Сұлтанәлі Балғабаев: Лауазымды шенеуніктердің кейбірі Қазақстанның болашағына сенбейді
2016 ж. 27 қазан
3073
3
Біздің айтқанымызға біреу құлақ асса, енді бірі шал-шауқанның мылжыңы деп қолын бір-ақ сілтеуі мүмкін. Ішінде бәрі сайрап тұрса да, қолында билік болмаған соң ақын-жазушыдан не қайран? Ең алдымен, үкіметтің нақты талабы, идеологиясы болуы керек. Мемлекеттің түбіне жететін тағы бір фактор бар. Ол – баспасөзді қадірлемеу, онда айтылған дүниелерге құлақ аспау. Дүние жүзінің кез келген елін алып қараңызшы, министр немесе әкімі баспасөзде сынға ұшыраса, ол ел алдында абыройдан жұрдай болады. Өзін ақтап алу үшін талай тер төгуіне тура келеді. Тіпті, газеттегі сын үшін отставкаға кеткен шетелдік шенеуніктерді де білеміз. Ал біздің баспасөзіміз қазір қоғамдық резонанс тудырмақ түгілі, оқылудан қалған. Бұрынғыдай газетте жазылғанды жаппай талқылау жоқ. 1989 жылы «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Еншіміз бөлінбеген ел едік» деген мақаламнан кейін көтерілген шу өз еліміздің шекарасынан асып, Өзбекстанның Орталық партия комитетіне дейін жеткен еді. Бүгін «пәленше түген дейтін мақала жазыпты» деген әңгіме құлаққа шалына бермейді.
Баспасөзін көзге ілмейтін, оның сөзіне зер салмайтын біздің ел ғана. Мұның салдары журналист пен басылым үшін емес, ең әуелі, мемлекеттің өзі үшін ауыр болмақ. Баласын қоқысқа тастау, бүлдіршінге зорлық-зомбылық көрсету, жақынын азаптап өлтіру секілді азғындық, қатыгездік пен арсыздық идеологиясы әлсіз елде етек жаяды.
Лауазымы жоғарылардың кейбірі Қазақстанның болашағына сенбейді. Байқайсыз ба, құрығы ұзындар әйелі екіқабат болса, босанатын уақыты жақындағанда шетелге жібереді. Баласы қай елде дүниеге келсе, сол елдің азаматтығын алады. Демек, олар Қазақстанның келешегі күмәнді деп ойлайды. Қалтада ақшасы, қолында билігі барда, ұрпағын болашағы бар елге орнықтырғысы келеді.
Сұлтанәлі Балғабаев,
Дереккөз: "Түркістан" газеті