кезде бағанадан бері аяғының сыбдырын да естіртпей, сырттай бізге жағдай жасап жүрген Мархабат жеңгей бөлмеге кіріп: «Ағаң ашылды-ау деймін. Ұзақ сұхбаттастыңдар ғой. Екі сағаттан асты отырғандарыңа», – деді. Аға үйге кірген соң, алдымен кітапқұмар кез келген адамның көзін шырадай жандыратын бай кітапханасын көрсетті. Өзінің әдеби зерттеу жұмыстарына қатысты қолда кездесе бермейтін құнды еңбектерді де таныстырып жатыр (Марфуға сіңлім ағаның бай кітапханасына бір бейнеролигін арнаған да). Маған сол арада өзінің сүйікті ақыны Сергей Есениннің өлеңдер, поэмалар, мақалалар топтастырылған қалың жинағын сыйға тартты. Сосын сұхбатымызды одан әрі жалғастырып, кабинеттен кешкісін бір-ақ шықтық. Жеңгей дастарқан жайып, ас әзірлеп қойған екен. Дәмді сорпаны ішіп алып, үйге қайтпақ болдым. Аға: «Машинам жоқ енді, бірақ аялдамаға дейін шығарып салайын», – деп, үйден ілесе шықты. Аялдамада сөйлесіп тұрмыз. Небары екі-ақ апта істесе де, редакциядағы қарындастарын ұмытпапты. Бәрін жеке-жеке сұрап жатыр. Арасында күліп тұрып менен «Қашан күйеуге шығасың?» деп сұрауды да ұмытқан жоқ. Сосын байсалдылықпен «Қыз балаға жалғыздық деген қиын ғой. «Жұмыс» деп жүре берме енді. Сендей ақылды қызға өз теңін табу да оңай емес. Ағаң ретінде шын тілекшімін», – деп қамқорлығын танытқан еді. Содан «Аға, үйіңізге қайта беріңіз. Қорықпаймын» деген сөзімді тыңдамай, автобус келгенше жанымда болды. «Болсайшы ағалардың бәрі осындай!». Сол сұхбатымыз көп ұзамай «Жұлдыздар отбасы» журналына «Ар-намысыма тиген адаммен дуэльге шығуға дайынмын» деген тақырыппен шықты. Аға өзі қоңырау шалып, тағы да рақметін айтты. «Сұхбатымыз жақсы шыққан екен. Біраз адам хабарласып үлгерді. Әсіресе тақырыбы бәрін шулатып жатыр. Рақмет, қарындасым! Жоғалып кетпе! Хабарласып, әңгімеңді айтып тұр. Үйге кел! Мен болмасам да, үйде Мархабат жеңгең болады», – деп ағынан жарылған еді. Одан кейін бір-екі рет телефонмен сауалнама сұрақтарына жауап алдым. Бар болғаны осы. Сосын, біраз уақыттан соң, ағаны ортамыздан жоғалтып алдық... Өткен жылы жас ақын Жақсылық Ырысбаймен бір сөйлескенімде марқұм Әмірхан аға жайлы сөз қозғадым. Сонда ол: «Сіз ол кісіден сұхбат алмап па едіңіз? Журналға «Ар-намысыма тиген адаммен дуэльге шығуға дайынмын» деген тақырыппен шығып еді ғой. Аға сол сұхбатына өте риза болып, қуанып, бізге – ақын інілеріне «жуып» та берген», – деген еді. Осы сөзден кейін ғұмыр жасы қысқа болған жақсы ағаны көзі тірісінде титтей ісіммен болса да бір қуанта алғаным үшін жеңілейіп сала бердім... Рас, аға туралы естелігім шағын ғана, алайда ол кісіге деген құрметім шексіз. Жалған айтқаным емес, аға есіме жиі түседі. Өкініш жүрегімді тілгілеп өтеді. «Өте жақсы адам еді ғой...» деп күрсініп аламын да, «Жатқан жері жайлы болсын! Біліп істеген, білмей істеген күнәларын Алла кешірсін!» деп дұға етемін. Қайран жақсы аға! Мен сізді ешқашан ұмытпаймын... Сейтмагамбетова Мадина Фейсбук парақшасы 21 қараша 2016 жыл