Ұлттық брендіміз - Басковтің бейнесі болып шықпасын
2016 ж. 23 қазан
2310
0
Қазақтың құндылығын төрткүл дүниеге танытуы тиіс ұлттық бренд әлі таңдалмай жатып, оған ұсынылған көптеген нұсқалар жұрттың ашуын тудырды. Өйткені бүкілхалықтық дауысқа түскен суреттердің арасында «елдің белгісі» ретінде қоқиқаздан бастап, алкогольдік сусындарға дейін жүр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады. Іріктелген логотиптердің арасында тіпті Ресей әншісі Николай Басковтың да бейнесі бар. Идеясы тәп-тәуір ұлттық бренд байқауын оған қатысушылар осылайша ту-талақай етуде.
Артем Калюжныйдің ұлттық брендке байқау жарияланғалы бері ішкен асы бойына батпай жүр екен. Дизайнерге әсіресе қызыл арақ пен кілең бас киімдердің бейнелері жақпай қалған.
Артем Калюжный, дизайнер:
-Байқаудың маңызын көбі түсінбеген. Мәселен, Голландия ірімшігі және қызғалдағымен танымал болып жатыр. Ал мынау байқауды түсінбегендер балалар сайысына ұқсатып жіберген. Ешқандай арнайы білімі жоқ адамдар «бренд» деп ойына келгенін салады.
Байқауға қабылдау негізі алты күн бұрын аяқталған. Ал бас жүлде – 5 миллион теңге. Сондықтан болар мыңға жуық өтініш келіп түсіпті. Ұйымдастырушылар «Ұлттық брендке» лайықты деген үміткерлердің суреттерін бүкілхалықтық дауысқа салып та қойған. Бірақ онысы қып-қызыл дауға қалып жатыр. Мәселен, мына қанатты адамды желі қолданушылары Ресей әншісі Басковқа ұқсатыпты. Қоқиқаздың суреті де түсінбеушілік тудырған. Десе де, үлкен жанжалға себепкер суреттер едәуір дауыс жинап үлгерген. Байқауға қатысушылар да бұлардан еш әбестік көрмейді.
Александра Осипова, байқауға қатысушы:
-Баланың салған суретіне ұқсағанымен, бұл біздің азаматтардың ойы. Қолынан келгенше жеткізуге тырысқан деп ойлаймын, сын айтпай қайта санасу қажет. Арасында мықтылар да жоқ емес.
Қазақтың брендін анықтауды қолға алған Ақпарат министрлігі де мін іздегендерге жауап қайтарды. Айтуларынша, ұлттық логотипті бүкіл халық боп таңдағанымен, жеңімпазды бәрібір сарапшылар іріктейді екен.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
-Егер халықтың өзі таңдамағанда сынның астында қалар едік. Сол себепті елмен есептесіп, дауысқа салдық. Бүкілхалықтық байқау жарияладық. Әрине, мұнымен бәрі бітпек емес, байқаудың үшінші кезеңінде «ұлттық брендті» нағыз мамандар таңдайтын болады.
Алматының жаңа логотипі де жұрттың арасында дау тудырған болатын. Біреулер оны жапырақ десе, енді бірі – кір жуатын ұнтаққа ұқсатты. Мұнда да дауыс берушілер қақ бөлінген. Мәселен, домбыра ұстаған қазақ қызы, жүрек ішіне сыйған қазақ оюы көпшілікке ұнапты. Қалай болғанда да, таңдалған таңба болашақта мемлекеттің символына айналмақ.