Жақсылық Досқалиев: Түрмеде жатсам осы күнге дейін өліп кетер едім
2016 ж. 03 қараша
4001
1
Бірнеше жыл бұрын жеті жылға сотталған экс-министр бүгінде операциялық үстел жанына қайта оралды, деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
Мемлекет басшысының араласуымен босатылған дәрігер күн сайын адам өміріне араша түсіп, өзінің сүйікті ісімен айналысуда.
Қазір Жақсылық Досқалиев өзін бостандыққа шығаруға ықпал еткен елбасына іштей рахметін айтып жүреді екен.
«Бәлкім мен «ана жақта» жатсам, осы күнге дейін өліп кетер ме едім. Қазір күн-түні елбасына алғыс айтамын, іштей. Менің өтінішімді қарауға уақыт тауып, үлкен жүрекпен келді. Тек қана мен емес, бесіктегі баламыздан бастап бүкіл туған-туыстарым, жақындарым, бәріміз қазір сол кісінің тілеуін тілейміз», - дейді өз сөзінде дәрігер.
Сөз арасында Жақсылық Досқалиев операцияны сегіз саусағымен жасайтынын айтып қалды. Естеріңізде болса, ол «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген күдікпен қылмыстық іс бойынша тергеу кезінде инсульт алған еді.
«Мен қазір екінші топтағы мүгедекпін. Бірақ мүгедекпін деп өзімді аяп отыра алмаймын. Әрине, әріптестеріме алғыс айтамын. Менің аяққа тұрып кетуіме күш-қажырларын аямады. Қазір екі саусағым нашарлау, бірақ сегіз саусақтың өзі операцияға жетіп жатыр. Сол аяғымды сылтып басамын. Спринтерлік жүгіруге бармаймын. Бірақ күнбе-күн әріптестерімді үйретуге, нан тауып жеуге денсаулығым жетеді», - дейді дәрігер хирург.
Экс-министр жоғары лауазымда отырған уақытта әріптес болған атқамінер азаматтармен әлі күнге араласып тұратынын жеткізді.
«Барлығымен араласып тұрамын, депутаттармен де, үкімет мүшелерімен де, барлығымен. Мен олармен неге араласпауым керек? Біреудің әкесін, біреудің шешесін өлтірген жоқпын. Мен ештеңе ұрлаған жоқпын. Өзімді қылмыскермін деп санамаймын. Өйткені мен оны жасаған жоқпын», - деді экс-министр.
Сондай-ақ, экс-шенеунік, ешкімге өкпелемейтінін мәлімдеді.
Ол бұрынғы лауазымды қызметінен ешқандай рахат көрмегенін жеткізді.
«Былайғы халық министр болған рахат деп ойлайтын шығар. Ешқандай да рахатын көрмедім. Ашығын айтқанда, министрдің қызметінде жүйке тоздырудан басқа ештеңе жоқ. Өйткен, министр болсаң, бәріне сен кінәлісің, айдаладағы медбике науқасты қабақ шытып қарсы алса, таяқ саған тиеді. Күнде таяқтың астында болған оңай емес», - дейді Жақсылық Досқалиев.
Дәрігер мырзаның балалары елде абыроймен қызмет жасап жатыр екен.
«Ұлым – нейрохирург, Жапонияда бес жыл оқып келіп, Нейрохирургия орталығында жұмыс істеп жатыр. Қызым – нотариус. Төрт немерем бар», - деп шүкіршілік етеді Жақсылық Досқалиев.
Дәрігер-хирург Қазақстандағы трансплантация мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, елімізде маман тапшы емес, дәрігерлер жеткілікті. Трансплантация жасауға тек донор тапшылығы сезіледі.