Ұлттық мүддені діттейтін еңбек
2016 ж. 09 қараша
2923
8
Алматыда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде танымал саясаткер, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы, парламенттік фракция жетекшісі Азат Перуашевтың «Полемикалық экономика» аталатын кітабының тұсаукесері өтті.
Саясатқа кәсіпкерліктен келген Азат Тұрлыбекұлы – либералдық және нарықтық бағыттағы тосын да жарқын көзқарасымен жарқ етіп көрінген тұлғалардың бірі. Әмбе ол өзінің әрбір байламын соқырға таяқ ұстатқандай көкейге қондырып беретін шешімділігімен, өткірлігімен ерекшеленген қайраткер.
Аталмыш еңбектен де биік елдік мақсаттар бағытында қашанда болсын орақ ауыз, от тілділігімен танылған кітап авторының алғырлығы мен батылдығы байқалады. Ең алдымен нарықтық реформалар мен жеке кәсіпкерлікті қорғау мәселелері назарға алынған дүниедегі ойлардың бәрі ел Тәуелсіздігін нығайтып, демократиялық институттар арқылы ұлттық мүддені алға шығаруға діттелетіні айқын аңғарылып тұр.
Негізінен, философия және саясаттану, экономика, тарих, заң факультеттерінің студенттері қатысқан тұсаукесер рәсімінде тарих ғылымының докторы Мәлік Ауған, философия факультетінің профессоры Гүлжиһан Нұрышева, Экономика және бизнес жоғарғы мектебінің 1 курс докторанты Асқар Әскеров сынды көптеген шешендер сөз сөйлеп, жаңа кітап туралы жүрекжарды лебіздерін айтты. Мәселен:
– «Полемикалық экономика» кітабымен мұқият танысып шықтым. Сонда «Ақ жол» секілді осындай іргелі партияны басқару үшін, ел жағдайын жақсы білу үшін үлкен маман, ірі ғалым болу керек шығар деген ой келді. Міне, осындай жоғары үдеден шығып жүрген Азат Тұрлыбекұлы кезекті еңбегінде біздің жас мемлекетіміздің экономикасы туралы іргелі ойлар айтады. Еске түсетін жәйт, сонау 1990 жылдары елімізде көптеген көшбасшы серкелер жасағаны мәлім. Олардың көбі қазір арамызда жоқ. Тірі болғанымен, саясат сахнасынан кеткендері де бар. Бүгінде көзден тайған соң көңілден де ұмытыла бастаған сол ұлт қайраткерлерінің еңбектері ескеріле бермейді. Өкінішке қарай, қазір Мұхтар Шаханов сынды бірен-саран ағаларымыз болмаса, халық сөзін батыл айтып жүрген тұлғалар мүлде азайып кетті. Тіпті, олар жоқтың қасы десе артық емес. Мен Азат Тұрлыбекұлын сол қастерлілер қатарына қосар едім. Бұл тұрғыда оның білімділігін, батырлығын баса айтқым келеді. Қазақтың «Заманың түлкі болса тазы боп шал» дегеніндей, Азекең ел дәулетін еселеп, туған халқының әлеуметтік деңгейін көтеру ісінде алымды да шалымды әрекеттерімен көпшілік құрметіне бөленгені анық. Жаңа ғана ерінбей санап шықтым, мына кітапта екі жүз төрт мақала бар екен. Және бәрі де өте тыңғылықты, терең де тың оймен жазылғаны көрінеді. Мұнда қазақтың мемлекеттігі мәселесіне зор көңіл бөлінген. Сондай-ақ, кітаптың атына сай, экономикаға баса назар аударылады, ұлттық құндылықтарға жіті мән беріледі. Біз тәуелсіз еліміздің жиырма бес жылы ішінде біресе Ресейдің, біресе Малайзияның, біресе Американың даму үлгілеріне жүгініп келіппіз. Енді Қытайдыкін аламыз ба? Бұлардың бәрінің жолдары бөлек-бөлек қой; біздің мүмкіндіктерге сәйкесе ме? Біздің реформалар неліктен жақсы жүрмей жатыр? Дағдарыстан қалай шығамыз? Міне, бұл кітапта осы бір келелі сауалдарға қатысты талай пікірлер қозғалған. Автор елді тұздай тоздырған сыбайласқан жемқорлық жәйттері туралы да нақты деректер келтіреді. Айталық, бертінге дейін қазына қоржынынан 136 млрд. доллар көлеміндегі қаражат сыртқа кетіпті. Ал басқа елдерде осындай келеңсіздікке жол берілер ме еді?.. Қысқасы, «Полемикалық экономика» студенттерге ғана емес, экономистерге, саясаттанушыларға, сондай-ақ жаңа заманғы Қазақ елінің мемлекеттік және экономикалық құрылысы мәселелеріне салғырт қарай алмайтын жалпы халыққа қажетті, құнды дүние, – деді өз кезегінде тарих факультетінің профессоры Аманжол Қалыш.
Біздіңше, бұл – аталған еңбекке берілген лайықты баға.
Азат Перуашев сөз кезегінде Ахмет Байтұрсынұлының: «Басқалардан кем қалмау үшін біздің бай, білімді, әрі күшті болуымыз керек» деген уәжін еске ала келе, «бай болу үшін кәсіппен айналысқан жөн. Білімді болу үшін оқуымыз қажет. Ал күштілікке бірлік арқылы жетеміз» деді.
Сондай-ақ тартымды, пайдалы шарада кеш иесі жиналған қауымның түрлі сұрақтарына тұщымды жауап берді.
Өз тілшімізден.
qazaquni.kz