Мемлекеттік сыйлық иегерлері анықталды (ФОТО)
2016 ж. 21 қазан
3694
1
Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап, ҚазАқпараттың хабарлауынша, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті.
Отандық шығармашыл зиялы қауым өкілдерінен құрылған комиссия мүшелері Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының іріктеліп алынған шығармалардың үш ай мерзім ішіндегі талқылану барысы жөніндегі ақпаратын тыңдап, еркін пікір алмасты.
Елбасы қарауына ұсынылатын 2016 жылғы Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығы лауреаттығына үміткерлерді комиссия жасырын дауыс беру арқылы анықтады. Мемлекеттік сыйлық лауреаттарын марапаттау рәсімі дәстүр бойынша Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді.
Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық әдебиет пен өнер қайраткерлерінің қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін жоғары бағалау болып саналады. Бұл сыйлық Қазақстан Республикасы азаматтарына отандық мәдениетті дамытуға қосылған қомақты үлес ретінде танылған аса үздік шығармалар үшін беріледі.
Әзірге бізге белгілісі биылғы Мемлекеттік сыйлықты әдебиеттен белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлына берілді. Кинодан "Құнанбай" көркем фильмімен Досхан Жолжақсынов, Айдос Бектеміров т.б. авторлар тобы алды. "Сонымен бірге "Қазақ елі" монументтік ескерткіш авторлары да мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Маңдайы жарқыраған марғасқаларды зор табыстарымен құттықтаймыз!
qazaquni.kz