Талғат Теменов: Мәңгүрттік, Павлик Морозовшылық әлі күнге етегімізден қалар емес
2016 ж. 03 қараша
8762
7
«Қолда бар алтынның қадірі жоқ » деген- ау... Қайран Әбекем! Қайран Әбіш ағам- ау... Күні кеше сен кеткенде қалың елің қазағың- қабырғасы қайрылып, соңғы сапарға шығарып салғанына да жылдың жүзі боп қапты- ай... Әттең... Ертерек кетті... Тым ертерек сияқты... Әбекеңдей алыптың, Әбіштей әулиенің тұра тұрғаны, ортамызда жүре бергені тек отбасы, дос- жаран, туған- туысы ғана үшін емес қаймана қазаққа керек еді... Бірақ уақыт өткен сайын Әбекең Ұлыланып бара жатқандай. Таудың биіктігін етегінде тұрғанда бағалап- байыптамайтын сияқты... Әбеңді елі енді іздеуге шыққан секілді... Шүкір, Әбекеңді сағынатындар, іздейтіндер көп- ақ... Тағы- да сол Кекілбаев әлеміне шомылғысы келеді. Оның шығармаларындағы ұлттық ою, қазақи менталитет, терең философиясы туған халқының рухани азығы болары даусыз...Күні ертең Маңғыстауда Ә. Кекілбаев творчествосына арналған театр фестивалі өтеді. Болып жатқан еске алу күндері, конференциялар да баршылық. Шүкір...Иә,шүкір демеске лаж жоқ. Аллаға да Әбекеңдей Ұлылар керек болған шығар. Осындайда егер Әбіш ағадай арда азаматтар болмаса біздің әдебиетіміз, руханиятымыз әлдеқайда жүдеу болар ма еді... деймін іштен. Өйткені Әбекең жазушылық дарыны бір басқа, қоғам қайраткері ретінде де бітіргені ұшан- теңіз емес пе...? Елбасымен бірге жас мемлекетіміздің қалыптасуына адал еңбек етті- ау. Иә, Әбіш Кекілбаев біздің әдебиетіміз, мәдениетіміз, руханиятымызға, адами болмысымыздың мысқалдай болса да тазаруына ақыл- парасатын, күш- жігерін сарп еткен тарланбоз болатын.
Сондықтан да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Әбекеңе Еңбек Ерін берген. Өз қолымен «Алтын Жұлдызды » төсіне таққан... Бұл сый- сияпат тек Әбішке ғана арналған емес, қазақ әдебиетіне деген үлкен құрмет- ті, және бұған қуанбағандар некен- саяқ еді... Осындай сәтте Әбекең толқып тұрып, тебіреніп тұрып, қуанып тұрып Елбасының қолын маңдайына басқан... Жалпы үлкен адамның, көптен көрмеген туысының, болмаса Патшаның қолын сүйіп, маңдайына басу ежелгі көне дәстүр. Бұл сыйластық әлі күнге Европа қазақтарында Ауған, Пакистан, Түркия, Иран елдерінде, жалпы шығыс халқында бар дәстүр... Ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан этикет.
Бірақ сол кездегі «пысықтар» , дұрысы «пысақайлар», баспасөз бітіндегі бытыраш- қотыраштар Әбекеңді кеп сынасын... Не жазбады дейсің...? Аяқ астынан Әбіштен жау жасады. Бейшара Саддам Хусейн мен Каддафиден де ары жамандап жерден алып жерге салды... Құдды «халық жауын» тапқандай сан жаққа жүгіртті.... Масқара! Әу, ағайын! Сондағы Кекілбаевтің бар
«кінәсі» толқып тұрғанда Елбасының қолын сүіп, саңдайына тәу еткені ме?. Соншама сөгетіндей Әбекең не істеп еді? Иә, мұны жазғандар да, жаздырғыштар да талантты көре алмайтын қызғаншақ пысықтар болатын. Ұлы Моцарттың дарынына ішқұса болған Сальери секілді біздің ергежейлілер еді. Бірақ сол жалған «патриоттардың » жүзі, мыңы жабылып істей алмаған Әбең бір шығармасы арқылы ғана жасағанын қазақ халқы білмейді ме? Жоқ халық біледі. Бәрін ұғады...
Иә, бұл Әбіштің басына тек қуаныш қана емес, өсек пен күндестіктің қара бұлты үйрілген кезі болды... Және соған қатты күйзелгенін мен өз көзіммен көргем. Кім білсін Әбекеңнің сәбидей ақ жүрегін, дархан көңіліне әлгі «Сальерилердің» атқан оқтары шемен боп қадалып, жан жүрегін сыздауықтай ауыртқан шығар.
Менің айтпағым бүгінде интернетті пайдаланып, әлеуметтік желілер арқылы, жатып үрер жаман иттей «пысықтар» кезеңі басталған сияқты. Ғасырдан ғасырға,атадан балаға, анадан қызына ұласып келген инабаттылық, кісілік, кішілік, тәрбиелік, әдеп сақтау деген ұғымдар көктемгі ала қардай азайып барады. Сол өкінішті... Яғни біздің генофондымыз сырқатқа шалдықты деген сөз.
Өткен ғасырдың 30- шы жылдарында Павлик Морозов деген пионер болған, жай ғана пионер емес- идеал болды. Ол туралы өлең де, дастан да, повесть, мақалаларда мыңдап- мыңдап жазылды. Ұлы Павлик жайлы үлкен үлкен музыкалық шығармалар жазылып, кинофильмдер де түсірілді. Сол идеал, сол көсем кім болатын ? Ол 70 жыл бойы миллиондаған халықты езген коммунистердің қолшоқпары еді. Туған әкесін өз қолымен большевиктерге ұстап беріп, соттатқан пақыр еді... Ананы құрметтеу, әкені құрметтеу ұстазды құрметтеу адамзаттың бәріне ортақ қасиет. Өзін өмірге әкелген әкесін «идея» үшін құрбан еткен құмалақ еді ол. Ақыры соның өзін ата- әжесі, ағалары өлтірді. Орманның ішіне апарып қойдай бауыздаған . Қазақ мұны «итке ит өлім» болмаса «шіріген жұмыртқа» деген.
Иә... бүгінде ең масқарасы осындай «жұмыртқалар» көбейіп барады. Интернетте әнеукүні бір қыз мәдениет министрі туралы бір шатпағын жариялапты. Оқып отырып «айналайын- ау» дедім іштей. «Егерде сен сондай таза қыз болсаң, 5-6 жылдан бері қайда жүргенсің?» . «Оянуың» неге кеш болды?
Әлде төрт жыл бойы құса боп ауырып, қолың дірілдеп қалам ұстауға шамаң жетпеді ме? Батырлығың неге баяу жетілді? Неге? Бұл сұраққа сен емес, мен де жауап бере алмай отырмын... «Иә, айналайын, екі ортада ел- жұртқа өзің таба болдың- ау...» Ең сорақысы ертең сен де бір үйге келін боп түсіп, жар атанасың...Сонда болашақ ата- енең бұған қалай қарайды? Бес- алты жыл өтіп бала тауып алған соң олардың төбесіне шай қайнатпасыңа кім кепіл? Егер тіпті де ректор арыңа тисе неге оқуға түсіп алған соң шырылдамадың? Медальдің екінші жағы болатынындай сенің оқуыңды бітіріп, диплом алғаныңша «жуас» боп, енді «батыр» болғаныңды қалай түсінеміз? Меніңше мұның артында басқа «кейіпкерлер» тұрған сияқты. Иә... солар... Осы бейшара баланы пайдаланған роликтің «режиссерлары» ол қыздың ертеңін неге ойламаған? Енді Еңлік қай театрға барып еңбек етеді?... «Шын өнер бықсық ойдан тумайды, саф таза ойдан туады» деген Абайдың сөзін қайда қоямыз? Құдай бұйырса ертең- ақ бағың жанып, тұрмысқа шығып той болып жатқанда «Бұл кімнің тойы? » дегенде, « баяғы министрге арыз жазған қыздың тойы » демесіне кім кепіл? «Қызға кырық үйден тыйым » деген рас- ау. Халқымызда «малым жанымның садағасы , жаным арымның садағасы »деген мақал бар еді ғой. «Өзі ұялмаған кісі бетін шиедей қылады» демекші осы қыздың «ролигі » бүткіл елге ұят болды... Бұл ненің көрінісі? Бұл тәрбиенің жоқтығы. Екінші- көрінгеннің сөзіне құлақ асқандық. Үшінші- осы интернет деген пәле. Қалай да елге танымал болу... «Атың шықпаса жер өрте» деушілік. «Мешкей деген жақсы ат емес». Ат шығарып, атақты болғанмен абыройды қайда қоямыз? Айналайын, егер он екіде бір гүлі ашылмаған қыз сендей болса, онда өзгеге не дерсің? Сонда ертеңгі біздің Домалақ аналарымыз, Зере әжелеріміз сендерсіңдер ме? Неге? Неге ұрпағымыз осылай боп барады дейсің осындайда амалсыз. Ана бір жылы орыстың үлкен жазушысы Андрей Битовтың бір мақаласын «Литеретурная газетадан» оқып ем... Онда ол кетчуп жайлы жазыпты... Иә...иә кәдімгі тамаққа қосатын кетчуп туралы... Оның шығу тарихында қызық. Кетчупты алғаш қытайлар ойлап тапқан. Сосын оны ХVII– ғасырда британдықтар Европаға алып келген деседі. Үлкен кемелермен жырақ сапарға шыққан теңізшілер оны тастамайды. Ол кезде тоңазытқыш жоқ. Бір жеті, он күннен соң алып шыққан қандайда ет болсын бұзылып иістенеді. Сол кезде моряктарға иістенген етке осы кетчупты қосқан көрінеді.
Иә, кетчуп солай... Оның өзін жей алмайсың. Өйткені ол тамақ емес, тек тамақтың дәмін келтіретін соус. Ал, бүгінде сол «кетчуптар» көбейген уақыт болды. Не киноға түспеген, не сахнада ойнамаған, болмаса сценарий жазып, өлең шығармаған, музыка жазып сазгер атанбағандар бүгінде көгілдір экраннан түспейді. Интернет, феисбук, инстаграмнан қалмайды. Әйтеуір аты шықса болды. Осындайда Андрей Тарковскийдің «около киношная девица»
деген сөзі еске түседі. Білген жанға, түсінген адамға қандай ауыр сөз. Иә, бүгінде сол «около киношный, около театральный » қыз- жігіттер көбейді. Около деген сөз маңайында деген ұғым. Бүгінде сол өнердің өз ауылында емес, сол маңайындағылардың мөңіреген заманы болды.
Иә, қарғам... қазақта сөз бар «қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айтпайды» деген. Министрдің саған не дегенін білмеймін, оған әзірге дәлелің де шамалы. Менің білетінім Арыстанбек мырза - осы өнер деп шырылдап жүрген азамат. Басқасын былай қойғанда бүткіл шығармашылық оқу орындарын Мәдениет министрінің қарамағына алуы оның үлкен ерлігі.
Адамзаттың алыбы деп атаған ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов Мәңгүрт жайлы жазғаны көпшілікке аян, онда Мәңгүрт туған анасын Найман ананы өлтіргені жайлы... Байқасаңыз осы Мәңгүрттік, Павлик Морозовшылық әлі күнге етегімізден қалар емес.
Иә, Абайды сабаған өзіміз, Махамбеттің басын шапқан да сол өзіміз... Кешегі Сәкен, Мағжандарды ұстап берген де біз... Тіпті Мұқағалиды партиядан шығарып, оны қаңғыртқан да тағы да біз...
Әбіштен бастап ем... Әбішке қайта келейін... Кешір қайран Әбекем... Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Сені зар қақтырғанда, өз қандастарың. Соңғы «атылған» сен емес... Енді бүгін Арыстанды өлтірейік деп жүрміз... Айып етпе ағайын.
Тағы айтарым «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» демекші, ана қыздың артындағы «откөсеушілер» қарындастың арын ойлаңдар дегім келеді. Өйткені қазақта ар-абырой қашанда жоғары. Оны көздің қарашығындай сақтау керек. Тағы да амалсыз Абай еріксіз еске түседі.
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,
Қорқамын кейінгі жас балалардан...»
Хакім Абай қандай әулие едің...
Талғат ТЕМЕНОВ,
ҚР халық артисі, профессор
Материалды көшіріп басу үшін qazaquni.kz порталына міндетті түрде гиперсілтеме жасауыңыз қажет.